Бәсекенің болуы жазылмаған заңдылық. Бұл жетістікке жетуге негіз, алға ұмтылуға жігер болғанмен, ұғымды ұсақтап алғандар да жоқ емес. Жеңілісті – «жеңіл іс» деп түсініп, шалыс басса шамданатыны содан. Мұндай типтегі адамның нәтижені ойлап, қиындықты көтере алмай қалатынын көбі айтады. Дағдарыс болса депрессияға ұшырап, сенімнен айрылса стресспен серік болады. Мұның бәрі үздік студент синдромының салдары.

– Бұл синдром көбінесе балалық шақта пайда болады. Егер ата-ана  баланың беске оқуын талап етсе, ересек өмірде нәтижеге құмар, басқалардың пікіріне тәуелді болмақ. Мұндай адамдардың өзін-өзі бағалауы төмен, әрқашан өз-өзіне үңіледі, олар жаңадан, бейтаныс нәрселерден қорқады. Өйткені қателесуге құқық бермейді. «Үздік студент» өзін қинап қана қоймайды, сонымен бірге жақындарын да шексіз уайым-қайғымен әуре-сарсаңға салады. Бұл жерде оны шектен шығармау, өзіңізді қайта тәрбиелеу маңызды, –  дейді психолог О.Митягина.

Үздік оқушы синдромы – маңызды нәтижелерге қол жеткізуге және басқалардың ризашылығына ие болуға бейімділікпен сипатталатын психологиялық ерекшеліктері жиынтығы. Балаларда оқу-тәрбие жұмысында немесе шығармашылық қызметте, спортта, ересектерде күнделікті өмірде, отбасылық қарым-қатынаста, кәсіби қызметте кездеседі. Мадақтау қажеттілігі, мақұлдау алу, қиын міндеттер қою және оларды шешу үшін барынша күш салу, өз қалауы мен мүдделеріне жеткіліксіз назар аудару синдромның айқын белгісіне жатады.

Иә, өзін мойындату үшін өлермен күй кешіп, құр сүлдесі қалғанша қарбаласқа түсу жағдайды қиындатады. Мақтанға масаттанып үйренген соң, кішігірім сәтсіздікке сыну соған дәлел. Қатаң қағидаға байланып, басқаның жоғары бағасына тәуелді болудың ақыры тығырыққа тірейтіні сөзсіз. Бәрін мінсіз орындауға бекіну де мәселе туындататынын мамандар да дабыл қағып айтуда. 

– Бұл синдром немесе перфекционизм –  бәрін мінсіз орындауға, өмірдің барлық салаларында табысқа жетуге және басқалардан жоғары баға алуға деген ұмтылыс. «Мен бәрін мінсіз орындасам ғана махаббат пен жақсы қарым-қатынасқа лайықпын» деген көзқарас кейінге қалдырылады. Ал барлығын өзіңіз қалағандай істемеу немесе күш-жігер елеусіз қалса, ішкі жанжал туындайды.

Перфекционист бала тіпті кішігірім сәтсіздіктерге өте сезімтал болады. Табыс пен жетістікке ұмтылу ол үшін депрессияға айналуы мүмкін. Өйткені әрқашан үздік болу физикалық және психикалық тұрғыдан қиын. Мұндай балалар балалық стихиялығын және жақсылыққа қуану қабілетін жоғалтады. Сондай-ақ құрбы-құрдасымен қарым-қатынаста қиындықтар кездеседі, – дейді.

Тіпті өзгенің бағы басым болып, табысы артса қабылдай алмайды. Тек өзінен төмен болғанынан тыным тауып, көңілі орнына түсетін көрінеді. Салыстыру арқылы өзін жегідей жеп, жүйкесі жүндей түтіледі. Ал мұның денсаулыққа қаншалықты зардабы бары айтпаса да түсінікті. Әлбетте, күншілдік пен күңкілді көбейту дұрыс емес. Жатып-ішер жалқаулық жөн еместігін алға тартып ақтасақ та, нәтиже мен жеңістің соңы «менмендікпен» аяқталса қисынға келмес. Сондықтан синдром себебін анықтап, дер кезінде күресу тиімді болмақ.

Бірінші қадам – қорқыныштан арылу. Студент синдромы бар көптеген адамдар әрекеті сәтсіз болады деп алаңдайды. Алайда мұндай ой қате. Кез келген әрекет, ең алдымен, адамның өзін-өзі табуға көмектесетін, дамуға ықпал ететін тәжірибе екенін ұғыну керек.

Тәжірибеден қорқудың қажеті жоқ. Өйткені, өмірдің мәні осы. Жалпы, синдромнан құтылудың ең жақсы жолы –  жүрегіңізді «есту» қабілеті. Бала кезінде «үздік студент» ата-анасын тыңдады, ал ересек адам өзін тыңдауды үйренетін уақыт келді. Бұл жақын адамдар туралы ұмыту немесе олардың пікірін тыңдамау дегенге келеді. Бұл соңғы шешімді өз бетінше қабылдау керек дегенге келеді. Басқа адамдардың ережесінің құрбанына айналудың қажеті жоқ.

Бүгінде жас буын өрлеу мен өсуге бейім. Тіленші болмай тілегіне жету үшін бағытын айқындап алған. Айтарымыз, өзгемен жарыспай-ақ әдемі жол қалыптастырып, асқақ арманға қол жеткізуге болады. Тек дамуды тежемей, ішкі комплекстен арылсаңыз болғаны.

Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!