Сыр елінде Қызылорда және Алматы облысы ақындарының «Адал еңбек – ел ырысы» атты республикалық командалық айтысы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ақындар, зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жыр додасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтай жүргізді. Командалық айтыста елімізге белгілі 20 ақын «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай еңбек құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған өнер додасында айтыскерлер түре, сүре, қайым және қыз бен жігіт айтысы бойынша, жыр, терме, дәстүрлі ән және күй жанрларында сынға түсті.

Аламан айтысқа ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы, қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман, дәстүрлі әнші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі Серік Құсанбаев, ақын, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, Мәдениет саласының үздігі Мырзабек Құдайберлі, күйші, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, Мәдениет қайраткері Мұрат Әбуғазы, жыршы, термеші, ұстаз, Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков қазылық етті.

Түре айтыста алматылық Жәмәли Айбын мен қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан сөз бәсекесін қыздырды.

Дәстүрлі ән жанрында Бейсенбек Төлеубай мен Ұлжан Ағлақова әуелете ән шырқаса, термешілер Ербақ Құрметжанұлы мен Күнсұлу Түрікпен текті өнердің төресін танытты.

Қайым айтыста Мұхтар Ниязов қарсыласқа қиын ұйқас ұсынып, сөзден тосылмаған қос жүйрік елдің шынайы ықыласына бөленді.

Аламан айтыс шамамен 6 сағатқа созылды. Нәтижесінде Қызылорда облысының командасы жеңімпаз атанып, республикалық командалық айтыстың ақтық кезеңіне жолдама алды.

Сыр еліндегі өнер бәйгесінің көрігін қыздырған екі команданың мүшелеріне де қаржылай сыйлық табысталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!