«AMANAT» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында Қызылорда облысы Шиелі ауданында 18 пәтерлік 4 тұрғын үй пайдалануға берілді. Партияның арнайы бағдарламасы шеңберінде бой түзеген жаңа баспананың салтанатты тапсыру рәсіміне Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық партия филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов қатысты.
Шиелі кентінің «Көкшоқы» шағынауданында салынған жаңа тұрғын үй 72 пәтерден тұрады. Пәтерлер заң аясында комиссия шешімімен барлық санатқа бөлінді.
Шара барысында облыс әкімі жаңа қоныс иелерін мерекемен қатар келген қуанышымен құттықтап, халықты баспанамен қамту мемлекеттің басым бағытының бірі болып қала беретінін жеткізді.
«Бүгін Конституция күні қарсаңында аудан орталығынан жаңа тұрғын үйді пайдалануға беріп, 70-тен аса отбасының қуанышын еселемекпіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек», – деген болатын. Тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады», – деді Нұрлыбек Мәшбекұлы.
Жалпы, партияның облыстық сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2023 жылдың соңына дейін қаржыландырудың барлық көздері есебінен 692,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған болатын. Соның негізінде жыл соңына дейін Байқоңыр қаласында – 250 пәтерлі 5 үй пайдалануға берілсе, «Сыр жастары» бағдарламасы аясында алғаш рет 100-ден астам жас отбасы қоныстойын тойлайды деп күтілуде. Оған жергілікті бюджет пен Отбасы банкі арқылы тиісті қаражат бөлінген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!