Сыр өңірінде халықтың тұрмыс сапасын арттырып, мәдени және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қызылорда қаласында жүргізіліп жатқан құрылыс пен қайта жаңғырту жобалары – осы бағыттағы нақты істердің көрінісі.
Тұңғыш Президент саябағында халықтың сұранысына сай ауқымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Жоба аясында автокөлік тұрағы салынып, гүлзарлармен көмкерілген көркем келбеті қалыптасады. Саябақ аумағында аллеялар, бірнеше бөліктен тұратын субұрқақ, амфитеатр, скейтпарк, балалар ойын алаңдары, спорттық және workout аймақтары, фудкорттар, шағын сәулеттік пішіндер мен түрлі аттракциондар орналастырылады.
Қалалық мәдениет және демалыс саябағында да жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қазіргі таңда мұнда заманауи аттракциондар орнатылып, серуен жолдары жаңартылуда. Субұрқақтар мен жарық шамдарын орнату жұмыстары басталып, нысан жақын арада тұрғындардың игілігіне беріледі.
Бұдан бөлек, Қызылорда қаласында жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Түрік инвесторларының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба аясында қондырғылар орнатылып, газ құбыры тартылған. Бұл орталық қаланы тұрақты жылу және электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтеріп жатқан тарихи-мәдени мұра орталығының құрылысы да қарқын алған. Қазір іргетас жұмыстары аяқталып, ішкі әрлеу мен инженерлік желілер тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысан өңір тарихы мен мәдениетін танытатын маңызды орындардың біріне айналмақ.
Өңірдегі көлік инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында бірнеше канал бойындағы көпірлерді қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда. Арналар тазартылып, бетондау, сырлау, тіреулер мен кірме жолдарды жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Қалада заманауи талаптарға сай көпфункционалды спорт кешені салынбақ. Бұл кешенде түрлі спорт түрлеріне арналған залдар, жаттығу бөлмелері мен қосымша инфрақұрылым қарастырылған. Сонымен қатар, қаладағы негізгі даңғылдардың бірі толық жаңғыртылып, қорғаныш бөгеттері нығайтылып, жол төсеу жұмыстары жалғасуда.
Жүзеге асырылып жатқан бұл ірі жобалар – Қызылорда қаласының жаңа келбетін қалыптастырумен қатар, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар. Инфрақұрылымды жетілдіру мен қоғамдық кеңістіктерді дамыту алдағы уақытта да жалғасын табады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!