Сәрсенбінің сәтті күнінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Сыр өңірінде өткен көшпелі брифингте аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын тілге тиек етті.
Аймақ басшысы ең әуелі Сыр өңірінде экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша оң динамика қалыптасқанын айтып, алдағы уақытта қолға алынатын жобалардың жоспарымен де бөлісті. Мемлекет басшысы, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында облыс бюджетінің 744 млрд теңгеден асқанын айтқан Нұрлыбек Машбекұлы өнеркәсіп саласына тартылған инвестиция көлемінің де жоғары екенін жеткізді. Соның нәтижесінде Қызылорда көрсеткіштің өсу қарқыны мен орындалуы бойынша өңірлер арасында І орынға шықты. Сондай-ақ аймақта инвесторларға қолайлы климат қалыптасқанын айтып отыр.
Одан бөлек құрылыстағы қызу тіршілікті, жақсы жолдардың жайын, жылу мен су мәселесін сөз еткен өңір басшысы жастардың жұмыссыздық мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Мәліметке сүйенсек, Сыр өңірінде Мемлекет басшысының 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру тапсырмасынан туындаған жоспар 2022-2023 жылы 63 пайызға артығымен орындалып, 25 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыған орай, аймақтың еңбек нарығына қажетті кадрлар даярлау үшін Мамандықтар атласы әзірленіп, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, тау-кен, техникалық-технологиялық, IT салаларына қажетті кадрлар даярланады екен.
– 2024 жылдың 10 айында 30 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Бұл жоспар жыл аяғына дейін толығымен орындалады. Жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші төмендеді.
Айта кетейік, Қазақстан мен Оңтүстік Корея ынтымақтастығы аясында биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында еліміздегі алғашқы жасанды интеллект институты ашылды. Онда киберқауіпсіздік, информатика және ақпараттық жүйелер мамандары «Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті» әзірлеген бағдарламалар бойынша оқытылады, – деді аймақ басшысы.
Брифингте Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тағы бір көңіл қуантарлық жаңалығы – қоғамдық көліктердің мәселесі. Айтуынша, облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдау қызметін жақсарту мақсатында 300 жаңа автобус алынып, қоғамдық көлік мәселесі толығымен шешімін тапқан.
Мұнан бөлек, «Қазақстан темір жолы» компаниясының, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 600 миллион теңгеге жуық қаржыға теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өткен.
Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі автовокзал пайдалануға берілді. Жаңа автовокзалда 38 автобус бағыты ұйымдастырылған, оның 1-уі халықаралық, 7-уі облысаралық, 30-ы ауданаралық бағытта. Экотакси қызметін құру бойынша алынған 100 электромобильдің барлығы тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Соңғы екі жылда облыста құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көрсеткішге сүйенсек, осы жылдың 9 айында құрылыс жұмыстары көлемінің көрсеткіші – 173 миллиард 830 миллион теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 143,6 пайызға өсім қалыптасқан.
Соның нәтижесінде жыл басынан бері Қызылорда қаласында «Өнер орталығы», «Қан орталығы», «Үстел теннисі орталығы», «Оқушылар сарайы» және сол жағалаудағы 900 орындық «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді. Жаңа стадион, «Инновациялық-шығармашылық орталық», музыкалық колледж ғимараты құрылысы басталды. Барлық ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият орталықтары», 9 дәрігерлік амбулатория және 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, Жаңақорған ауданының Төменарық ауылында, Арал ауданының Сексеуіл кентінде аурухана, Жаңақорған кентінде «Оқушылар үйі» және 3 жайлы мектеп пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар биыл демеушілер есебінен 17 нысанның жоба-сметалық құжаттамасы әзірленген-ді.
Осыдан бірнеше күн бұрын жұмысын бастаған «Қорқыт ата әуежайының» жаңа терминалы Сыр халқының көптен күткен қуанышы. Терминалға «Болат Өтемұратов қоры» әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде 16 миллиард 600 миллион теңге инвестиция салды. Әуежайдың инженерлік- коммуникациялық инфрақұрылымына, автожол салуға, аумағын абаттандыруға, жарықтандыруға жергілікті бюджеттен 4 миллиард 300 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.
Халықаралық талаптарға сай келетін жаңа нысанда ішкі және халықаралық рейстерге, транзиттік жолаушыларға арналған, CIP залдары, жүкті автоматты түрде беру жүйесі, «Duty Free» аймағы, сауда нүктелері, медпункт, кафе, ғибадат ету, жүк сақтау, ана мен бала бөлмелері бар. Екі қабатты ғимаратта сағатына 250 жолаушыға 10 төлқұжат бақылау кабинасы арқылы қызмет көрсетіледі.
Айта кетейік, «Қорқыт ата әуежайы» соңғы 9 айда жолаушылар мен жүк тасымалында жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Қаңтар-қыркүйек айларында әуежайда 264 506 жолаушыға қызмет көрсетіліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға артқан. Сонымен қатар осы уақыт аралығында рейстер саны 1420-ға жеткен. Бұл «Қорқыт ата әуежайы» көрсеткіштерінің тұрақты өсімін және әуе тасымалының жоғары белсенділігін растайды.
Брифингте аймақ басшысы биыл Сыр өңірінде «Руханият жылы» жарияланып, игі бастама халықтың жыл басы, жаңару кезеңі саналған наурыз айынан басталғанын айтты.
Мәдениет саласында 1000 орындық көпфункционалды «Өнер орталығы», «Отбасы орталығы» пайдалануға берілді. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдері көптен күткен игілік «Жыраулар үйі» жұмысын бастады.
Биыл 11,5 миллиард теңге қаржы бөлініп, барлық ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі біріктірілген «Руханият» орталықтарының құрылысы басталды. Бұл орталықтарда ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүр насихатталады.
«Руханият жылы» аясында сол жағалаудан құны 2,3 миллиард теңге болатын облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратын салу жұмыстары басталды. Соңғы 2 жылда симфония оркестрі, инклюзивті театр, жастар театры, «Анаға тағзым» орталығының, заманауи би және хор ұжымы жаңадан жасақталды.
Былтырдан бері мәдениет және өнер, әдебиет өкілдеріне жыл сайын «Тұран» арнайы сыйлығы табыстала бастады. Дәстүрлі сыйлық екі жылда 40 лайықты азаматқа берілді.
Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан құны 11 миллиард теңге болатын «Шығармашылық академиясы» салынуда. Мұнан бөлек, халықаралық стандарттарға сай келетін 11 мың орындық «Орталық стадион» және жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.
Жуырда ғана сол жағалаудан «Үстел теннисі орталығы» ашылды. Жастар мен балаларды спорттық үйірмелермен қамтуға мүмкіндік беретін «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені салынады.
Көшпелі брифинг соңында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа республикалық және облыстық БАҚ өкілдері тарапынан түрлі сауалдар жолданды. Барлығына тұщымды жауап қатқан аймақ басшысы кей сұрақтардың әлі де зерттеліп-зерделенетінін айтып, брифингке қатысушы қауымға алғысын білдірді.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!