Сырдариялықтар үшін биылғы Республика күні ерекше өтті. «Қос тойың қабат, екі дүниең абат болсын» деген қазақы ұстанымдағы өңір халқы жәрмеңкеге шат-шадыман жиналған. Республика күні, «Алтын күз» және қазақтың көрнекті ақыны Ұлбике Жанкелдіқызының 200 жылдық мерейтойына арналған іс-шара еді бұл.

Арбалаған да, дорбалаған да осында. Тайлы-тұяғы қалмай диқанның қолынан шыққан табиғи таза өнімге асыққандай. Орталық стадион бүгін ерекше күйге енген. Тізілген ауыл шаруашылық өнімдері мен көрмеден сәл ассаңыз, көк шалғынның үстінде киіз үйлер тігіліп, сахна қойылыпты. Өнерпазы да, ел ағалары да, қарапайым халқы да осында.

Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, аудан әкімі Берік Сәрменбаев, мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, ардагерлер мен аудан тұрғындары қатысты.

9 айда – 20 миллиард теңге

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев ел бірлігі мен ынтымағының маңызына тоқталып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын жеткізді. Сондайақ, ол ауданның дамуына зор үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді.

– Қазақта «Әлемнің әміршісі – еңбек» деген керемет сөз бар. Еңбек адамдарына құрмет қашан да жоғары. Биыл Сырдария ауданында 33 145 гектар жерге егін егілсе, оның 19 950 гектары – күріш дақылы. Биыл аудан еңбеккерлері күріштің әр гектарынан 60 центнерден өнім алды. Қамбаға 122 мың тонна астық жиналды. Ал жыл басынан бергі тоғыз айда ауданда 20 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Міне, осындай толайым табыспен келе жатқан Сырдария ауданы кешегі «Алтын күз» мерекесінде облыс бойынша «Егін шаруашылығы бойынша озат аудан» атанды, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сырдария: молшылық мерекесі берекесімен келді

Мерекелік концертте ауданның белсенді азаматтары мен түрлі сала қызметкерлеріне облыс және аудан әкімінің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаты» және еңбек адамдарына медальдар табысталды. Салтанатты іс-шарада ауыл шаруашылығы саласының үздіктері мен озаттары марапат тұғырынан көрінді. Солардың бірі – «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев.

– Төрағаның бір ғана мақсаты бар. Ол – елдің аузын аққа тигізу. Жағдайды жақсартып, елді жұмыспен қамтамасыз ету. Оның арғы жағында ауылдың ауызбіршілігі жатыр. Міне, осының барлығын ойластырып, халыққа қызмет етіп келеміз. Қазір ауылдардың жағдайы жақсарған. Қала мен ауылдың айырмашылығы қалмады. Қаладағы өркениеттің бәрі ауылда бар. Міне, біздің жетістігіміз, – деді ол.

Бүгінде Сырдария ауданында үлгілі ауылдар жетерлік. Шаруасы шалқыған Нағи Ілиясов және Бесарық ауылдары – республикадағы үлгілі ауылдардың бірі. Салтанатты жиында қарапайым еңбек адамдары төрге шықты. Қоғалыкөл ауылындағы «Жамбыл – 2030» ЖШС жаткисі Мейрамбек Жетібаев та осы қатардан көрінді.

– Әрине, еңбек майданындағы жұмыс оңай емес. Таңның птысынан күннің батысына дейін уақытпен санаспай еңбек етесің. Мына уақытта бару, мына уақытта қайту деген болмайды. Өйткені диқанның ала жаздайғы еңбегін жауын-шашынға қарамай, жинап алу керек. Осы еңбекті елеген басшылыққа алғысым мол, – дейді Мейрамбек Жетібайұлы.

Жиында әріптесіміз, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков те аудан әкімінің арнаулы алғыс хатымен марапатталды.

Жәрмеңке – несібенің молаяр шағы

Ерболат Наурызбаев мұнда Асқар Тоқмағамбетов ауылынан келген. Биыл бал арасын асырап, пайда табамын деп қайтарымсыз грантқа қол жеткізіпті. «Сыр балы» деген атпен дайындалған өнімнің 100 келіден астамын жәрмеңкеге арқалай келген.

Сырдария: молшылық мерекесі берекесімен келді

– Қайтарымсыз қаражатқа биыл ғана қолым жетсе де, бұл кәсіптен біраз тәжірибем бар. Қолыма қаражат тиген соң білек сыбана кірістім. Әрине, бейнеті мол кәсіп. Бірақ пайдасы да жетіп артылады. Бүгін жәрмеңкеде қарапайым халыққа қолжетімді етіп, ешқандай делдалсыз өндірушіден тікелей алатын мүмкіндікті халық пайдалансын деп келдім. Алғысын айтып жатқандар көп, – дейді омарташы.

Расында нөпір халықтың арасынан Ерболатқа тура бет алып бара жатқандарды көзіміз шалды. Адал еңбек қай кезде де несібеге бағыттары анық. Жасы жетпістен асса да бүгін жәрмеңкеге ат арытып Сәкен Сейфуллин ауылынан келген Қалдыгүл Ахметқызы шаруаның қолынан табиғи өнім алғанына қуанышты.

– Балам, мен 6 қап картоп, 3 қап жуа, 1 қап сәбіз, 10 келі алма алып бара жатырмын. Бұрын осының бәрін өзім егетінмін. Қазір балалар жұмыста, өзім біраз жасқа келдім. Енді жәрмеңкеден алып бара жатырмын. Бұрынғы ауылдағы жерасты қоймаларын көбі бұзып тастады ғой. Біз сақтап қалғанбыз. Соған қойып, сақтап, көктемге дейін жейміз. Ауылдың таза өніміне жетпейді, – деді ол.

Кент тұрғыны Айдос Дүйсенбаев та құр алақан қайтқан жоқ. «Күріштің жақсысы – Абзалдікі» деген күйі иығына артып ап, көлікке бара жатыр.

Сырдария: молшылық мерекесі берекесімен келді

– Інім, енді кеп жатырмын. Қазір 7500 теңгеге күріш алып үлгердім. Қазір тағы аралаймын. Бағаны тұрақтандыру мақсатындағы үкіметтің жасап жатқаны ғой. Енді осындай жәрмеңке көптеп өткізілсе, қалтамыз қағылмайды. Біздің сұрайтынымыз сол, – деді көлігіне қапшықты салып жатып.

Құндылықтар да сөреде

Жәрмеңкеде тек азық-түлік сатылмады. Мұнда аудандық білім бөліміне қарасты 17 мектептен келген қолөнер шеберлері керемет көрме ұйымдастырған. Тіпті көкөніске «Алтын күз» деп керемет жазу да қалдырыпты.

Зейнеткер ұстаз Алтын Нұртаеваның қолынан шыққан бұйымдар да көпшілікті тәнті етеді. Төрт түліктің әрбірін әдемілеп дайындапты. Қазір зейнетте болған соң бұл өнеріне көп уақыт бөледі екен.

– Шақырған жерден қалмаймыз. Осы өнерімнің арқасында республиканың түкпіртүкпірін араладым. 47 жыл мұғалім болдым, шәкірт тәрбиелеп, бала оқыттым. Бірақ менің жұмысым енді басталғандай. Ұлттың ұлық өнерін осылай көпшіліктің көзайымына айналдырып, кейінгіге қалдыру – ұлт алдындағы парызым ғой, – дейді қолөнер шебері.

Сырдария: молшылық мерекесі берекесімен келді

Жанкелдіқызы жайлы жыр жазды

Айтыскер ақын, дәулескер күйші Ұлбике Жанкелдіқызының 200 жылдығына арналған мүшәйра өткен болатын. Салтанатты жиында жыр додасының жеңімпаздары да марапат мінберіне көтерілді. Аудан әкімінің қолдауымен мұғалімдер арасында «Ұлы поэзияның ақ періштесі» және ақындар арасында «Өлмес өр рух – Ұлбике» деген атпен екі сайыс қатар өткен. Оларды мемлекет және қоғам қайраткері Рахымберген Тоқсейітов марапаттады.

Ақындар арасында бас бәйгені шағандық Ақерке Балманова қанжығасына байласа, мұғалімдер арасында №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлжанар Әбілова топ жарды. Ал ІІ орынды Самат Жұмаділ мен Қанат Көзейбай еншіледі. Айтмағанбет Темірханов пен №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айгерім Сағатова ІІІ орын олжалады.

– Мүшәйраға екі өлеңмен қатыстық. Біріншісі – Ұлбике Жанкелдіқызына арнау. Екіншісі – еркін тақырып. Еркін тақырыпқа Ата заңға арналған жаңа өлеңімді алып келдім. Әрине, байқаудан топ жарып, алға шығып жатсаң, қуанасың ғой. Бүгін мінберге шығып, Тәңір берген талантпен төрде тұрдық. Ұлт руханиятын қолдап, өнерді жоғары бағалаған аудан басшылығына алғысым мол, – дейді І орын иегері Ақерке Балманов.

«Алтын күз» мерекесі Сырдарияда осылай ерекше тойланды. Спорттық шаралар да көрерменнің делебесін қоздырып, әсем ән мен мың бұралған сұлулардың керемет биі жаныңа шабыт сыйлап тұр.

Иә, бұл мереке Сырдария ауданының мәдени өміріндегі маңызды оқиға болып, тұрғындардың бірлігі мен елге деген сүйіспеншілігін арттырды. Республика күні мен Ұлбике Жанкелдіқызының 200 жылдық мерейтойы аудан өміріндегі айшықты мереке ретінде есте қалды.

Дәулет ҚЫРДАН,
Сырдария ауданы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!