«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының бастамасымен 4 қарашада басталған жас мұғалімдердің «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» атты алғашқы республикалық форумы Сыр өңірінде өз мәресіне жетті.

Форумның мақсаты –жас ұстаздарға  инновациялық білім беру бастамаларын жүзеге асыруда қолдау көрсету, табысты болуға бағдар беру және  кәсіби дамуына ынталандыру.  Жас мамандардың заманауи көзқарастары қалыптасқан, икемді, креативті, батыл тұлға ретінде рөлін айқындау – іс- шараның басты алғышарты.

Республикалық шараға өңірлік 120 жалпы білім беретін мектептерден және 10 зияткерлік мектебінен жалпы саны 130-дай жас педагог қатысты. Форумның ашылуында облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет бүгінгі күні ұстаздарға жасалған мүмкіндіктер, кәсіби мақсаттар және ертеңнен күтетін жарқын үміт туралы сөз қозғап,  жастарды кәсіби шыңдалуға ынталандырды.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ПШО филиалының директоры С.Камалова «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» республикалық жобасын іске асырудың маңызы және бастауыш педагогтердің кәсіби қалыптасуына ықпалын атап өтті.

Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ж.Бекболатов орта білім беру ұйымдарының жас педагогтерін тәжірибе алмасуға шақырды. Жас мамандар арнайы шақыртылған республикаға танымал тұлғалар, мотивациялық спикерлермен ашық кездесуде шығармашылық шабыт алып, ерекше серпілісте болды. Форумның арнайы қонақтары –журналист, тележүргізуші Майра Төлепберген, ақын, жазушы, Ұларбек Нұрғалымұлы және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Бизнес Старт» кәсіпкерлік орталығының жетекшісі Жанарыс Түбекбаев болды.

Майра Төлепберген ата-анасының ұстаздық өмірі мен бейнесін суреттеп берді, сол арқылы мұғалімге деген құрметін білдірді. Журналистік көзқараспен мұғалімнің сауатты сөйлеу мәселесін көтерді, қызықты лайфхактармен бөлісті. Ұларбек Нұрғалымұлы баланың бойында құндылықтарды қалыптастыруда мұғалімнің алатын рөліне тоқталды. Ол отбасылық мәдениет, мұғалім мәдениеті және мектеп мәдениетіндегі құндылықтар арасындағы байланысты ерекше талдап, ой-пікірімен бөлісті.

Жастарды заманауи кәсіпкерлік стартаптармен айналысуға ынталандыратын  спикер Жанарыс Алтынбекұлы «Бүгінгі ұстаз  үшін дағдыларды меңгеру неліктен маңызды? Бұл оқушылардың табысты оқуына қалай негіз бола алады?» деген сұрақтардың аясында өз ойымен бөлісті.

Форумға қатысушы жас мамандар спикерлердің өмірлік ұстанымы мен табысқа жету тәжірибесінен ой түйіп, толғандырған сұрақтарын қойды.

Спикерлермен мотивациялық кездесуден соңерекше шабыт алған қатысушылар жалпы білім беру ұйымдары мен зияткерлік мектебінің көшбасшы жас педагогтерінің шеберлік сыныптарына қатысты. Мұнда ойын элементтерін кіріктіру арқылы оқушылардың АКТ құзыреттілігін дамыту, бастауыш сыныпта Renderforest бағдарламасын қолдану, дарынды баламен жұмыс қабілеті жоғары оқушыларды олимпиадаға дайындау жолдары, ағылшын сабағында белсенді оқыту стратегиялары арқылы пәнге қызығушылығын арттыру бойынша оқытудың интерактивті тәсілдерімен танысып, өздерінің әдістемелік қоржындарына  тың идеяларды жинақтады.

Форумның тақырыптық алаңында педагогикалық шеберлік орталығы тренерлері жас ұстаздармен тәжірибелік сессияларды өткізді. Олар: сФункционалды сауатсыздық. тапшылықты қалай толтырамыз?»«Сабақ конструкторы: құрастырамыз және қолданамыз» «Insight зертханасы: жанама тәжірибеден әрекеткен дейін» «Оқытуда АКТ-ны тиімді қолдану». SAMP технологиясы бойынша кәсіби идеялармен бөлісті.

Форумның Active spot блогында жүргізілген «Арманымды суретпен бейнелеу», «Киіз басу» терапиясы және «Саз шеберханасына» қатысушылардың бір толқында шығармашылық әлеуетін ашуына мүмкіндік берді. Сонымен бірге бачата биі арқылы жастар сымбатты, ғажайып дене қозғалысына ерік беріп, ерекше эмоцияға бөленді. «Зерттеу керек емес зерттемеу» педагогикалық батлында жас мамандар ПШО филиалының тренерлерімен ашық тартысқа шықты. Олар зерттеу жайлы терең әрі тиімді ақпараттарымен  бөлісе отырып, өз ойын аргументтеуге, фактілерді келтіруге қаншалықты дайын екенін бағалауға мүмкіндік алды.

Форумға қатысушы Мұқан Төлебаев: «Мен үшін форумның маңызы зор болды, себебі бүгін біз өзімізге жасалатын қолдаудың ауқымын толық сезіне алдық.Осындай қолдау бар жерде біз қалайша білім беру жүйесіне өз үлесімізді қоспаймыз?! Бүгін  өз тәжірибемізді жетілдіруге педагогикалық-әдістемелік бағыт алып қана қоймай,  интеллектуалдық, кәсіби дамуымызға да зор мотивация алып қайтудамыз. Шара алдағы уақытта да өз жалғасын тапса екен» деп өз пікірін білдірді.

Форум соңында қатысушылар ФОРУМ барометрі арқылы кері байланыс берді және «MUZ Time» бөлімінде Сыр өңірінің өнер саласындағы жарық жұлдыздарының әндерін тыңдап, креатив пен шығармашылыққа толы әсерменшараны аяқтады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!