Тәуелсіздік. Сіз үшін осы күннің маңызы қаншалықты? Қадірін ұғынып жүрсіз бе? Әңгімені осыдан бастайықшы.

Талай жылдан бері біз желтоқсан айы басталысымен жаңа жылға дайындыққа кірісіп кетеміз. Тіпті баспасөз беттерінде кей аймақ әкімдерінің өзі желтоқсанның алғашқы күнінен бастап орталық алаңға шырша тігіп қоятынын жазып, мәселе көтерілген кездер де болды. Бертін келе ғой, осы тәуелсіздік күнінен кейін барып жаңа жылға дайындалатыны… Бұл енді мемлекеттік деңгейдегі жағдай. Мұны айтпас бұрын, әрқайсысымыз өзімізге жауап берейікші. Сіз үшін тәуелсіздік мерекесі қаншалықты маңызды? Осы мерекеге арналған демалыс күнді отбасында қалай өткізесіз?

Барды бағалай білу өнер ғой. Кейде біз көңіл түкпіріндегі ішкі түйсікке ерік бере бермейміз. Тәуелсіздік ұғымы, осы ерекше құндылық әрбіріміздің өзімізден, одан қалды отбасымыздан басталу керек тәрізді. Төбеңнен әлдекім әңгіртаяқ ойнатып, басыңда билігің жоқ, тек орындаушы болып, өмір сүрсеңіз, қайтер едіңіз?! Қабілетің мен мүмкіндігіңіз жетсе, табыс тауып жатырсыз. Ешкім сізден оны қайдан, қалай алдың деп жатқан жоқ. Қалағаныңызға қол жеткізіп жүрсіз. Қажет болса, кәрі құрлық асып, мұхиттан өтіп, саяхаттап та жүрген боларсыз. Ал өзгеге бодан елдің саяхат түгілі, өмір сүруінің өзінде шектеу бар. Берілген осы бір нығметке құрмет өзімізден басталғаны ләзім.

Саяхат деп қалдық, өзге мемлекеттерді ойша бір аралап шығайық. АҚШ-тың тәуелсіздік мерекесі 4 шілде болып бекітілген. Бір ерекшелгі, осы күні мемлекеттік деңгейдегі тұлғаларды былай қойғанда, қарапайым отбасылар да табиғат аясына шығып, өмірдің рақатын сезінеді. Ал осы мереке тұсында екі немесе үш күн демалыс берілер болса, олар отбасылық достарымен бірге саяхатқа шығып кетеді. Көліктер, үйлер және аулалар мен көшелер мемлекеттің туына сәйкес безендіріледі. Патриоттық әндер айтылып, отшашулар ұйымдастырылады. Алаңдар мен көшелерде шерулер ұйымдастырылады. Сондықтан олар бұл күнді асыға күтеді. Ал 15 тамызда тәуелсіздік күнін тойлайтын Үндістанда осы күні қанық бояумен әрленген шеру өтеді. Ал ең маңыздысы мемлекеттің Премьер-министрінің қатысуымен Нью-Делиде ту көтеріледі, тікелей көрсетілім арқылы әлем мемлекеттерінің басшыларының Үндістан жайлы сөйлегені, мерекемен құттықтағаны көрсетіледі. Мұнда да жоғары деңгейде тойланып, халық тәуелсіздік күнін ерекше бағалайды. Украина мен Чилиде де осыған ұқсас тойланады және әскери шеру ұйымдастырылады.

Австралия үшін бұл мереке 26 қаңтар болып белгіленген. Мұнда да мерекелік шаралар мен шерулер ұйымдастырылады. От шашулар шоуы тамашаланады. Мұндағы Перт қаласы түрлі отшашуымен ерекше. Ал Сиднейде музыкалық фестивальдер ұйымдастырылады. Канберр қаласында жанды дауыстағы музыка байқауы өтеді. Халық осы күні мемлекеттің туы бейнеленген киімдер мен бас киімдер киеді екен. Әрбір тұрғын өзінің үйін мемлекеттің туымен безендіреді. Осындай ұзынсонар іс-шаралардан кейін жұртшылық «Жылдың австралиялық тұрғынын» бірге анықтайды.

Ел еңсесін тіктеп, егемендік алып, тәуелсіздік тізгінін қолға қондырғанымызға да отыз жылдан асып кеткелі қаш-шан. Бірақ осы күнді тек мемлекеттік деңгейде атап өтумен шектеліп, қарапайым халық тек көрермен немесе сырттай бақылаушы болып қалып келеді. Әсте, бұл мереке – Алтай мен Атырау арасындағы тұтас қазақтың мерекесі. Қазақта «Әркімнің өз шаңырағы – өз мешіті» деген ұғым бар. Ғасырлар бойы бабалар арман еткен, бүгінгі балалар бақытты ғұмыр кешкен осы тәуелсіздік тойын тәубе тойы деп шаңырағыңызда қарсы алыңыз. Тәуелсіздік үшін кімге қарыздармыз, әруағына құран бағыштаңыз. Ал ең бастысы, отбасыңыздың төрінде, шаттыққа бөленген шаңырақта балаларыңызға қазақ тарихынан дәріс оқыңыз, атадан-балаға мирас болып қалған ұлттық құндылық жайын айтыңыз. Сізге ешкім қой демейді. Есесіне, қазақтың болашағын ойлайтын көргенді сөзді құлаққа құйған саналы ұрпақ тәрбиелейсіз. Аға буынның алдындағы, һәм кейінгі ұрпақтың алдындағы ұлы міндетіңіз осы емес пе?!

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!