4 маусым – ел тәуелсіздігінің тірегі саналатын Мемлекеттік рәміздер күні. Бұл – Елтаңба, Ту және Әнұран арқылы ұлттық болмысымызды, рухани құндылықтарымызды дәріптейтін ерекше мереке. 1992 жылдың 4 маусымында қабылданған Мемлекеттік рәміздерге биыл 33 жыл толып отыр.
Көкжиекке жол ашқан Ту бейбітшілік пен келісімнің символы. Ортасындағы алтын күн, астында қалықтаған қыран бейнесі мен ұлттық өрнек – елдік пен егемендіктің ерекшебелгілері. Ал көк түстің өзі адалдық, тазалық, сенім мен тұрақтылықты білдіреді. Тап қазақтың болмысындай. Ал ел діңгегіне айналған Елтаңбадағы әр бейне тарих пен танымның көрінісі болса, Гимн елдің рухын көтеріп, халықты бір мақсат, ортақ мүдде төңірегіне біріктіретін қасиетті ұран. Бұл ән – ел ертеңіне сенім ұялататын, азаматтық парыз бен ұлттық мақтаныш сезімін оятатын ерекше шығарма.
Мереке қарсаңында Елордадағы «Атамекен » этномемориалды кешенінде өткен іс-шара барысында Мемлекет басшысы рәміздердің маңызына тоқталып, қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.
– Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке көтереміз. Бабаларымыз «Туыңды тік ұста!» деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз. Бүгінде көк байрағымыз қастерлі Отанымыз – Қазақстанның бейбіт аспанында желбіреп тұр. Оны кейінгі ұрпаққа табыстау – қасиетті борыш, – деді Президент.
Иә, мемлекеттік рәміздер – өткеннің мұрасы, бүгіннің мақтанышы, болашақтың темірқазығы. Ұлтты ұлт ретінде танытатын, елдің егемендігін әйгілейтін қастерлі белгілер міндетті түрде әрбір азаматтың жүрегінен орын алуға тиіс.
Бүгінгі буынның басты міндеті – рәміздерді құрметтеп, жас ұрпаққа олардың мәні мен маңызын терең түсіндіру. Себебі, рәмізді қастерлеу – елді құрметтеудің, Тәуелсіздікті ардақтаудың ең биік көрінісі.
«АЖ» ақпарат
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!