Қызылорда облысында жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту бағытында ауқымды жұмыс жүзеге асырылуда. Солардың бірі – облыс орталығындағы «Тәуелсіздікке – 25 жыл» даңғылын қайта жаңғырту жобасы. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өткен жылдан бері Бейбарыс сұлтан көшесіне дейінгі аралықтағы Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеті нығайтылып, 6,7 шақырым жол бөлігін қайта жаңғырту басталған болатын. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «УАД» ЖШС жүргізуде. Мердігер мекеме асфальт төсеуді аяқтады. Сонымен қатар, Сырдарияның қорғаныс бөгеті тазартылып, 1,4 шақырымға жуық дамба күшейтілді. Қауіпсіздікті арттыру мақсатында тіреу қабырғасы тұрғызылды. Қазіргі уақытта асфальттың тегістеу қабатының 5,4 шақырымы төселіп, жарық бағаналары мен бағдаршамдар орнатылуда. Даңғыл мамыр айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Айта кету керек, облыс аумағында 3545 шақырым автомобиль жолдары бар. Оның ішінде 1024,5 шақырымы – республикалық, 555 шақырымы – облыстық, 1965,5 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар.

Өткен жылы жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттерден 44 млрд 703 млн теңге бөлініп, 300 шақырымнан астам автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөнделді.

Биыл да бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, республикалық және облыстық бюджеттерден 35 млрд теңге бөлінген. Осы қаржыға 329 шақырым автомобиль жолдарына, көшелер және көпір өткелдеріне жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Өткен жылдың қорытындысымен облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 92,5% болды. Ал биыл бұл көрсеткіш 95%-ға жетеді.

Жол инфрақұрылымын дамыту – өңірдің экономикалық өркендеуі, тұрғындар игілігі үшін маңызды басымдықтың бірі. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!