Көпке танымал кәсіпкерлердің, жетістікке жеткен тұлғалардың өмірі сырттай қарағанда таңғажайыптан тұратындай көрінеді. Атақ пен абырой, үздіксіз жеңіс те оларға тез беріліп жатқандай сезіледі. Алайда әр жеңімпаздың биікке шығар жолдағы қиындығы мен қауіпі өзіне ғана мәлім.

      Кез келген жеңістің жеңіл жолмен келмейтіні белгілі. Қай саланы алып қарасақ та өзіне тән жауапкершілігі мен ауыртпашылығы, қалтарыс-бұлтарысы болады. Содан болар аты тарихта қалған тұлғалардың қай-қайсысы да күрескер, алған бетінен қайтпайтын табанды, еңбекқор. Соның бір мысалы, ғасырлар бойы адамзаттың пайдасына жарайтын электр лампасын ойлап тапқан Эдисон еді. Он мыңнан аса тәжірибе жасап, әр сәтсіздіктен сабақ алған оның зертханасы түгелдей өртеніп кеткен кездері де болған. Ештеңеге қарамастан бәрін қайтадан бастаған оның батылдығы электр жарығын дүниеге әкелді.  

    Зымыран жасап, ғарышқа ұшырған алғашқы жеке кәсіпкер Илон Масктің де тәуекелшіл адам екенін тарих дәлелдеді. Шамамен 200 миллион долларын, яғни бар байлығын ғарышқа жүк тасымалдайтын зымыранды жасап шығаруға жұмсаған Масктің күні-түні ұйқы-күлкіні ұмытып, сынақ алаңында жүрген сәттері көп. Бірақ жасаған зымыранынан техникалық ақау шығып, үш мәрте ғарышқа жетпей, ауада жарылып кеткені оның табандылығына тағы бір сынақ болған еді. Кәсібін әрі қарай жалғастыратындай компаниясында қаржы қалмаған Илонға НАСА 1,5 миллиард долларға тапсырыс береді. Бұл Масктің тағы бір жаңа дәуірге қадам жасайтын мүмкіндігі еді. Нәтижесінде ол төртінші зымыранын сәтті ұшырып, ғарышқа жол салды.

      Айтып отырғанымыз, мұхиттың арғы жағындағы адамдардың ертегіге ұқсас өмірі болып көрінуі мүмкін. Алайда кәсібінен нәсібін айырмас бұрын талай тартысты көрген жандар аймағымызда да жеткілікті. Мәселен, «Нұрай» ЖШС директоры, меценат Сейітқали Алшынбаевты білмейтін сырбойылық кемде-кем. Қаладағы «Зерде» инттелектуалды мектебі мен төрт балабақшаны ел игілігіне берген кәсіпкердің жасампаз жолы тұтас қиындықтан басталады. Бұл жайында Е.Байтілестің «Пенде мен перде» кітабында кеңінен жазылған:       «Сейітқали Алшынбаев өмір есігін ашқанда аяқ-қолы балғадай болып келіп, тепсе темір үзетін жігіт болып өсті. Анау 90-жылдардың басында Ресейге зат тасыды. Қақаған суықта КамАЗ-дың жанармайы жүріп келе жатып қатып қалады. Соны отпен ерітеміз деп отырғанда… Көліктің жанармай багы жарылып кетеді. Үсті-басы отқа оранады. Күйік шалады. Бірақ аман қалады. Десек те, ол жолы дене мүшелеріне аса ауыр зақым келмейді. Кейіннен қаланың ішінде көлігімен келе жатып жол апатына түседі. Төрт дөңгелегі төбеге қарап қалған көліктің ішінде сағатқа жуық жатып қалады. Содан кейін барып қана әлдебіреулер байқап, қан-жоса болып жатқан жүргізушіні шығарып алып, жедел жәрдем шақырыпты. Екі ай бойына аурухананың темір керуетіне таңылады.

     Сейітқали Алшынбаев жұрт секілді бірден жоғары оқу орнын бітірмеген. Алдымен техникумда оқыған. Оны тәмамдаған соң Қызылордадағы автобус паркіне қарапайым жұмысшы болып орналасады. Сол жерде табан аудармастан 12 жыл жұмыс істейді. Ол жерде бүкіл мекемені құрал-саймандармен жабдықтаушыға дейін көтеріледі. Ерте үйленген. Екі баласы бар. Басында баспанасы, астында көлігі жоқ. Айлықтан айлыққа әрең жетеді. Әркімнің босағасын сағалайды. 12 жылда 12 пәтер ауыстырыпты. Жыл сайын жаутаңдап әр қожайынның қас-қабағын қарап отырады»…

    Меценаттың қазіргі жетістігіне, жыл сайын тасы өрге домалаған кәсібіне қарап ешкім де жоғарыда айтылған қиындықты көрді деп ойламас еді.

Осы жылдың көктем айында Африка құрлығында құдық қазып, бір ауылдың гүлденуіне үлесін қосқан кәсіпкер Елдос Айбеков те жетістік жолындағы қадамын қара жұмыстан бастаған. Толассыз тәжірибеге толы еңбек жолын Елдостың өзі келесідей баяндайды: «Тоғызыншы сыныпта вогоннан цемент те түсіріп көрдім. Үсті басым шаң болып, шашыма цемент жабысып қатып қалған кездер де болды. Шаң болғаны түк емес, иыққа салып көтергендегі салмақты айтсаңызшы. Арқам мен иығымда цемент толы қаптың іздері қалып, қызарып кейде қанайтын. Сол сәттен бастап өзіме «ауыр жұмыс істемеймін» деген принцип қойдым».  Кәсіпкер әр түрлі жылдарда «Big Burger» атауымен өз кафесін, құйылмалы балмұздақ орталығын, жиһаз шығаратын цехін ашқанымен түрлі себептермен бизнесін тоқтатып отырады. Бірақ ізденіс пен тәжірибе жасауды тоқтатпаған ол команда жасақтап, су фильтрі кәсібін қолға алады. Дегенінен қайтпаған оның бұл еңбегі Африкада құдық қазып, сол маңдағы тұрғындардың таза ауыз суға қол жеткізуіне себеп болды.

Танымал адамдар жетістікке қалай жетті?

Инстаграм желісіндегі инфо-кәсіпкер Батырбек пен фуд-блогер Әсел Жұматайдың есімі де көпке таныс. Жалағаш ауданында білім алып, сол жерде үлкен армандарына тәуекел еткен отбасылық жұп бастапқыда сан түрлі қиындыққа кезіккен. Қарапайым Қызылордадан алып қала Алматыға жол тартқанда қолдау білдірген ешкім болмады дейді олар. 

Танымал адамдар жетістікке қалай жетті?

«Әсел Жалағашта жүріп-ақ инста парақшасын дамытуға күш салды.  Арада біршама уақыт өткен соң келіншегіммен бірге балалар киімін сатуды қолға алдық. Біраз уақыт қиналдық, бірақ нәтиже біз ойлағандай болмады. 2018 жылдың күзіне дейін ауылда болып, келіншегіммен бірге біршама бастамамен жұмыс істедік. Тапқан табысымыз жақсы болса да, біздің ойымыздағы өмір үшін жеткіліксіз екенін түсіндік. Сондықтан бізге үлкен қалада еңбектену қажет болды. Алматыға келіншегім, қызым Зеремен бірге көшіп келдік. Бірақ бұл жаққа келгенде біздің дайын жұмысымыз да, тұрақты баспанамыз да болмады, тіпті  сөзбен демеп, қолдау көрсететін адам да кезікпеді. Қателеспесем, сол кездегі  үйіміз Алматының шет жағындағы Кассина көшесінде орналасқан еді. Көне, қабырғасы құлауға жақын үйді жалдап тұрдық. Ауданның өзі сондай ескі еді. Бірақ біздің ең негізгі еңбек жолымыз осы  кезден, осы ауданнан басталды. Біз қыдыруды да, бос уақытымызды демалысқа арнауды да ойламадық» дейді кәсіпкерлер.

Танымал адамдар жетістікке қалай жетті?

 P.S. Үлкен жолдардың кішкене қадамдардан басталатыны белгілі. Бірақ сол жолдың теп-тегіс, әрдайым сәттіліктен тұрмайтынын жоғарыда айтылған тұлғалар өмірінен байқадық. Әр адамның сүрінген сәтте қайта тұруға деген ұмтылысы оған берілген ең үлкен мотивация екенін де кәсіпкерлердің өмір тарихынан ұғынуға болады.

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!