Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың Қызылорда облысына іссапары кезінде берілген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды. Жиынға жауапты сала басшылары қатысты, қала және аудан әкімдері онлайн байланыс арқылы қосылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақ басшысы берілген тапсырмалар бойынша атқарылған жұмыстардың есебін тыңдады.

«Өңірімізге Тамара Қасымқызы арнайы келіп, мәжіліс өткізді. Іссапар қорытындысы бойынша қала, аудан әкімдеріне негізгі тұтыну тауарларының 65 түрі бойынша көрсеткіштерді қалпына келтіру және жобалар ұсыну жөнінде тиісті тапсырмалар жүктелді. Өздеріңізге кемшіліктерді қалпына келтіруге үш күн уақыт берілді. Қала және аудан әкімдері, барлық жұмысты қатаң бақылауға алып, мерзімінде орындалуын қамтамасыз етіңіздер. Жүктелген тапсырмалар уақытында әрі тиянақты орындалуы тиіс», – деді Н.Нәлібаев.

Еске салайық, Үкімет делегациясының Сыр еліне жұмыс сапары кезінде Тамара Дүйсенованың қатысуымен аймақтың даму қарқынына арналған жиын өтті. Жиында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды. «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін шешу. Жылдық 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несие азаматтарға идеяларын жүзеге асыруға, өз ісін ашуға және ауылдағы жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік берді. Аймаққа өткен жылы республикалық бюджеттен жобаны қаржыландыруға 3 млрд. теңге бөлінсе, биыл 4 млрд. 600 млн. теңге қаржы қаралуда. Барлығы 411 жоба несиелендіріліп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!