Өткен жылы облыстық мемлекеттік архив тарапынан ұйымдастырылған жарысқа қатыстым. Архив мекемесінің бүгінімізді ертеңге, ертеңімізді болашаққа жалғастыратын, қоғамның, жалпы адамзаттың тарихын сақтап, өткен уақыттың куәсі болатын құжаттарды көздің қарашығындай сақтайтын қасиетті орын екендігіне куә болдым. Архив қорында сақтауда тұрған істердің барлығына арнайы қор нөмірлері беріліп, тізімдемелер бойынша сақталғандықтан,еш қиындықсыз қажетті деген құжаттарға тапсырыс беріп, зерттеу жұмысыма кірістім.
Қызылорда облысында балық өнеркәсібі бірден-бір ерекшелігімен дараланған өнеркәсіп орны болып есептелді. Кеңес Үкіметі кезінен бастап Арал өңіріндегі балық шаруашылығының даму жолдары басты назарда болды.
В.И.Лениннің өзі балық өнеркәсібін маңызды шаруашылықтар қатарына жатқызып, Арал балық шаруашылығының даму барысына қолдау көрсетіп, мұқтаждықтардың кезек күттірмей шешілуіне қолдау көрсетіп отырған. Бастауын 1920 жылдардан алған облыстың балық өндірісі одақ көлеміндегі халықты балықпен қамтамасыз еткені тарихтан белгілі. 1921 жылдың күзінде жас Советтік республикасы Повольже мен Ресейдің Орталық бөліктеріндегі болған құрғақшылыққа байланысты өте күшті аштық басталды. Өкімет пен партия аштықпен күрес бойынша төтенше шаралар қабылдады. Сол шараларға байланысты В.Лениннің өзі 1921 жылы 7 қазанда Арал балықшыларына хат жазып, барлық аралдық балықшыларды көмектесуге шақырады. Владимир Ильичтің өзінен тікелей хат алған балықшылар күн-түн ерен еңбек етіп, екі ай ішінде 1921 жылы 25 желтоқсанда Москваға 14 вагон балық жөнелкен.Тарихымен таңғалдырған балық өнеркәсібін одан әрі өркендету барысында 1929 жылы Қызылорда балық зауыты құрылған. ҚСРО балық өнеркәсібі 1938 жылғы 15 қаңтардан халық комиссариатына бағыныста болды. Бері келе Оңтүстік Қазақстан «Госрыбтресінің» депутаттардың жұмысшы-шаруалардың және қызыләскерлер Қызылорда кеңесіне қарасты болды.Қызылорда балық зауыты 1938 жылғы 5 тамыздан қайта құрылып, «Казглаврыба» Қазақ балық өнеркәсібінің бас басқармасының Арал мемлекеттік балық тресінің құрамына кірді. 1941 жылы 1 қаңтардан қайта құрылып, ҚСРО балық өнеркәсібі халық комиссариатының Арал мемлекеттік балық тресінің Қызылорда балық пункті болып аталды.1957 жылдан ҚСРО-ның Балық шаруашылығы министрлігінің Арал балық комбинатына қарасты болды.ҚазСРО балық шаруашылығы министрлігінің 1976 жылғы 27 желтоқсандағы №385 бұйрығы негізінде 1977 жылдың 1 қаңтарына дейін ҚазСРО балық шаруашылығы «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігіне қарады.
Ол Қызылорда қаласында Войтинцева көшесі №68, кейінірек С.Сейфуллин көшесі №2 үй ғимараттарына орналасқан.Балық заводының өндірістік цехтары мен бөлімшелері болды. Тоған шаруашылығымен балық өсіру, балық сақтайтын мұздатқыштар, табиғи мұздарды сақтайтын мұз сақтау орны, кептірілген балық дайындайтын кептіру цехы дайын өнімдерді сақтау қоймасы, сонымен қатар зауытың құрамында «1 МАЙ» атындағы балық тоғандау колхозы да болған. 1957 жылда заводта тірі балық, балмұздақ, салқын кептірілген балық, аз тұздалған балық, мұздатылған балық өнімдері шығарылған. Жоспарлы тапсырмаларды уақытылы орындау, балық өнімдерінің сапасын арттыру және өндірісін ұлғайту бағытында жұмыс атқарған зауыт өз қызметін Қызылорда балық заводы «Балық» акционерлік қоғамының жалпы жиналысымен 1996 жылғы 5 желтоқсанда өз жұмысын тоқтатып, жабылған.
Қызылорда облысының мемлекеттік мұрағат қорында №124 қор бойынша 1940, 1968-1996 ж.ж. барлығы 89 тұрақты сақталынатын құжаттар сақталуда. №20,26,29,33, 57,88 істер аса құнды құжаттар болып іріктелді. Олар – 1976 жылғы облыс бойынша балық шаруашылығын дамытудағы қосымша шаралар туралы құжаттар, 1977 жылғы еңбек шаруашылығының қорытындысы туралы анықтамалар, 1992 жылғы облыс бойынша балық өнімдерін және шикізат өндіру, «Балық» акционерлік қоғамының негізгі өндірістік қызметін сақтай отырып, дербес еңбек шаруашылығының бөлінуі туралы құжаттар.
Тарихтан сыр тартатын архив өткенді көз алдыңа әкеледі. Жарысқа қатысу барысында жақсы нәтижелерге жеттім деген тұжырым жасадым, жүлделі орынның бірін иеленумен қатар айқын шежіре, жәдігерлер жайлы замандастарыма жеткізу парызым деген ой түйдім.
Айханым ӘНЕС,
№12-IT мектеп-лицейінің
11 сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!