Қазақ поэзиясының үні қарлығып қалмауы үшін жаңа тыныс, тың ізденіс пен озық ой керек. Еркіндігімен елеулі дүние тудырып, сезімін сөйлететін ақындар өлеңі оқырман назарынан түспеуі маңызды. Күйбең тірлікте күйгелектенбей, бір сәт жан тыныштығын сезініп, санаға серпіліс беруде өлеңнің құдіреті шексіз екені анық. Осы ретте әдебиет пен оқырманның әдемі байланысына дәнекер деп «Тармақтар» жобасын айтсақ болады. Жақында жаңа мазмұндағы екінші кітап өлеңсүйер қауымға жол тартпақ. Бұл туралы кітап авторы Еламан Төлеутаймен әңгіме өрбіткен едік.
–«Тармақтар» еш жарнамасыз танылған жоба. Бүгінде оқырманның ықыласы ыстық. Кітап авторы ретінде сезім-күйіңізбен бөліссеңіз…
–Әдебиет деген айдынға сызашықтай болып қосылған «Tarmaqtar» жобасын телегейдей шайқалтып, теңіз еткен қазақ поэзиясының алдияр оқырманы. Қазақ әдеби контентінде өзіндік орнын айқындаған бұл жоба оқырманның көз алдында дамып, жетілді.
О баста онлайн өткен «Поэзия түні» алты қалада офлайн форматта өтті. Жан ішегін, жүрек қылын қозғайтын музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен мейрамханаларда ұйымдастырылған кештер ақылы болды. Өлең тек кітапхана мен аудиторияларда ғана оқылмау керек деген қағидамен солай еттік. Орын санын шектеулі қылдық. Ол да өлең кешіне әрбір оқырман ешкімнің қинауынсыз, жан қалауымен бару керек деген ой еді. Біз ұлы поэзияның шын оқырмандары, риясыз фанаттары бар екеніне сендік. Сеніміміз ақталды да. «TARMAQTAR» кітабы жарық көрген сәттен бастап оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Кітаптың әр беті оқыған жанға ерекше сезім сыйласын деген ниетпен үлкен іңкәрлікпен жасаған едік. Оқырманнан толассыз келген алғыс пен ып-ыстық махаббатқа оранған хаттарды оқыған сайын жүрегіміз жылып, ойға алған дүниеніміздің орындалғанына қуандық.
–Алғашқы кітаптың сатылымында рекордтық көрсеткіш орнады. Жуырда жарық көретін жаңа мазмұндағы кітап таралымы қанша болмақ?
–Осы уақытқа дейін «TARMAQTAR» кітабының 6 мыңнан астам данасы сатылып үлгерді. Екі мың данамен шыққан еді. 1 айға жетпейтін уақытта таусылып, оқырманның сұранысы бойынша қайта басылды. Кітабымыздың екінші бөлімі әзірге екі мың данамен шықпақ. Бұл жолғы кітаптың атауы «Махаббатымды жеткізетін тармақтар». Ішіне қазақ ақындарының тек ғашықтық тақырыбындағы өлеңдері енді. Кітаптың мазмұны өзгергенмен, форматы ауыспады. Елімізде жарық көріп жатқан поэзия тіліндегі кітаптар жарнамаға мұқтаж. Нарыққа ілесе алмай қалып жатады. Шетелдегідей әрбір автор әдеби агенттермен бірлесе жұмыс жасаса, ақындарымыздың жыр жинағы бірнеше мың данамен таралып, сатылар еді. Қазіргі маркетингтегі жаңа қадамдарды тосырқамай, меңгеруіміз қажет.
–Тың жобаға, эстетиткаға толы кітапқа шетелден де қызығушылық танытқандар бар екен. Алдағы уақытта сұраныс пен ұсыныс қаншалықты қамтылмақ?
–Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Ресейдегі оқырмандарымыз қызығушылық танытты, кітапты сатып алды. Орыс тіліндегі нұсқасы жарық көрсе екен деген пікірлерді де көп оқыдық. Бәлкім болашақта басқа тілдерге аударып қалармыз. Ол әзірге уақыттың еншісінде.
–Ақын өлеңдеріндегі тұтас сезімді тармақтап, оқымаған ой орамын оқырманға ұсыну үшін поэзияны тауыса оқисыз ба? Талдау қалай жасалынады?
–Кітапты әзірлеу барысында көп уақыт жұмсайтын тұсымыз тармақ таңдау. Әр автордың өлеңдерін оқып шығамыз. Өздерімен хабарласып, жарияланбаған өлеңдерін сұраймыз. Бірінші кітапқа қарағанда екінші кітапқа енетін өлеңдерді таңдау қиын болды. Себебі тақырып біреу ғана болғандықтан, іріктеп алған тармақтарымыз мазмұны жағынан бір-біріне ұқсап кетпеуі шарт. Қиналған тұсымыз да осы болды. Стильдік тұрғыдан да ерекше жазатын, өлеңдегі өрнегі, ойы өзгеше ақындарды іздедік. Осы жұмыстар барысында өзімізге жаңалық болған бірінеше жаңа авторларды таптық.
–Екі жыл ішінде сынды да ескеріп, мақтауды да естідіңіз. Әр қаладағы поэзия түні, жарық көрген қос кітап, оқырман тарапынан тапсырыс қабылдау оңай емес. Жалпы, жобаны кім қаржыландырады?
–Бұл жобаны ешкім қаржыландырмайды. Аяққа тұрғызып, дамыту жолында көп тәуекелге бардық. Кітаптың екінші бөлімі де өз қаржымызбен шығады.
–Жеке шығармашылығыңызға оралсақ. Өз кітабыңызды жарыққа шығару жоспарда бар ма?
–Шығармашылық әзірге осы. Жаңалық күтіңіздер!
Сұхбаттасқан
Замира ДАСТАНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!