Наурыз мерекесі қарсаңында айналаны қоқыстан тазарту, бұлақ көзін ашу, көшет отырғызу дәстүрі қалыптасқан. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында өңірдің барлық елді мекенінде санитарлық тазарту, абаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
«KazStroyCapital LTD Kyzylorda» компаниясы «Қызылорда қаласын көгалдандыру» және «Қызылорда қаласының жасыл белдеуі» жобаларын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асыруға кірісті. Кызылорда қаласындағы өндірістік базаға 15 техника әкелінді. Қосымша 38 техника жолда, олар алдағы екі апта ішінде жеткізіледі.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев сенбілік барысында жаңа техникаларды көріп шықты.
Екі апта ішінде қалада көгалдандыру жұмыстары басталады, яғни ағаш отырғызу, суару жүйесін салу және тиісті инфрақұрылым жеткізу жоспарланған. Аймақ басшысы жұмыс сапасын қатаң қадағалауды тапсырды.
Сенбілікке Қызылорда қаласы және аудандардағы 954 мекемеден 10 610 адам, 198 арнайы техника жұмылдырылды. Полигондарға 219,5 тонна қоқыс шығарылды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес елді мекендер аумағының санитарлық тазалығы қатаң бақылауға алынып, жұмыс үздіксіз жалғасуы қажет.
Қала аумағында ұйымдастырылған сенбілікке 128 мекемеден 1872 адам қатысып, 81 техника іске қосылды. Жұмысқа «Қызылорда тазалығы», «Жасыл Қызылорда», құрылыс мекемелерінің, орман шаруашылығының техникалары жұмылдырылды. Орталық полигонға 300 текше метр қоқыс шығарылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!