Павлодар облысында 22 жастағы жігіт бұрынғы сүйіктісі болған 16 жасар қыздың ата-анасын аяусыз өлтірген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Pavlodarnews.kz порталына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Береговое ауылында болды. 16 жастағы Алинаның айтуынша, 2-3 шілдеге қараған түні оның жеті ай дос болған бұрынғы жас жігіті аяусыз кісі өлтірген.
«Шамамен бір ай бұрын мен оның есірткі қолданып жатқанын көрдім. Мен онымен бірден айрылысуды шештім. Ол қарсы болып, өз әрекетіне қатты өкінетінін айтты. 2 шілдеде мен колледжге түсу құжаттарымды тапсыруға дайындалу үшін Павлодарда болдым. Түнде әпкем маған қоңырау шалып, шұғыл түрде оралуымды сұрады. Кейін үйде анам мен өгей әкемнің өлтірілгенін білдім», – деді қыз.
Алинаға туыстары болған оқиғаны айтып берген.
“Сол күні үйде менің 13 жастағы інім, анам және өгей әкем болған. Отшашуды естіген анам мен әкем оны көру үшін сыртқа шыққан, ал інімнің барғысы келмеген. Кейін бірнеше уақыттын соң анам үйге жүгіріп келіп ініме жасырынуын сұраған. Өзі көмекке адам шақыру көшеге жүгірген. Алайда бұрынғы жігітім оны қуып жетіп пышақтаған. Анамды құтқарамын деген өгей әкемді де сол жерде өлтірген”, – деді Алина.
Қыздың айтуынша, қазір күдікті ұсталған, алайда оның жазадан босап кетуі де мүмкін екен.
“Маған оның анасы келіп, кешірім сұрап ақша әкелді. Жылап тұрып ұлының ауыратынын, сол сәтте есірткінің әсерінен осындай әрекетке барғанын айтты. Алайда бұл оны ақтамайды. Анамның денесінде пышақтың іздері көп, қатыгездікпен өлтірілген. Енді інім екеуміз жалғыз қалдық. Біздің туыстарымызбен байланыстарымыз жоқ. Ертеңгі күні кінәлі бостандыққа шығып, бізден кек ала ма деп қорқамын. Бұл істі бей-жай қалдырмауларыңызды өтінемін”, – деді Алина.
Облыстық полиция департаменті қос кісі өлімі туралы ақпаратқа түсініктеме берді.
«3 шілдеде сағат 02:10-да Тереңкөл ауданының Береговое ауылында жеке үйдің ауласынан 46 жастағы үй иесі мен оның 48 жастағы тұрғынының пышақ жарақаты түріндегі зорлық-зомбылық белгілері бар мәйіті табылды. Марқұмның кәмелетке толмаған баласы зардап шеккен жоқ. Өйткені ол үй-жайлардың біріне тығылған», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Департамент кісі өлтірді деген күдікпен 22 жастағы ауыл тұрғынын ұстағанын хабарлады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!