Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамының әлсіреуіне әсер еткен факторлардың көбейіп кеткенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, дамыған елдердің валюталар қоржынына қатысты АҚШ долларының индексі қыркүйекте 2,5%-ға өскен.
“АҚШ долларының жаһандық деңгейде күшеюі, импорттаушылар тарапынан маусымдық сұраныстың артуы, базалық мөлшерлемені төмендету бойынша қабылданған шешім, Үкіметтің квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді міндетті түрде сату туралы норманы қолдануының тоқтатуы теңге бағамының қысқамерзімді әлсіреуіне әкелді”, – деді Сүлейменов.
Ал мұнай бағасының өсімі мен төлем балансының жалпы жағдайы тұрақтандырушы әсерге ие болып, ұзақ мерзімде теңгеге қолдау көрсететінін айтты.
“Ақша-кредит саясатының бұдан әрі бағыты Ұлттық банктің бұрынғы іс-әрекеттері мен ақпараттық саясатына сәйкес болады. Нақты инфляцияның бәсеңдеу үрдісі қарқынды болса, базалық мөлшерлемені қалыпты түсіру жалғасады. Ақша-кредит саясаты әдеттегідей ашықтыққа, жүйелілікке, түсінікті әрі болжамды болу қағидаттарына негізделеді. Банк ықтимал ауытқуларға дер кезінде ден қою үшін жылдық инфляцияның таргетке келу траекториясын қадағалап отырады”, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Еске салайық, екі күнде теңге бағамы әлсіреп, доллар бағасы 480 теңгеден асқан еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!