Ережесі

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойына орай «ТЕҢІЗ ТЕКТІ ТҰЛҒА» атты жазушы журналистер арасында шығармашылық байқау өтеді. Байқау қаламгерлердің шабытын шыңдау мақсатында Арал аудандық әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады.

  1. Байқаудың мақсаты:
    – Ұлт тарихын түгендеп, елдік және ерлік дәстүрді қаламына арқау еткен жазушының ғибратты ғұмырын, шығармашылығын насихаттау;
    – Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің бекзада болмысын, өнегелі өмір жолы мен даналығын жастарға үлгі ету;
    – Әлем таныған Әбе туралы естеліктер мен ойлы оқиғаларды, мазмұнды материалдарды жинақтау;
    – Жазушы-журналистер арасындағы шығармашылық байланысты арттыру.
  2. Байқаудың шарттары:
    – Қаламгерлер додасына еліміздегі барлық БАҚ журналистері мен жазушылар қатыса алады;
    – Байқауға әртүрлі жанрдағы шығарма ұсынуға болады. Материал бағытын қаламгер өзі таңдайды;
    – Қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды;
    – Байқауға қаламгер бір ғана шығарма ұсына алады;
    – Материалдың көлемі 7-10 бет. Шығарма 10 беттен асып кетпеуі тиіс;
    – Шығармалар электрондық нұсқада Microsoft Word форматында 14 кегльмен, 1,5 интервалмен, Times New Roman қарпімен ғана қабылданады;
    – Сайысқа бұған дейін ешбір газетте, журналда, кітапта, электронды ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жарияланбаған, басқа байқауларға жіберілмеген жаңа шығарма ұсынылады;
    – Додаға қатысушы тілші өзінің толық аты-жөні, мекенжайы, қысқаша өмірбаяны, телефон нөмірі, сапалы суреті мен шығармасын tolkyn_gazeta@mail.ru электронды поштасына немесе 87058247432 WhatsApp нөміріне #Байқауға хэштегімен жазып жібереді.
  3. Байқаудың мерзімі:
    – Байқауға қатысатын шығармаларды қабылдау 2024 жылы 15 қазан күні тоқтатылады;
    – Қабылданған шығармалардың ішінен іріктелген жеңімпаздар Арал қаласына қорытынды кешке шақырылады. (Өтетін орны мен уақыты қосымша хабарланады);
    – Іріктелген шығармалардың ішіндегі ең үздіктері тәуелсіз қазылар шешімімен анықталады;
    – Үздік деп танылған шығармалар БАҚ-қа жарияланады.
  4. Байқаудың қазылар алқасы:
    – Қазылар алқасы қазақ прозасында өзіндік орны бар қаламгерлерден құралады;
    – Олар байқауға түскен шығармаларды саралап, ең үздіктерін анықтайды;
    – Анықталған шығармалардың жеңген орнын көрсетіп, ұйымдастырушыларға ұсынады;
    – Ұйымдастырушылар бәйге жүлделерін үйлестіреді.
  5. Байқау бәйгесі:
    – Бас бәйге – 300 мың теңге;
    – Бірінші орын – 200 мың теңге;
    – Екінші орын – 150 мың теңге;
    – Үшінші орын – 100 мың теңге;
    – Ынталандыру – 10 адамға 20 мың теңгеден беріледі.
    Байқауға түскен шығармалардың сапасына қарай қазылар алқасының ұсынысымен және ұйымдастырушылардың мақұлдауымен бәйгелер саны өзгеруі мүмкін.
  6. Байқау жеңімпаздарын марапаттау Арал қаласында өтеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!