Кемеңгер жазушы, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Тіл – елдің елдігінің, оның ғылымы мен мәдениетінің, өнеркәсібінің, қоғамдық құрылысының, салт- санасының, жауынгерлік дәстүрінің, ұлттық мұрасының қай дәрежеде екенін білдіріп тұратын көрсеткіш».

Иә, бүгін қозғайтын тақырыбымыз тіл мәселесіне арналады. Қанға ана сүті арқылы дарыған тілдің ұлттың жаны екенін біліп, естіп, жүрекпен сезіп өстік. Ол бірде өркендеп халықтың ең басты рухани қазынасына айналса, енді бірде тарих сахнасынан мәңгіге өшіп, тұтас бір халықтың тарихын, әдебиеті мен болмысын өзімен бірге ала кететін қауқары бар. Кейінгі уақытта ана тіліміздің қолданылуы күрделі мәселеге айналғанын байқадық. Қай жерде, қашан шалыс бастық? Қарастырып көрейік.

«Instagram», «TikTok», «YouTube» сияқты платформаларда қазақтілді блогерлердің контентін бағалап көрдіңіз бе? Ондағы дүниенің көбі сападан гөрі, арзан күлкі мен «хайптың» ықпалына құрылғанын байқайсыз. Дөрекі сөздер мен бірнеше тілдің үйлесімі қолданылады. Филолог ғалымдардың айтуынша, әлеуметтік желідегі мұндай тілдік қолданыс «код-свитчинг», яғни бір сөйлемде екі тілді араластыру құбылысын қалыптастырып, тілдің ішкі заңдылықтарын бұзады. Бұл тілдің бар мүмкіндігін шектеп ғана қоймай, ұлттық болмысымызға жат құндылықтарды енгізеді. Мұндайда Мұстафа Шоқайдың: «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» деген сөзі ойға келеді. Себебі баланың ойлайтын, сөйлейтін, үйреншікті тілі кейін оның мәдениетінің қалыптасуына әсер етеді. Ал өзге тілді күнделікті қолданысқа еңгізсек, басқа елдің әдебін де бойымызға сіңіреміз.

Рас, кейде ойды жеткізу үшін сөз таба алмай, басқа тілге жүгінеміз. Тіпті аудармасы жоқ деп, қолды бір сілтейміз. Алайда қазақ тілінің байлығы біз ойлағаннан да терең. Мәселен, бір ғана жылқы сөзінің өзі ат, құлын, жабағы, тай, құнан, дөнен, бесті, айғыр, бие, байтал сияқты баламаға ие. Бұл – тіліміздің қаншалықты бай екенінің кішкентай ғана дәлелі.

Өзге, оның ішінде орыс тілінің күнделікті қолданысқа енуі тек әлеуметтік желіде ғана емес, кино мен фильмдерде жиі кездеседі. Туындылардағы тіл мәселесіне мінберде жүргендер де алаңдаулы. Мысалы қазір «Тырна», «Игрок», «Шекер», «Сәке» секілді жаңа форматтағы сериалдар көбеюде. Бұл туындылар расымен өзекті мәселелерді қозғайды. Дегенмен қазақ көрерменіне тек орыс тілінде ұсынылып және тілдік лексиканың дұрыс қолданылмауы көрерменге жағымсыз ықпал етеді. Кейінгі уақытта отандық киноиндустрияда «шынайылықты көрсету» деген желеумен дисфемизмді, бопсалау сөздерді қолдану сәнге айналды. Кейбір режиссерлер мен сценаристер кейіпкердің образын ашу үшін, оқиғаның драмасын қоюлату үшін фильмге алып-салма сөздерді қосуды қалыпты жағдай санайды. Алайда, бұл «шынайылық» көбіне әдепсіздікті насихаттауға ұласып, жасөспірімдердің санасына дөрекілік қалыпты жағдай ретінде сіңеді. Экрандағы сүйікті актері айтқан әрбір әдепсіз сөз жанкүйер үшін еліктеу үлгісіне айналатыны сөзсіз. Бұл туралы депутат Құдайберген Бексұлтанов Мәжілістің жалпы отырысында өз пікірін білдірді. Ол фильмдер арқылы дөрекілік пен арсыздық насихатталып жатқанын айтып, онсыз да әлеуметтік желілерде мұндай дүниенің өршіп тұрғанын жеткізді. Аталған фильмдердің көрсетілуі жағдайды ушықтырады. Оларға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінсе, бұл нағыз апат болатынын ескертті. Бұл мәселеге Мемлекет басшысының өзі де алаңдаушылық білдіргенін айтты.

Расымен, фильмнің кейіпкерлеріне еліктеу үлкен дауға айналып отыр. «Ordakazakhstan»-ның осы мәселеге қатысты өткізген сауалнамасында қатысушылар «Кейде зорлық-зомбылықты көрсету үшін фильмде орынды қолдануға болады», «Балағат сөздер балаларға жаман әсер береді, себебі олар естігеннің бәрін сіңіріп алады. Сол үшін балағат сөздер әр адамға әрқалай әсер етеді», «Дөрекі сөздер құлаққа жағымсыз естіледі» деген секілді пікір білдірген. Фильмдерде көбіне аудиторияның жасына шектеу қойылатынын ескерген жөн. Бірақ оған қарамастан балаларға мұндай фильм көруге біз тыйым салмаймыз. Отандық фильмдердегі тіл мәселесі әлі де өзекті. Ол болашақ буынға үлгі. Бірақ ата-ана ретінде баланың тұтынатын контентін бақылау да маңызды. Ол тек мемлекеттің мойнына жүктеліп қойылатын мәселе емес. Ата-аналар балаларға бейжай қарамай, оның не көретінін қадағалап отырса, жас буынның тілдік мәдениеті мүлдем басқа деңгейде болар ма еді? Сондықтан қазақ тілінің сауатты қолданылуы, дөрекілікке ұласпауы бірінші өзімізге байланысты.

Әрі қарай жалғастырсақ, бұл кино немесе әлеуметтік желідегі ғана мәселе емес екенін аңғарамыз. Қазіргі заманауи музыка өнері де біраз өзгеріске ұшырады. Қазақ әншілері тек орыс тілінде ән жазып, кейде тілдің екпінің дөрекілікке аударады. Десе де ырғағы, дөрекі сөзі тыңдарманды үйіріп әкетеді. Сәт сайын жаңаратын интернет кеңістігінде барлық контентті бақылау мүмкін емес. Сондықтан желіде дөрекі жазбалар да көп. UNICEF мәліметінше, Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің 81%-ы бастауыш мектеп жасынан бастап интернетті белсенді қолданады, олардың 73%-ы әлеуметтік желілерде тіркелген. Ұлыбританияда 8-17 жас аралығындағы балалардың 81%-ы кем дегенде бір желіні қолданады. АҚШ-та 8-12 жас аралығындағы балалардың шамамен 40%-ы ғаламтордың әлеуметтік қосымшаларын пайдаланады. Бұл санақ ақпарат әлемінің, әсері көбіне психикасы енді қалыптасып келе жатқан жас буынға ықпал ететінін көрсетеді. Оның әсерінен жасөспірім видео мазмұнында қолданылған сөздерді, әрекетті қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Олардың бойында «Миллион қаралым жинап жүрген адам осылай сөйлесе, мен неге қалуым керек?» деген ой туып, зиянды әрекеттерге әуес болады. Блогерлердің іс-қимылы мен сөйлеу мәнері жас буынға үлгі болатын кездер де аз емес. Қазақстандағы жасөспірімдер арасында әлеуметтік желілерді шамадан тыс қолдану тақырыбында 2018 жылы жүргізілген зерттеу жасөспірімдердің 6,9%-ы әлеуметтік желілерді проблемалық деңгейде пайдаланғанын анықталды. 2022 жылы бұл көрсеткіш 12,7%-ға дейін өсті. Қалалық мектеп оқушылары арасында 14,4%-ға жетсе, ал ауылдық жерлерде 10,2% болды.

Әлеуметтік желі – шығармашылық, ерекшеленудің, көрген-білгеніңмен бөлісу мүмкіндігі. Бірақ кино мен музыкада контентті белгілі бір дәрежеде бақылау мүмкіндігі болса, әлеуметтік желідегі жағдай әлдеқайда күрделі. «TikTok», «Instagram», «YouTube» сияқты платформаларда кез келген адам ешбір сүзгіден өтпеген контентті миллиондаған аудиторияға тарата алады. Қысқа видео, пранк, вайндар арқылы танымалдылыққа ие болған кейбір блогерлер өздерінің дөрекі сөйлеу мәнерін «шынайылық» пен «қарапайымдылықтың» белгісі ретінде көрсетеді. Бұл, өз кезегінде, жас аудиторияның тілдік нормаларға деген көзқарасын өзгертіп, сауатсыздықты қалыпты жағдай ретінде қабылдауына ықпал етеді. Олар блогерлерге қарап дөрекілікті «өзіндік стиль», «мықтылықтың» көрінісі ретінде қабылдайды. Кейін ол бір баладан екіншіге тарап, бөлек мәдениетке айналады. Ғаламтордағы сауатсыздық пен тілдің бұзылуының алдын алу өте қиын. Себебі виртуалды әлемдегі қарым-қатынас жылдамдыққа негізделген, сондықтан көпшілік орфографиялық немесе пунктуациялық ережелерге мән бере бермейді. Алайда бұл мәселеге көз жұма қарауға болмайды. Себебі әлеуметтік желіде қалыптасқан сөйлеу дағдысы біртіндеп күнделікті өмірге де көшеді.

Тіл – жай ғана қарым-қатынас құралы емес. Ол – ұлттың жаны, оның бүкіл болмысы, өткені мен болашағы. Егер оған дөрекілік сөздердің шаңы қона берсе, ұлт ретіндегі рухани тұғырымыздың шайқалатыны анық. Сондықтан бүгінгі контенттегі тіл мәселесі – баршаға ортақ жүк. Сапалы қазақтілді контентті қолдау, бала тәрбиесіне мән беру және ана тіліміздің тазалығын сақтау – ортақ мақсат болуы тиіс.

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!