Өңірде автомобиль  жолдары қашанда өзекті. Биыл бұл бағытта аймақта қарқынды жұмысты байқауға болады. Атап айтсақ  Арал ауданының жол желісін дамытуға 1,9 млрд.теңге, Қармақшы ауданына «Самара-Шымкент-Ақжар-Көмекбаев» автомобиль жолын күрделі жөндеуге және Жосалы кентінің 12 көшесін орташа жөндеуге  305 млн. теңге, Жалағаш ауданының жол желісін дамытуға 576,7 млн. теңге, Қазалы ауданының жолын жақсартуға барлығы 1,8 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы коммуникациялар орталығында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Пакуатдин Шамұратов  мәлімдеді. Бүгінде облыс аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3420 шақырымды құрайды. Оның 1016 шақырымы республикалық, 555 шақырымы облыстық, 1849 шақырым аудандарға тиесілі.

– Биылғы жылдың жарты жылдығында өзекті мәселенің бірі саналған Арал ауданына қарасты Қамыстыбас, Қосжар, Аманөткел, Аққұлақ және Бөген елді мекендерін аудан орталығымен байланыстыратын асфальт жолын салу болатын.  Ұзындығы 23 км құрайтын облыстық маңызы бар автожолға орташа жөндеу жұмыстары басталды. Ауыл тұрғындары енді айнадай жолмен аудан орталығына еркін қатынайтын болады. Мұндай жұмыстар барлық аудандардан да жасалуда. Бастысы мердігер мекемелер тапсырысты тиянақты орындауы тиіс. Сапалы жолмен қамтамасыз етуді әрдайым қадағалаймыз, – деді басқарма басшысы.

Әлия Тәжібай

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!