Осы жылдың 10 айында Қызылорда облысына 290,9 млрд теңге инвестиция тартылды.
Экономикаға отандық һәм шетелдік инвесторларды тарту қашанда өзекті. Оның үстіне 2025 жылға қарай республиканың ішкі жалпы өніміндегі инвестицияның үлесін 25 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Осыған орай, Үкімет алдағы 5 жылға (2022-2026 жылдарға) арналған арнайы жоспарды бекіткен еді. Аталған жоспарға сәйкес биыл Қызылорда облысына 373,5 млрд теңге инвестиция тарту қажет. Әзірше 2022 жылдың қаңтар-қазан аралығында өңірге 290,9 млрд теңге инвестиция тартылған. Осылайша, он айдың қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіш 77,8 пайызға орындалды.
Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, есепті кезеңде барлық аудан мен Қызылорда қаласында оң көрсеткішке қол жеткізілген. Былтырмен салыстырғанда көрсеткіштің ең жоғары өсімі – Сырдария (167,9 пайыз), Жаңақорған (163,3 пайыз), Шиелі (141,8 пайыз) және Қазалы (124,2 пайыз) аудандарында байқалып отыр. Өсім негізінен өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және жинақтау салаларында, қаржы және сақтандыру қызметінде, жылжымайтын мүлікке қатысты операцияларда, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету, өнер, ойын-сауық, демалыс және басқа да салаларда қамтылған.
Инвестиция көрсеткішінің оң нәтижесіне қол жеткізу үшін облыста қолайлы климат қалыптасқан әрі облыс әкімдігі тарапынан инвестиция тарту бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, биылдан бастап түрік компанияларымен бірлескен жобалар жандана бастады. Осы жылдың қыркүйек айында инвестиция саласына жетекшілік ететін облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов Түркия еліне жасалған іс-сапар барысында бір топ түрік инвесторымен кездескен. Енді сол сапарда пысықталған жобаларға тоқталайық.
Қос тараптың қызығушылығын оятқан ірі жобаның бірі – жылына 28 мың тонна томат пастасын өндіру жобасы. «Tat Gida» компаниясының басшылығымен Қызылордада қызанақ пастасын шығаратын зауыт салу мәселесі талқыланған. Кездесу нәтижесінде шетелдік инвесторлар қыркүйек айында өңірге іс-сапармен келіп, зауыт орналасатын және томат егілетін жер телімдерімен танысқан. Келер жылы зауыт құрылысын бастау жоспарланып отыр.
«Атап өтерлігі, биыл «Таt» компаниясымен бірлесіп, 10 гектар жерге тәжірибелік қызанақ егілді. Зауыт құрылысы үшін 30 гектер жер телімі табысталды. Жоба бастамашысы қажетті инфрақұрылым жеткізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге кірісті», деп нақтылады облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы.
Түркия тарапымен жүзеге асырылатын тың жобалардың қатарында қуаттылығы жылына 240 МВт болатын жылу-электр орталығын салу жобасы да бар. Ол үшін «Акса энерджи» компаниясының басшылығымен кездесу ұйымдастырылып, облыс орталығынан жылу-электр орталығын салу жобасына қатысты кейбір мәселелер пысықталған. Келер жылы компания құрылыс жұмыстарын бастайды. Құны 215 млрд теңгені құрайтын жылу электр орталығының капсула салу рәсімі 7 қыркүйекте түрік инвесторларының қатысуымен Қызылорда қаласында өткізілгені баршаға мәлім.
Келесі жоба қағаз қаптар өндірісіне арналған. «Kazakh Invest» ұлттық компаниясымен бірлесіп түркиялық «Isiklar Holding» компаниясына аталған жобаны облыс аумағында жүзеге асыру үшін қажетті инженерлік инфрақұрылымы жеткізілген бос тұрған өндірістік ғимараттар ұсынылған. Нәтижесінде осы жылдың қыркүйегінде түркиялық компанияның бас директоры Ока Хусейн облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовпен кездесіп, жобасын іске асыру мәселелерін талқылады. «Isiklar Holding» – Түркияда қағаз қораптарды өндірумен айналысатын, жылдық айналымы 250 млн АҚШ долларын құрайтын ірі компания. Кездесу аясында түркиялық инвесторға өңірдің инвестициялық әлеуеті және жобаны орналастыру үшін бірнеше өндірістік объекті таныстырылған болатын.
«Ірі жобаның тағы бірі қағаз қораптар өндірісіне арналған. Дәлірек айтсақ, гофрленген қағаз қораптар өндірісі жобасы. Түркиядағы гофрленген қағаз қораптардың ең ірі өндірушісі болып саналатын «Barem Ambalaj» компаниясына облыста бірлескен кәсіпорын ашу мәселесі ұсынылды.
«Осыдан бір айдай уақыт бұрын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың және облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың қабылдауында «Fortescue Future Industries» компаниясының өкілдері болды. Бұл – «жасыл энергетика» саласына инвестиция салуға ниетті аустралиялық компания. Кездесу барысында жаңғыртылатын энергия өндірісін, Қазақстандағы және өңірдегі жасыл өнеркәсіпті дамыту мәселелері талқыланды», деп хабарлады өңірдің кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы.
«Қорқыт ата» әуежайының жолаушылар мен жүк ағымын одан әрі ұлғайту, қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында әрі қазіргі замануи ғимараттың қажеттілігіне орай, Қызылорда қаласында өткізу қабілеттілігі сағатына 250 жолаушыны құрайтын әуежайдың жаңа терминалын салу жөнінде шешім қабылданған болатын. Бұл ретте жеке инвестор Болат Өтемұратовтың қоры әуежай терминалының жұмыс жобасын әзірленуде. Жобаның құны шамамен 25 млн АҚШ долларын құрайды. Әуежай құрылысы келер жылы басталып, 2024 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жаңа әуежай терминалында барлық халықаралық стандарттарға сай жолаушыларға қызмет көрсетуге қажетті жағдайлар қарастырылатын болады.
Біз инвестициялық әлеуеті жоғары Қызылорда өңірінде жүзеге асырылмақ ірі жобалардың кейбіріне ғана тоқталдық. Әйтпесе, пысықталып жатқан жобалар жетерлік. Ең бастысы облыс әкімдігі тарапынан бекітілген жоспарлы көрсеткішке қол жеткізу мақсатында іске асырылып жатқан, алдағы уақытта іске асырылатын жобаларға сүйемелдеу, бақылау орнату, туындаған мәселелерін шешу бағытындағы жүйелі жұмыстар ойдағыдай жүргізіліп жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!