Толассыз жауған жауын салдарынан Түркістан облысы Төле би ауданындағы Бірінші мамыр ауылын су басты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қазіргі таңда Түркістан облысының құтқарушылары жауын-шашынның салдарынан болған су тасқынының салдарын жоюды жалғастыруда. 7 қарашада сағат 17.30-дан бастап Түркістан облысында толассыз жаңбыр жауды. Облыстың Төлеби ауданында жекеменшік балабақша ауласы мен жеке сектордың 25 аула аумағын су басты», – деді ТЖМ баспасөз хатшысы Руслан Иманқұлов.
Төтенше жағдай министрлігінің өкілі жағдайдың Түркістан облысы әкімдігі мен төтенше жағдайлар департаментінің бақылауында екенін айтты.
«Арнайы мобильді құтқару жасағы құрылып, іске қосылды. Қазір Түркістан облысының жергілікті атқарушы органдары мен Төтенше жағдайлар департаменті суды сорып, инертті материал салынған қаптарды төсеу жұмыстарын жүргізуде. Қазірдің өзінде 200-ден астам қап төселді, су жиналатын жерлерге 300-ге жуық қап төсеу жоспарлануда. Атаулы көмек бар. Алдын алу жұмыстары жалғасуда. Ал, синоптиктердің болжауынша, 8 қарашада облыста тағы да қатты жауын-шашын күтіледі», – деп ескертті Иманқұлов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!