Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының ұйымдастыруымен бүгін Түркістан қаласында «ARAL – 2024» жасылдар партияларының халықаралық І саммиті өтті.

Арал теңізінің ахуалы адамзатты алаңдатып отыр. Орталық Азия және Каспий маңы елдері қоршаған ортаны, соның ішінде Арал теңізін қорғау бағытында ортақ келісімдер мен шешімдер қабылдап келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде де Арал теңізін құтқару үшін нақты шаралар жасалып жатқанын атап өтті.

Климаттық өзгерістерге төтеп беру, апатқа ұшыраған Арал аумағын оңалту, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану — жауапкершілігі мен маңызы жоғары кешенді жұмыс. Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы айтулы мәселелерді шешу үшін түрлі деңгейде бірлескен күш-жігер қажет екеніне назар аударғысы келеді. Осы орайда тұңғыш рет бірқатар мемлекеттегі жасылдар партияларының басын қосып жатқан «ARAL – 2024» саммитінің арқалайтын жүгі ауыр.

Түркістанда «ARAL - 2024» жасылдар партияларының халықаралық I саммиті өтті

Саммитте күн тәртібіндегі экологиялық мәселелердің шешу жолдары және солардың түйінін тарқатудағы жасылдар партияларының рөлі сараланды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясының ықпалы да талқы тақырыбына айналды. «Байтақ» партиясы қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға серпін беретін бастаманы қолдап, өз үлесін қосып келеді.

Саммиттің ашылуында сөз алған «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев су қауіпсіздігі – Орталық Азиядағы ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.

Түркістанда «ARAL - 2024» жасылдар партияларының халықаралық I саммиті өтті

«БҰҰ деректері бойынша, 2050 жылға қарай Орталық Азия халқының саны 90 миллион адамға жеткен кезде су тапшылығы 25-30 пайызға дейін болуы мүмкін. Сонымен қатар, егіншілікке пайдаланылатын су ресурстарына қажеттілік 2030 жылға дейін 30 пайызға артуы ықтимал. Бұл экономикалық көрсеткіштер мен азаматтардың табыс деңгейіне де кері әсерін тигізеді, – деп атап өтті А.Әміртаев.

– Су тапшылығы мәселесі аймақта қақтығыстар мен тұрақсыздық қаупін, әсіресе сыртқы күштердің араласу қаупін туындатады. Қазіргі уақытта Орталық Азия елдері арасында су және климаттың өзгеруі мәселелері бойынша бірлескен ынтымақтастықты және өңірлік интеграцияны белсендіру қажеттілігі туындап отыр. Аймақ елдері серіктестік пен тату көршілік жолын ұстануы тиіс».

Сонымен қатар, ол «Байтақ» партиясының Қазақстан гидросферасын сақтауға қосқан үлесіне тоқталды. Мысалы, партия су ресурстарын ұтымды пайдалану бойынша семинарлар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, Арал және басқа өңірлерді көгалдандыру жобаларын жүзеге асыруда, сондай-ақ ағынды және ластанған суларды тазарту мен қайта пайдалану бойынша жаңа технологияларды енгізуде.

Ал Қырғызстан Жасылдар партиясының төрағасы Еркін Бөлекбаев аймақ республикалары үшін экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде өзекті мәселе екенін атап өтті.

Түркістанда «ARAL - 2024» жасылдар партияларының халықаралық I саммиті өтті

«Қырғызстан Жасылдар партиясы экологиялық мәселелердің салдары экожүйелер мен халық денсаулығына қазірдің өзінде әсер етіп жатқанына алаңдаушылық білдіреді», – деді Е.Бөлекбаев.

Спикердің айтуынша, бүгінде Қырғызстанда қоршаған ортаны қорғау тек коммерциялық мүдделер мен баюды көздейтіндердің қысымына төтеп бере алмай отыр. Адам факторы мұздықтардың еруіне әкеліп, ерекше алаңдаушылық туғызуда. Болжамдарға сәйкес, 2025 жылға қарай Қырғызстандағы мұздықтардың ауданы орта есеппен 30-40%-ға қысқаруы мүмкін. Қазірдің өзінде шамамен 604 мың қырғызстандық ауыз су тапшылығын сезінуде.

«Бұл – мемлекеттің экологияға жауапты органдары өздеріне жүктелген міндеттерді орындай алмай отырғанын тағы бір рет дәлелдейді. Табиғатты қорғау қызметінің жекелеген бағыттары мүлдем іске аспай жатқанын, жалпы көптеген олқылықтар жіберілгенін сарапшылар айтудай-ақ айтып келеді, – деп нақтылады Е.Бөлекбаев.

– Қырғызстан су ресурстарын тұрақты басқару және климаттың өзгеруіне бейімделу үшін инновациялық технологиялар мен халықаралық ынтымақтастықты пайдалану мүмкіндіктеріне ие. Су мәселелері бойынша өзара әрекеттестік Орталық Азия елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін ерекше маңызды».

Ресейдің экологиялық «Жасылдар» партиясының тең төрайымы Александра Кудзагова табиғатта болып жатқан ауқымды үдерістер мен өзгерістерді халыққа жеткізуде «жасыл» партиялардың рөлі зор екенін атап өтті. Су тасқын сияқты табиғи апат 50 жылға жетпей қайта қайталанады, ал кейіннен бұл құбылыс қалыпты жағдайға айналуы мүмкін. «Жасыл» партиялар – ғылыми білімдерді халыққа түсіндіретін, апаттардың алдын алуға көмектесетін маңызды күш-құрал.

Түркістанда «ARAL - 2024» жасылдар партияларының халықаралық I саммиті өтті

«Росгидрометтің деректері бойынша, Қазақстанмен шектесетін Ресей облыстарында жазда жауын-шашын мөлшері азаяды. Қалмақия, Астрахань және Волгоград облыстары мен Дағыстанда шөл және жартылай шөл аудандарының аумағы жыл сайын 500 шаршы километрге ұлғаюда, – деп атап өтті А.Кудзагова.

– Біздің ойымызша, Орталық Азияда КСРО-дан мұраға қалған гидротехникалық жүйені кеңейту жұмыстарын дереу бастау қажет. Бұл жүйе қазіргі және болашақ климаттық жағдайларға бейімделмеген. Жаңа су қоймаларын және осы су қоймаларын байланыстыратын жаңа каналдар салу қажет».

Өз баяндамасында А.Кудзагова атом энергетикасын дамытуды қолдау және оның артықшылықтары туралы да айтты. Бұл тек экономикаға ғана емес, сонымен бірге су мәселелерін шешуге де ықпал етеді.

Моңғолияның «Азаматтық ерік» Жасыл партиясы төрағасының орынбасары Тогоочийн Бат-Эрдэнэ «Жасыл синергия: өңірлік экологиялық мәселелерді шешу және ынтымақтастық мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады.

Түркістанда «ARAL - 2024» жасылдар партияларының халықаралық I саммиті өтті

Өзбекстан экологиялық партиясы атынан партияның Орталық кеңесі Атқарушы комитетінің бөлім жетекшісі Комилжон Жураев сөз сөйледі. Ол партияның ауаның ластануын болдырмау, биологиялық әртүрліліктің қысқаруын азайту және климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша ауқымды жұмыстарына белсенді қатысып отырғанын атап өтті.

«Бүгін I жасыл партиялар саммиті аясында біз барлық қатысушыларды тек табиғатты ғана емес, адамдардың тағдырын да бұзатын экологиялық апаттардың алдын алу үшін күш-жігерді қолдауға шақырамыз. Арал апаты, оның салдарын біз Өзбекстан жақсы білеміз, баршамызға сабақ болуы керек. Тек бірлескен әрекеттер арқылы біз климаттық өзгерістердің салдарын жеңілдетіп, биологиялық әртүрлілікті сақтай аламыз, – деді К.Жураев.

– Біздің ойымызша, Өзбекстан экологиялық партиясы болашақтың жасыл дамуға тиесілі екеніне сенеді. Жасыл даму бейбітшілікті нығайтады, үйлесімділікті қамтамасыз етеді және барлық халықтың гүлденуі үшін тұрақты негіз қалайды. Табиғат үшін, бейбітшілік үшін және болашақ үшін бірігейік».

Іс-шараның қорытындысында спикерлер «ARAL – 2024» жасыл партиялардың I саммиті экологиялық мәселелердің ауқымын түсініп қана қоймай, сондай-ақ бірлескен тиімді ынтымақтастық үшін платформа құруға арналғанын атап өтті. Олар тек бірлесе отырып қана климаттық сын-қатерлерді шешуге, экожүйелерді нығайтуға және табиғи байлықты сақтауға қадам жасауға болатынын айтты. Жиналғандар Қазақстандық «БАЙТАҚ» жасылдар партиясының төрағасы А.Әміртаевтың жасылдар саммитін тұрақты негізде өткізу қажеттілігі туралы мәлімдемесін қолдады.

Түркістанда «ARAL - 2024» жасылдар партияларының халықаралық I саммиті өтті

Саммит барысында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Моңғолия жасыл партиялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, тараптар табиғатты қорғау шараларын өткізу, халық арасында экологиялық білім мен үгіт-насихатты бірлесіп кеңейту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы тәжірибе мен білім алмасу жөнінде келісімге келді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!