Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» №689 қаулысына сәйкес, 5 қыркүйек – халқымыздың тағдыры мен тілі үшін күрескен, қазақ әліпбиінің негізін салған, ұлт ұстазы, Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырып, Қазақстан халқы тілдері күні болып аталып келеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов Қазақстан халқының тілдер мерекесіне орай облыстық іс-шаралар жоспары бекітілгенін атап өтті.

– Шын мәнінде тілдер мерекесі – Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерінің ана тіліне құрмет көрсететін ортақ мейрам.

Осы орайда Қазақстан халқының тілдері күні мерекесін атап өтудің облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді.

Осыған сәйкес, Қазақстан халқының тілдері күні мерекесін 2-11 қыркүйек аралығында атап өтудің «онкүндігін» ресми жариялаймыз.

Онкүндіктің әрбір күніне тақырыптар бекітілген.

2 қыркүйек – «Тіл болашағы – балабақшада» деп аталады.

Онкүндігіміз қаладағы «Бегім ана», «Сыр еркесі» балабақшаларында өткен «Тілді сүю – талбесіктен» акциясынан бастау алды. Шара аясында ертегілер арқылы бүлдіршіндерімізге ана тілін меңгерту, тілін ұстарту бағытында түрлі ертегі кітаптары, жаңадан баспадан шыққан «Балапан» журналдары, басқа да әдістемелік оқу құралдары тарту етілді.

Сондай-ақ тілдер мерекесіне орай облыс балабақшаларында ертеңгіліктер өткізілуде.

3 қыркүйекте «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі» атты іс-шаралар өткізу жоспарланған. Бұл күні тіл жанашырларының, этнос өкілдерінің, тіл мерекесімен құттықтау бейнеролигі әзірленіп, әлеуметтік желілерде жарияланып жатыр.

Сонымен қатар, тіл мерекесіне арналған «Тіл – тарихтың үні» атты тақырыптық бейнеролик әзірленіп, облыстық телеарна, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы көпшілік назарына ұсынылуда, – деді басқарма басшысы

4 қыркүйек – «Қауырсын қалам»деп аталады.

Бұл күні білім ұйымдарында «Тіл – мәңгілік елдің – мәңгілік мұрасы» тақырыбында шығарма жазылады және Жаңақорған ауданында «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлты ұлықтаған ұлы тұлға» тақырыбында мекеме қызметкерлері арасында эссе жазудан сайыс өтеді.

5 қыркүйек – «Тіл – татулық тірегі» деп аталады.

Бұл күні – Қазақстан халқының тілдері күніне арналған негізгі салтанатты шарамыз «Достық» үйінде өтеді.

Сонымен қатар барлық мекемелер мен ұйымдарда тілдер күніне арналған жиындар, дөңгелек үстелдер, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда үлес қосып жүрген мамандарды марапаттау бағытында түрлі форматта шаралар және облыс кітапханаларында тіл мерекесіне орай «Тіл – ұлттық қазына», «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі», «Тіл – асыл қазына», «Тіл – ұлттың жаны, әр халықтың байлығы» тақырыптарында көрмелер ұйымдастырылады.

6 қыркүйек – «Тіл – ғұмыр» деп аталған.

Ғалымдардың тіл білімі саласындағы зерттеулерінен мысалдар жариялау мақсатында Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының әлеуметтік желі парақшасында ақпараттық-танымдық айдарлар жарияланады.

7 қыркүйек – «Тіл туралы толғамдар» деп аталады.

Ахмет Байтұрсынұлының нақыл сөздері Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының және қала, аудан әкімдіктерінің әлеуметтік желілерінде жарияланады.

8 қыркүйек – «Жастар және тіл» тақырыбына арналды. «Жастар» ресурстық орталығында «Қазақша сөйлеу – тренд» ТеdХ форматында ашық пікір алаңы, «Анаға тағзым» орталығында «Ана тілім – ұлтымның болашағы…» ойталқы алаңы, «Қоғамдық келісім» орталығында этнос өкілдері арасында «Қазақша QUIZ» облыстық байқауы, жоғары сынып оқушылары арасында «Үштілділік – заман талабы» атты дебат, қалалық мәдениет үйінде «Сөйле, сөйле жүрек тілі, жыр тілі» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, Жалағаш ауданында «Ұшқыр ой» жастар арасында топтық интеллектуалды сайыс ұйымдастырылады.

9 қыркүйек – «Тіл және қоғам» мәселесіне негізделген.

Бұл күні мемлекеттік тілді насихаттау бағытында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға отыру және облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымының ұйымдастыруымен Қызылорда қалалық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында «Бір шаңырақ астында – көп тіл, ортақ жүрек» атты тілдер фестивалін өткізу жоспарлануда.

10 қыркүйек – «Мемлекеттік тіл – қоғамдық көліктерде» деп аталады.

Қызылорда қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қалаішілік қоғамдық көліктерде «Тіл тазалығы» акциясы өткізіледі.

11 қыркүйек – «Сөз маржанын терсеңіз» деген тақырыппен түйінделеді.

Арал ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Тіл – достықтың алтын көпірі» атты жас ақындар мүшәйрасы, Сырдария ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ана тілің – арың бұл» жаңылтпаш пен мақал айту сайысы өтеді.

Барлық ұйымдастырылған шаралар «Тіл мерекесі», «Қазақстан халқының тілдері күні» хэштегтерін пайдалана отырып, кең көлемде ақпараттандырылады.

Жалпы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы шаралар тек қана тілдер мерекесі қарсаңында ғана емес, жыл бойы жүргізіледі.

Баспасөз конференциясында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ҚБ Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Абайбек Жүнісов жылдан жылға мемлекеттік тіліміздің мәртебесі көтеріліп, көптеген шаралар атқарылып жатқанын атап өтті.

– Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы ҚБ Қызылорда облыстық филиалының осыған сәйкес мақсаты да мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, оның мәртебесін одан әрі арттыру, сондай-ақ жастарға ұлттық құндылықтарымызды насихаттау болып табылса, осы бағытта жыл басынан бері облыс көлемінде көптеген іс-шара атқарылып жатыр, – деді ол.

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!