Алматылық таксист шетелдік туристі әуежайдан хостелге дейін 200 мың теңгеге апарған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

30 жастағы Роман Кулаков Франкфурттан Алматыға досының үйлену тойына келген еді. Новосібірдің тумасы ол былтыр қаңтар айынан бастап Германияда аспирантурада оқиды. Оқиға 30 сәуірге қараған түні болған. Ол мінген ұшақ Алматы әуежайына сағат 21:40-та қонды, бір сағаттан кейін паспорттық бақылау аймағынан өткен. 

«Wi-Fi желісіне қосылып, брондалған хостелдің атауын біліп, такси шақырғым келді. Желіге қосыла алмадым. Жақын маңда адам көп еді, соның бірі өзін таксист деп таныстырып, қызметін қайта-қайта ұсынды. Қала орталығына дейінгі бағаны сұрадым. Ер адам 1500 теңге деді. Сосын мен банкоматтан ақша алғым келді, өйткені менде тек 200 евролық купюралар болған. Ол жолда ақшаны ұсақтаймыз немесе басқа терминал табамыз деді. Содан кейін ол көлігіне, қара Мерседеске барып,  менің рюкзагымды жүксалғышқа салды», – деді ол.

Туристің айтуынша, жолда таксист банкоматтың жанында тоқтаған. Шетелдік мейман қолма-қол ақша алуға тырысты, бірақ оның картасы бұғатталған. Сосын Роман ақшаны теңгеге айырбастамақ болған, бірақ такси жүргізушісі оған мұндай кезде ақша айырбастау орындарының жабық екенін айтты.

«Хостелдің атын қайталап айттым да, әрі қарай жүріп кеттік. Біраз жүрген соң, ол келдік деді, бірақ көшеде ешқандай маңдайша жазу болған жоқ. Мен жол-пұлдың бағасын сұрадым. Ол 315 еуро болғанын айтты. Оның алдап тұрғанын бірден түсіндім, өйткені таксидің құны сонша шығу мүмкін емес. Тіпті, Франкфурттің өзінде мұндай сапар шамамен 90-100 еуро болған.
Жанжалдасқым келмеді, бірақ жолдың ақшасын 200 еуроға дейін түсіруді сұрадым, себебі менде тек осындай номиналдар болды. Бірақ ол табандап тұрып алды. Мен жүксалғыштағы құнды заттар үшін қорықтым. Содан кейін ол достарымен мені қараңғы бір жерде күтіп ала ма деп ойладым. Жабылып қалған ақша айырбастау орнына барайық деп те айтты. Қысқасы, оған 400 еуро бердім. Сөз соңында мен оған бұл ақша сіз сияқты менің де күнкөрісіме керек дегенді айттым», – дейді жәбірленуші. 

Роман Кулаков құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Көліктегі полиция департаментінде Tengritravel.kz редакциясына тәртіп сақшыларының бұл фактіні дереу тексеруге кіріскенін хабарлады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!