Қостанай облысында 11-сынып оқушысы асылып өлді, – деп хабарлайды Massaget.kz.
22 мамырда Ұзынкөл ауданы Обаған ауылында Обаған орта мектебінің 11-сынып оқушысы асылып өлген. Қыздың денесін әкесі сағат 16:00-де тауып алған.
Әкесінің айтуынша, сол күні қызы ҰБТ-ның сынақ тестін тапсыруы керек болған, бірақ ол қалаға барудан үзілді-кесілді бас тартқан. Қыз әкесіне қалаға неге барғысы келмейтінін түсіндірмеген.
Қыз жергілікті жалпы білім беретін мектепте оқыды, сыныпта небәрі төрт оқушы бар. Білім бөлімінің айтуынша, сыныпта кикілжің болмаған.
Басылым мәліметінше, қыздың әкесі – такси жүргізушісі, қала мен ауыл арасында жолаушы тасымалдаумен айналысады.
Қыздың әкесі сағат 16:00-де қаладан келген. Үйдің есігі іштен құлыптаулы болған. Ол есікті қаққанымен, ешкім ашпаған. Ол үйді аралап, терезеден ілмекте ілулі тұрған қызын көрген.
Әкесінің айтуынша, ол бірнеше күн олармен бірге тамақ ішпеген, сөйлеспеген. Отбасында үш қыз бар, марқұм кенжесі болатын.
«Біз әзірге пікір білдіре алмаймыз, себебі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оған қоса, оның телефоны және басқа да әлеуметтік желілер арқылы хат алмасуы тексеріліп жатыр», – деді Ұзынкөл ауданы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Қайрат Әлиев.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!