Маңғыстау облысындағы Жетібай кентінде жұмыссыз тұрғындар төрт күннен бері ереуілде тұр. Түнде үйіне бармай, талап қоюға бекінген. Олар аштық жариялады. Барлығы табыс пен ақшаның жоқтығына шағымданады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тұрмыстың қиыншылығы жергілікті тұрғындарды түнде түнеп, наразылықты жалғастыруға мәжбүрлеген. Олар мұнай саласында жұмысқа орналастыруды талап етіп, кен орнына баратын жолды жауып тастаған.

Әлеуметтік желілерде тұрғындардың мәселелерін айтып шағымданған видеолар тарап жатыр. Мысалы, көзіне жас алған адам қалтасында бір тиын жоқтығын шағымданады.

«Балаңа бір зат алып берейін десең, қолыңда дым жоқ. Қыл-аяғы бес мың теңге. Не істейсің? Осында жүресің халық арасында. Түнде ұйқыдан тұрасың. Балаңды сағынасың, ештеңе істей алмайсың. Қолыңнан дым да келмейді», – дейді наразылыққа шыққан азаматтардың бірі Азаттық радиосының тілшісіне.

Жолды жапқан халықтың ішіндегі әйелдердің бірі күйеуі жұмысқа қабілетсіз болып қалғанын айтады. Өзі ауылда жұмыс жоқтығына қапаланады.

«Мен көпбалалы анамын. Мектеп жасындағы алты балам бар. Күйеуім жұмысқа жарамайды. Маған жұмыс беріңіздерші. Үйде балаларым аш. Оларға не бетіммен барамын?» – дейді ол.

Жергілікті тұрғындардың талабы бір – барлығын бірден жұмысқа орналастыру.

Ал, аудан әкімдігі ауылдың жұмыссыз тұрғындары «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамынан «70-те 30» қағидасы бойынша бос жұмыс орындарын бөлуде артықшылық беруді талап етіп отырғанын алға тартты.

Яғни, бос жұмыс орындарының 70 пайызы Жетібай ауылының тұрғындарына, қалған 30 пайызы Қарақия ауданына қарасты өзге ауылдар мен облыстың басқа да аудандарындағы жұмыссыздарға берілуін сұрайды.

Сондай-ақ, әкімдік тұрғындардың наразылығын заңсыз деп мәлімдеді. Аудан басшылығы жарияланған аштықтан да хабардар.

«Айта кететін жайт, тамақтан бас тартумен акция өткізу қолданыстағы заңнамамен реттелмейді. Жиналғандар мұнай саласында жұмыс істеймін дегендердің барлығын бірден жұмысқа орналастыру мүмкін емес, басқа салаларға жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін пайдалану қажет деген шындықты қабылдауы қажет. Жұмыссыздар әкімдік ұсынған жұмыс орындарынан бас тартуда», – деп атап өтті аудан әкімдігінде.

Азаттықтың хабарлауынша, Маңғыстау облысы Жетібай кентінде жұмыс талап етіп тұрған тұрғындар аштық жариялаған. 13 адам мүлдем нәр татпаса, бір адам тек су ішіп отыр. Аштық акциясы 29 наурызда кешке басталған. Бұған дейін наразылар аштық жариялайтынын халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы аймақ билігіне, президент пен полицияға ескерткен. Оны дәлелдейтін құжаттары да бар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!