Жамбыл облысында қуаңшылықтан зардап шеккен шаруалардың шығынын өтеу үшін Үкімет резевтен 3,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, құрғақшылық салдарынан 400-ге жуық шаруашылық 3,6 млрд теңге көлемінде шығынға ұшыраған. 

“Солтүстік өңірге келсек, арнайы комиссия құрылды. Ол жақта шығын байқалмайды. Шаруалар негізінен борыш мерзімін ұзартуды, субсидия бойынша қарызды жабуды сұрап отыр”, – деді Сапаров орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Министрдің сөзінше, Жамбыл облысындағы шаруалардың шығын көлемін 10 күн бойы есептеген. Тиісті қаражат қаржы министрінен облыс бюджетіне жіберіледі.

“Шығын 392 шаруашылыққа қатысты. Бастапқыда шығынды 7 млрд теңге деп көрсетті. Құжатты тексерген кезде 3,6 млрд теңге екені белгілі болды. Ол бүгіннен бастап төленеді. Құжаттарын қосымша түзейтіндер болса, резервтегі қаражат беріледі. Ақша қаржы министрінен облыс бюджетіне беріледі. Облыс әрі қарай қаражатты ауыл шаруашылығы департаменті арқылы таратады”, – деді Сапаров.

Айта кетейік, биыл Жамбыл облысының көптеген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері су тапшылығы салдарынан шығынға батты. Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарындағы 400 агроөнеркәсіптік кешен субъектісінің 9 мың га алқаптағы егісі қуаңшылықтан зардап шеккен. Бұл жағдайға байланысты премьер-министрдің өкімімен облыста табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

«Үкімет резервінен бөлінген қаражат шаруаларға шығынның орнын толтырып, келер жылдың көктемгі дала жұмыстарына толық дайындалуға мүмкіндік береді», – делінген Үкімет хабарламасында

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!