Сырдария ауданында өткен «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – ауылды дамытудың негізі» республикалық семинары барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Үлгілі елді мекен» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Іс-шараға Сыр өңіріне арнайы келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Парламент Сенатының, Мәжілісінің депутаттары, ведомство басшылары, барлық облыс әкімінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары және ірі шаруашылық құрылымдарының төрағалары қатысты, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы ауылды дамыту мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі екенін атап өтті.
«Өздеріңізге белгілі, елімізде Президентіміздің бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтуде. Акцияға сырбойылықтар да белсенді атсалысып, туған жеріміздің көркейіп-гүлденуіне үлес қосуда. Елді мекендерді дамыту, оның ішінде ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігін жақсарту, көркейту-көгалдандыру бағытында атқарылған жұмыстарды ынталандыру, бағалау мақсатында былтырдан бері «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсын қолға алдық. Өткен жылы конкурс 2 мәрте өткізілді. Жеңімпаздарға облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд. теңгеге күнделікті тұрмысқа қажетті 29 арнайы техника табысталды. Ауыл-аймақтың ажарын айшықтап, келбетін көркем етуге бағытталған «Үлгілі елді мекен» конкурсы аудан орталықтары мен ауылдар арасында дәстүрге айнала бермек», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Айта кетейік, осы жолғы байқауға облыстық бюджеттен 564 млн теңге қаржы бөлінді. Зиялы қауым өкілдерінен, облыстық мәслихат депутаттарынан, қоғам белсенділерінен құралған тәуелсіз сарапшылық комиссия жеңімпаздарды анықтап, әділ бағасын берді.«Үлгілі аудан» номинациясы бойынша Сырдария ауданының Тереңөзек кенті үшінші орын, Шиелі кенті екінші орын, Қармақшы ауданы, Жосалы кенті бірінші орын алды. «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша Арал ауданы, Аманөткел ауылы үшінші орын, Жаңақорған ауданы, Қожакент ауылы екінші орын, Жалағаш ауданы, Еңбек ауылы бірінші орынды иеленді. Жеңімпаздарға 436 млн теңгенің 19 арнайы техникасы табысталды. Мұнан бөлек, «Үлгілі елді мекен» номинациясы бойынша тірек және серіктес елді мекендер санатына кірмейтін үлгілі ауылдардағы абаттандыру жобаларын қаржыландыруға 15 млн. теңгенің сертификаттары берілді. Марапат Арал ауданы Қосжар ауылына, Қазалы ауданы Өркендеу ауылына, Қармақшы ауданы Қармақшы ауылына, Жалағаш ауданы Аққыр ауылына, Сырдария ауданы Айдарлы ауылына, Шиелі ауданы Ортақшыл ауылына, Жаңақорған ауданы Өзгент ауылына табысталды.
Еске салсақ, биыл коммуналдық және абаттандыру мекемелеріне 73 техника алынса, жыл соңына дейін тағы да 33 арнайы техника әкелініп, ел игілігіне қызмет етеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!