Көктемнің алғашқы күнімен қатар келген 1 наурыз – Қазақстан үшін ерекше мереке. Бұл – елдің тарихымен біте қайнасқан, халықтың татулығы мен бауырмалдығын дәріптейтін Алғыс айту күні. Кезінде қазақ жеріне тағдыр айдап келген түрлі этнос өкілдері осы күні кең жүректі қазақ халқына шынайы ризашылығын білдіреді.

Бұл мейрамның астарында терең тарих жатыр. Қуғын-сүргінге ұшырап, туған жерінен күштеп көшірілген миллиондаған адам үшін Қазақстан аман қалудың соңғы үмітіне айналған еді. ХХ ғасырдың ауыр кезеңдерінде Кеңес билігінің шешімімен Солтүстік Кавказ халықтары, немістер, корейлер, поляктар және басқа да ұлттар туған жерлерінен күштеп көшірілді. Тарихи деректерге сүйенсек, 1946 жылға қарай КСРО бойынша жер аударылған халықтың жалпы саны 2,5 миллионнан асқан. Оның ішінде 1,2 миллионы Қазақстанға жіберілді.

Жат елге айдалғандардың арасында қарттар, әйелдер мен балалар көп болған. Олар үшін бұл, әрине, ауыр сапар еді. Алайда өздері де ашаршылық пен қиындықтарды бастан кешіріп отырған қазақ халқы оларды бауырына басып, бір үзім нанын да бөліп берді. Бұл – халқымыздың дархан көңілі мен бауырмалдығының айқын көрінісі. Кейіннен осы этностар егін егіп, мал бағып, ел экономикасына үлес қосты. Көшіп келгендердің арасында ғалымдар, дәрігерлер, инженерлер, мұғалімдер, суретшілер мен музыканттар да бар еді. Уақыт өте келе олардың ұрпақтары да Қазақстанның ғылымы мен мәдениетіне, өндірісі мен спортына елеулі еңбек сіңірді. 1957 жылы Кеңес үкіметі қоныс аударылған халықтарға өз Отандарына оралуға рұқсат берді. Алайда олардың басым бөлігі Қазақстанда қалуды жөн көрген. Себебі қазақ халқымен біте қайнасып, туғанындай сіңісіп кетті. Бүгінде Қазақстан 100-ден астам ұлт пен ұлыстың ортақ шаңырағына айналды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекетіміз этносаралық татулықты нығайтуға ерекше көңіл бөліп, 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Сол уақыттан бері елдегі түрлі этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасалды. Қазіргі таңда еліміздегі әрбір этнос өкілі ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, ортақ қоғамның ажырамас бөлігі ретінде өмір сүруде.

Алғыс айту күні тек өткенге тағзым ету емес. Бұл бүгінгі ұрпаққа үлкен тағылым беретін мейрам, адамдардың бір-біріне ризашылық білдіруі арқылы мейірімділік пен жақсылық жасауға үндейтін ерекше сәт. Бүгінгі міндет – осы құндылықтарды қастерлеп, келер ұрпаққа татулық пен ынтымақтың туын жоғары ұстауды тапсыру. Себебі бейбітшілік пен бірлік – біздің ең қымбат байлығымыз!

Ә.ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!