Нағи Ілиясов ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ақ әжелер» ансамблін көпшілік өнерімен таниды. Қазақылықты қадір тұтқан ақ жаулықты аналар тек ұлттық мәдениетке мән беріп қоймай, өмірден түйгенін бүгінгі буынға үйретіп келеді. Қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында «Ақ әжелерден» тәлім алып, қазақы тәрбиені бойына сіңіруде.
Заман көшіне біліммен ілесе отырып, ұлттық құндылықтарды үйрену – НЗМ оқушыларына қойылатын басты талаптың бірі. Осы мақсатта мектеп әкімшілігі «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасын қолға алып, ұлттың ертеңгі буынын тәрбиелеуде. Мәселен, жоба аясында Раушан Қараева есімді әже киіз басудың қыр-сырын үйретсе, Манат Оразбекқызы оқушыларға ұршық иірудің жолын түсіндіріп келеді. Бар ізгілікті бойына жинаған Раушан әже қазір сексенге толса, Манат апаның жасы жетпіс үште. Әйтсе де жастайынан еңбекті жанына серік еткен әжелер жол жағдайына қарамастан қалаға келіп, бар білгенін оқушылармен бөлісуде. Ал білім мен өнерді ұштастырған мектеп оқушылары әжелерге компьютермен жұмыс істеуді үйретеді.
– Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларымен 2018 жылдан бері таныспын. Әлі күнге дейін балаларға ұршық иіруді үйретіп келемін. Оқушылардың жаңа дүниені білуге деген ынтасы өте жақсы, білмеген жерін сұрап отырады. Менің ұршық үйреткен бір оқушы қызым мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түсіпті. Ұршық иіре білетін өнері оған талай жерде көмектесетіне сенемін. «Өнерді үйрен де, жирен» деген қазақпыз, негізінде ұршық – қасиетті зат. Талай ел басына күн туғанда аналарымыз жүн түтіп, ұршық иіріп, кеудеше, қолғап, шұлық тоқып табыс табатын. Соғыс жылдарында балалардың қарнын тойғызған ұршықты үлкендер сол үшін қадірлейді.
Осы айда тағы бір мәрте мектепке келіп, балалармен ұлттық салт-дәстүрлер тақырыбында әңгімелестік. Мектеп ұйымдастырған Әз-наурызда көпшілікке баланы бесікке салу, қыз ұзату дәстүрін көрсеттім, – дейді Манат апа.
Салт-дәстүрді насихаттап жүрген «Ақ әжелер» ансамблі ұмытыла бастаған халық әндерін орындап келеді. 2008 жылы құрылған ансамбльге қазір мәдени ұйымдастырушы Жанат Шайзадаева жетекшілік етеді. Ансамбль құрамында Күлбахрам Қышанбекқызы, Раушан Қарақызы, Гаухар Төлегенқызы, Шолпан Күдербекқызы, Боранкүл Келісова, Үміткүл Несіпбайқызы, Шырынкүл Оңғарбайқызы, Жұлдызай Ермағанбетова, Айымкүл Жұбанышова, Сәрсен Қаракаева, Бақыткүл Шынымова сынды әжелер үлкен жауапкершілікпен қызмет етеді.
Ансамбльдің негізі қаланған жылдары өнерлі ұжымның ән қоржынында халық әні «Ой, сәулем», «Шилі өзен», Ө.Байділдаевтың «Туған ел», Ш.Қалдаяқовтың әндерінен «Поппури» ғана болса, бүгінде әндердің саны отыздан асқан. Жыл өткен сайын «Ақ әжелердің» репертуары халық әндерімен қоса қазақ композиторларының әр жылдары жазылған сазды әуендері және эстрадалық әндерімен толығып отырады. Ауылдық іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосып жүрген ансамбль мүшелері халықаралық, республикалық, аудандық байқауларда да жүлделі орындарды иеленіп келеді. Сондай-ақ жыл сайын ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен егінге орақ түсуіне байланысты ауыл көркемөнерпаздары және «Ақ әжелер» ансамблі «Қырманға кел, қалқатай» атты концерттік бағдарламасын қояды. Өнерді насихаттап жүрген әжелердің ұрпақ тәрбиесіне де бейжай қарамайтыны белгілі. Олар жыл сайын аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өтетін «Әжем айтқан ертегі» атты байқауына қатысып отырады.
Өмір жолында әрқайсысы сан түрлі мамандықпен елге қызмет жасаса да, өнер атты үлкен алаңға біріккен әжелер қазір зейнеткерлікке шыққан. Солай бола тұра ансамбль жұмысын бір сәт естен шығармай, елдің ықыласына бөленіп жүрген олар әр шаңырақтың берекесі мен ұйытқысы екені де рас. Мәселен, төрт атұстар мен бір кестетігерге өмір сыйлаған Манат апа бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған. Манат апаның өмірлік серігі Кенжебек Әнапияев талай жыл күріш шаруашылығында еңбек етіп, Сырдария ауданының Құрметті азаматы атанған. Мұғалім қызметін абыроймен атқара жүріп бала тәрбиесіне де жіті мән берген апаның немересі Айару да өнерге жақын болып өсіп келеді. Әжесінің алғыр шәкірті қазір сахналарда ән айтып, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр.
– Ауылдағы мектепте «Шебер қолдар» үйірмесі жұмыс жасайды. Ол жерде оқушылар кесте, түрлі тоқымамалар тоқумен қатар қолдан гүлдер, ши мен жүннен бұйымдар жасауды үйренеді. Қазіргі оқушылардың зейіні жақсы, алғыр әрі шебер. Үйреткен дүниені тез қайталап, жасай алады. «Бір жылдығын ойлаған адам дән егеді, он жылдығын ойлаған адам тал егеді, мың жылдығын ойлаған адам ұрпағына ұлттық тәрбие мен білім нәрін береді» деген қазақпыз. Сондықтан балаларға білгенімізді үйретуге әрдайым дайынбыз.
Ауылдық жерде тұрған соң мал ұстап, сүт, айран, май, құрт алып келеміз кейде ірімшік те болады. Балалардың денсаулығы үшін әженің бәрі қолынан келгенше жақсылығын жасайды. Мен де өз отбасымның ғана емес, қазақ балаларының ұлт тарихын, дәстүрін біліп өскенін қалаймын, – дейді Манат апа.
Расында, «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейтін қазақтың үлкендерден үйренері көп. Ғылым мен техника сәт санап дамыған тұста ұлттық дәстүрдің насихаты кемшін қалып қойып жатқаны жасырын емес. Сондықтан «Ақ әжелердің» ауылдағы ансамбль жұмысына көңіл бөліп қана қоймай, қаладағы мектеп оқушыларының қазақылықтан ажырамауына үлес қосуы үлкен ерлікпен тең.
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!