Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте кадрлық өзгерістер таныстырылды.Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы басшысының бұйрығымен Ұлттық статистика бюросы Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына Әбсұлтанов Қайрат Байғабылұлы тағайындалды.«Қайрат Байғабылұлы — өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен етене таныс, мемлекеттік қызметте сатылап өскен білікті кадр. Бұған дейін статистика және өзге де маңызды салаларда табанды еңбек еткен.

Жұмыс барысында басты индикаторлар мен межелі міндеттерге қол жеткізді. Мемлекеттік міндеттерді іске асыруда деректердің ашықтығы, анықтығы және сапасы маңызға ие. Бұл ретте, аймақтағы статистикалық деректерді қалыптастырумен қатар цифрландыруға бағытталған тың жобаларды жүзеге асыру керек. Қайрат Байғабылұлы жаңа қызметте өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы маңызды ақпараттық-статистикалық дерекқорлардың жинақталуын, тіркелуін және дер кезінде жаңартылуын қамтамасыз етеді. Ұлттық санақтардың жүргізілуін, ресми статистикалық ақпараттарды тарату жұмыстарын жүзеге асырады», – деді аймақ басшысы.

Қайрат Байғабылұлы 1977 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. «Болашақ» университетін «Қаржы» және «Құрылыс» мамандықтары бойынша бітірген.Еңбек жолын 1994 жылы «Бозкөл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің маманы ретінде бастаған. 2003-2007 жылдары Қазалы аудандық статистика басқармасының бас маманы, Жалағаш аудандық статистика басқармасының басшысы, Қызылорда облысының статистика басқармасы бастығының орынбасары лауазымдарында еңбек етті. 2007-2010 жылдары екінші деңгейлі банк пен жеке секторда түрлі деңгейдегі лауазымдарда қызмет атқарған. 2010-2017 жылдары Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы, сектор меңгерушісі, бөлім басшысы ретінде жұмыстарды үйлестіре білді.2017-2021 жылдары Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшының орынбасары, Қызылорда облысы әкімдігі іс басқармасының директоры қызметтерін атқарды.2021 жылдан бастап осы кезге дейін Арал ауданы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!