Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы елімізде бұрын-соңды болмаған кең ауқымда аталып өтті. Астанадағы «Қазақ елі» алаңында өткен салтанатты әскери парад – соғыс қаһармандарының ерлігіне деген құрметтің, бейбіт өмірдің қадірін терең түсінудің айқын бейнесі іспетті. Бұл – тек соғыс құрбандарына тағзым емес, тәуелсіз еліміздің бүгінгі болмысын қалыптастырған тарихқа деген терең құрметтің көрінісі.

1941-1945 жылдардағы алапат соғысқа 1 миллион 200 мыңнан астам отандасымыз қатысты. Яғни, Республиканың әрбір төртінші тұрғыны әскерге аттанды. Қазақстандық сарбаздар майданның алдыңғы шебінде, қанқұйлы шайқастарда ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Майдан даласында атылған әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды. 220-дан астам зауыт пен фабрика ел аумағына көшірілді.

1945 жылдың 30 сәуірінде қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаев Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен болатын. Осы даңқты ерлігі үшін ол «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталды. 1999 жылы 7 мамырда Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Сондай-ақ 500-ден аса қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алса, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бекітілген «Халық қаһарманы» атағымен 12 соғыс ардагері марапатталды. 110 жауынгер «Даңқ» орденінің иегері атанды.

Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбын» орденінің үш дәрежесіне ұлт қаһармандары Сағадат Нұрмағамбетов, Ба уыр жан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевтың есімдерін беру туралы заңға қол қойды. Бұл – ерлік пен патриотизмді мәңгілікке қастерлеудің нышаны.

Ардагерлерге құрмет – ұрпаққа міндет

Мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елімізде 83 048 ардагер тұрады. Оның ішінде:

• II дүниежүзілік соғыс ардагері – 111;

• жеңілдіктер бойынша II дү-ние жүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген ардагер – 16 796;

• басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарының ардагерлері – 26 553

• II дүниежүзілік соғыс жыл да-рындағы тыл еңбеккерлері – 39 588.

2024 жылы аталған санаттардағы азаматтарға 4,3 миллиард теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленген. 2025 жылы осы мақсатта 17 миллиард теңге қарастырылған.

– Осы санаттағы азаматтарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де жүзеге асырылуда. Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне республикалық бюджеттен 16 айлық есептік көрсеткішке дейінгі (2025 жылы 62 912 теңге) ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Әлеуметтік көмек ақшалай немесе заттай нысанда жергілікті бюджеттен көрсетіледі, – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы Құралай Төлеубаева.

Сондай-ақ сарапшының айтуынша, жоғарыда аталған санаттағы азаматтарға зейнеткерлікке шыққаннан кейін де жұмыс уақытында бекітілген емханаларды пайдалану құқығы беріледі.

Астанадағы айбынды парад

Елордадағы «Қазақ елі» алаңында өткен әскери парад – мерекелік шаралардың шарықтау шегі болды. Бұл іс-шараға елімізге ресми сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясының Бас хатшысы То Лам қатысты. Парад Қазақстанның барлық өңірінде LED-экрандар мен телеарналар арқылы тікелей эфирде көрсетілді.

Мемлекеттік Ту мен Жеңіс Туы парад алаңына ресми түрде әкелініп, отан алдындағы адалдық пен ерлікке деген құрметтің нышаны ретінде жоғары көтерілді. Жеңістің Қызыл Туы – 1945 жылы қазақ жауынгері Рақымжан Қошқарбаев пен майдандасы Григорий Булатовтың қолымен Рейхстагқа тігілген Жеңіс Туының дәлме-дәл көшірмесі. Бұл символ – мыңдаған сарбаздың жанкешті ерлігі мен еліміздің майдан мен тылдағы қажырлы еңбегінің белгісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде соғыс тарихының, ел есіндегі батырлардың ерлігін бүгінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, мынадай мәлімдеме жасады:

– Бұл мейрам – халқымыздың жауынгерлік рухының символы. Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз. Халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанды. Олардың тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Келер ұрпақтың жарқын әрі бейбіт келешегі үшін өз өмірлерін құрбандыққа шалды. Даңқты ұл-қыздарымыз ерліктің озық үлгісін көрсетті. Қазақтың жаужүрек ұлт екенін паш етті, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент 500-ге жуық көшеге батырлардың есімі берілетінін, ел көлемінде мыңдаған іс-шара өз деңгейінде өтіп жатқанын айтты.

– Қазақстаннан майданға бір жарым мың вагон киім-кешек пен азық-түлік жіберілді. Жұртымыз жұдырықтай жұмылып, күні-түні жұмыс істеп, қару-жарақ пен оқ-дәрі дайындады, әскери киім тікті. Ұлы Жеңісті ұлықтау дегеніміз, бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда мәңгі сақтау деген сөз. Олардың ерлігі мен еңбегін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Парадқа Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық түрінен 4 мыңнан астам әскери қызметкер, 200-ден аса әскери техника мен қару-жарақ, 66 авиация ұшағы мен тікұшақтар қатысты. Тәуелсіз Қазақстан армиясының қуаты алғаш рет «Бук», «Тор» зенитті-ракета кешендері, «Барыс», «Алан», «Айбар», «Таймас», «Террекс» дөңгелекті ұрыс машиналарымен толықты.

Әуе кеңістігінде ұшқан А-400 әскери-көлік ұшағы, L-410 жолаушылар ұшағы және Би-300 патрульдік ұшақтары шеру көркін келтірді. Әскери шеруді ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев басқарды.

Сонымен қатар отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорындары шығаруды жоспарлап отырған ұрыс машиналары, роботтандырылған қайық және ұшқышсыз басқарылатын ұшу қондырғылары таныстырылды.

Сыр еліндегі сындарлы шара

Қызылорда қаласында Отан қорғаушылар күні және Жеңіс мерекесіне орай 7 мамыр күні Н.Бекежанов атындағы театрда «Ұлы Жеңіс – ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты мерекелік шара өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев майдангерлер мен сарбаздарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.

– Мемлекет тарапынан әскерилерді, құқық қорғау, азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қолдауға баса көңіл бөлінген. Жалпыұлттық бірлік пен саяси тұрақтылықтың нәтижесінде ел сырты жаудан, іші даудан аман болып, мемлекетіміз орнықты дамып келеді.

Тәуелсіздігіміз бен байтақ жерімізді, тыныштығымыз бен бейбітшілігімізді қас қақпай күзетіп, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің мәртебесі асқақтай берсін! Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Мерекеде соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен және «Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Аймақ бойынша 2 соғыс ардагері мен 1700 тыл еңбеккері ел Президентінің Жарлығымен арнайы наградаларға ие болды.

Сонымен қатар 8 мамыр күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровқа арнайы ат басын бұрып, Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, құрмет көрсетті. Аймақ басшысы қарт жауынгерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау хатын және «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін табыстады. Сондай-ақ дәстүрге сай шапан жауып, сый-сияпат ұсынды.

103 жастағы Яхия Тасыров – Сырдария ауданының Құрметті азаматы. Ол 1942 жылы майданға аттанып, Сталинград, Курск шайқастарына және Польша жерін азат етуге қатысқан. Соғыстан кейін бейбіт өмірге белсене араласып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосты. Батыр ардагер «Қызыл жұлдыз» орденінің, І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерінің, бірнеше медальдің иегері.

Аймақта Жеңіс күніне арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, әлеуметтік қолдау көлемі де артып келеді. Биыл Қазалы және Сырдария аудандарында тұратын екі ҰОС ардагеріне 5 миллион теңгеден біржолғы көмек берілді. Ал тыл еңбеккерлері мен ардагерлерге теңестірілгендерге төленетін төлем мөлшері 40 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат

9 мамыр күні облыс орталығындағы «Тағзым» алаңында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты патриоттық шара өтті. Іс-шараға ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары – Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, сондай-ақ құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жиналған қауымды Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, бұл күннің маңыздылығына ерекше тоқталды.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 500-ге жуық көшеге Қазақстан қаһармандарының есімі берілетінін атап өтті. Осы орайда, ерекше атап өту қажет, оның 146-сы – облысымыздың ардагерлері. Жыл аяғына дейін қаһармандардың есімдері көшелерге беріледі, – деді облыс әкімі.

Салтанатты рәсімде сұрапыл соғыс жылдарында ерлікпен қаза тапқандардың рухына бір минут үнсіздікпен тағзым жасалып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов және қоғам қайраткерлері Нажмадин Түркпенұлы мен Айтбай Көшербайұлы жиналғандарға жүрекжарды тілектерін біл-діріп, батасын берді.

Шара аясында тылда аянбай еңбек еткен ардагерлерге «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медальдары табысталды.

Ұлы Жеңіс – батырлықтың, елдік рухтың символы. Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар – өткенге тағзым ғана емес, келешекке бағдар. Ерлік пен еңбек тарихын ұмытпай, батыр бабалар рухын ұлықтау – әрбіріміздің қасиетті борышымыз. Халқымыздың ер жүрек ұл-қыздарының есімі ел жадында мәңгі жаңғыра береді. Бейбіт өмір – ерліктің жемісі. Рухымыз асқақ, Туымыз биік болсын!

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!