Мұндай пікірді Астанадағы Қайым Мұхамедханов атындағы № 90 гимназия директоры Аятжан Ахметжан өзінің Facebook парақшасында білдірді.

«Ештеңе жасамаған адам ғана қателеспейді. Тірлік жасаған адамның бәрі қателеседі. Әр қателесу үлкен сабақ, баға жетпес тәжірибе береді.

Ал тәжірибе алу үшін қателіктеріміздің қателік екенін мойындауымыз керек. Ашық мойындай алмасақ, тым құрыса іштей мойындай алсақ, әрбіріміздің дамуымызға жасалған бір қадам болар еді. Өкінішке қарай, біз жасаған қателіктерге бір сылтау тауып, өзгелерді кінәлі етіп аламыз. Өміріміз ақталумен өтеді. Негізі табысқа жетпейтін адам қашан да өзін ақтап алатын сылтау табады.

Ал қателігіңді жұрт алдында мойындау ол —  жарты ерлік. Жетісу телеарнасында қателік бағдарламасы бар. Сол бағдарламада әлемнің қателігі, ұлт қателігі, біздің қателік және менің қателігім деген төрт бөлім бар. Сол бағдарламаға барған спикерлер алдыңғы үшеуінің қателігі туралы көсіле көп айтады. Ал өз қателіне келгенде көп адам көсілмегені туралы бағдарлама редакторы Есболат Айдабосын  ағамның жазғаны бар еді.

Кеше Астана қаласы Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM мектеп-лицейі педагогикалық жолдағы өз қателігімен бөлісу бағытында FAIL conference өткізді. Менің Құралай Байтәжікова  апамның бір ұстаздың қателігінен екінші ұстаз сабақ алса, ұстаздың өзі қателігін мойындап үйренсе деген мақсатпен жасаған дүниесі ғой. Әрине, адамның өз қателігін өз аузынан есту бөлек екен. Керемет эмоция, керемет ой түйдік.

Арнайы спикерлер соңынан қонақтар арасынан Ернүр Дәуенов,  Камила Башарова  және мен де қателіктеріміз туралы бөлістік.

Құдіретті «тергеушім», өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз! Менің өмірге келуімнің өзі қылмыс еді. — дейтін Қажығұмар Шабданұлы ағамыз.

Ойбай, менің өмірім қателіктердің жиынтығы ғой. Кейде осындай қателігі көп адам бола тұра қалай өмір сүремін деп те ойлаймын. Ал педагогикалық жолда да біраз қателік жібердік. Кейде алғашқы шәкірттерімнен кешірім сұрағым келетін кездер де көп. Кеше сондай бір қателігімді айтып бердім.

Бұл бір қызық конференция болды, қызық бастама болды. Сіз де өз қетеліктеріңіз туралы ойланып көріңізші?

Осындай әдемі іс-шараны ұйымдастыруға үлес қосқан әр адамға мың алғыс!

Педагогикалық бағытта қателіктерді ашық айту өте маңызды!» — деп жазды Аятжан Ахметжан.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!