Ұлттық спорт түрлерін дамыту үшін барлық жағдай жасалып, ұсыныстар қашан да қабылданады. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Вице-министр Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында тұрғындармен кездесті.

Жиынды Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов жүргізіп, өңірдің спорт саласындағы жетістіктері мен даму динамикасына қысқаша тоқталып өтті.

Сондай-ақ кездесуге облыстық Мәдениет және спорт басқармасына қарасты мекеме басшылары, жаттықтырушылар, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Сәрсен Құранбек өз сапарының басты міндеті елімізде жүріп жатқан реформалар туралы халықты ақпараттандыру, мемлекеттік органдардың ел тұрғындары алдындағы жауапкершілігі мен жұмысын күшейту екендігін айтты. Осы орайда ол министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Кездесуден соң вице-министр қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, тұрғындарды жеке қабылдады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!