Зейнетақы және жәрдемақы мөлшері төлемдерінің артуы туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Ертілеу Жалғасбаев мәлімдеме жасады.
«Осы жылдың 1 сәуірден бастап азаматтарды әлеуметтік қолдауды күшейтуге қосымша 185 млрд тг бөлінген. Нәтижесінде азаматтарды әлеуметтік қамсыздануға және жұмыспен қамтуға жұмсалған шығыстардың көлемі 4,4 трлн тг болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметі бойынша, бұл төлем алушылар еліміздегі 4,2 млн азамат болып табылады. Оның ішінде 2,3 миллионы зейнеткерлер, ал шамамен 1,2 миллионы балалы отбасылар, 700 мыңға жуығы мүгедектігі бар адамдар және басқа санаттағы адамдар.
2022 жылы 12 мамырдағы ҚР заңына сай ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап инфляцияның 2022 жылға арналған дәлізінің қайта қаралуы ескеріліп, ынтымақты зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері қосымша 4%-ға есептелді. Осыған орай 1 сәуірден бастап жәрдемақы және басқа да төлемдерді есептеу үшін айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3180 тг, ал ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 37 389тг құрайды. Мысалы, бұған дейін төлем алушының зейнетақы мөлшері 73000 тг құраса, онда қосымша индекстеуді ескере отырып, 1 сәуірден бастап, оның мөлшері 75920 тг құрайды. Мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшеріне келетін болсақ, ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің жаңа мөлшеріне пайыздық ара қатынаста белгіленеді. Егер базалық зейнетақының мөлшері 28 жыл еңбек өтілімі кезінде бүгінгі күні ең төменгі күнкөріс денгейінің 90% немесе 32 417 тг құраса, сәуір айынан бастап ол 33 651тг құрайтын болады», – деді департамент басшысы.
Балалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар ең төменгі күнкөріс денгейі және айлық есептік көрсеткішінің өсуіне қарай көбейеді. Айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өзгеруіне байланысты балалы отбасыға берілетін жәрдемақы мөлшері артады. Мысалы, 5 балалы немесе көп балалы отбасы өткен жылы 59680 теңге жәрдемақы алған болса, жыл басында 61383, 1 сәуірден бастап айлық көрсеткіш мөлшерінің өзгеруіне байланысты жәрдемақы саны 63727 теңге көмек алады.
1 жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы мөлшері туу кезектілігіне байланысты 1 сәуірден бастап 1-ші балаға 18 317 тг, 2-ші балаға 21 656тг, 3-ші балаға 24963тг, ал 4 немесе оданда көп балаға 28302 тг мөлшерін құрайды. Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасына ай сайын берілетін жәрдемақы мөлшері 1 сәуірден бастап 52345тг құрайды.
Алтын алқа, күміс алқа атанған аналар немесе бұрын батыр ана атанған, бірінші және екінші ана даңқы ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға сәуірден бастап 20 352 тг мөлшерінде жәрдемақы төленеді. Облыс бойынша зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың жалпы саны 243 мың адамды құрайды. Осыған сәйкес, сәуір және мамыр айларындағы жәрдемақы толықтай есептеліп маусым айынан бастап төленеді. Ал шілдеден бастап 1 айға көбейтілген мөлшерде берілетін болады
Аяжан Убайдулла,
Қорқыт ата университеті
Журналистика факультетінің 2-курс студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!