Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынатын мектептердің директорлары құрылыс басталған кезде тағайындалып қоятынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мектеп өмірінде директордың рөлі де ерекше екені баршаға мәлім. Сондықтан біз мектеп құрылысы басталысымен мектеп директорын тағайындауды қарастырып отырмыз.

Ол құрылыс барысын бақылап, бас-көз болып, алдын ала педагогтерді жинақтап, менеджмент және көшбасшылық бойынша арнайы курстардан өтеді.

Осы шаралардың барлығы жаңа мектептерді жақсы педагогтермен қамтамасыз етуге және білім сапасын арттыруды қамтамасыз ететін тәсілдерді пайдалануға мүмкіндік береді», – деді министр.

Сондай-ақ, ол аталған жобаға бөлінген қаражаттың игерілуі қалай бақыланатынын түсіндірді.

«Тағы бір ерекшелік – құрылыс кезінде ашықтық қамтамасыз етіледі. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы құрылыстың барысымен және IP-камера арқылы онлайн режимде бақылап, мектептің тиісті құжаттарымен таныса алады», – деді Асхат Аймағамбетов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!