Арал ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өтіп, жаңа оқу жылына дайындық мәселесі пысықталды.

Аудан әкімі бұл мәселе Үкімет отырысында және облыста өткен арнайы жиында қаралғанын айтып, өзекті екенін жеткізді.

– Бұл бір ғана басқарманың немесе бөлімнің жұмысы емес. Барлық жергілікті атқарушы органдардың бірлесе отырып жасайтын жұмысы. Сондықтан да жүзеге асырылуы тиісті міндеттер сапалы әрі мерзімінде орындалуы қажет, – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар жиында апатты мектептерді жою мәселесі бойынша жұмыстарды қайта жандандырып, тиісті салалық министрліктер мен басқармаларға білім беру стандарттарына сәйкес келмейтін мектептерді қайта салу бойынша ұсыныс енгізу керектігін жеткізді.

Бұдан бөлек құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан кейбір білім ұяларынан кемшіліктер анықталып жатқанын айтып, олар бойынша қажетті шараларды қабылдап, құрылыс сапасына ерекше мән беру керектігі баса айтылды.

Осы және өзге де кемшіліктерді пысықтаған аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы оқулық және оқу-әдістемелік кешендермен қамту бойынша және осал топтағы отбасындағы мектеп бітірушілерге облыс әкімінің гранты тағайындау мәселесі мен білім ұяларының жылу беру маусымына дайындығын жетілдіру жөнінде жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді.

Жиында мұнан өзге тұрғындарды баспанамен қамту және ауданның тазалық мәселесі кең көлемде қаралды. Әсіресе қала аумағындағы тазалық жұмыстары сын көтермейтінін айтып, кемшіліктер арнайы слайд арқылы көрсетілді.

Бұл мәселелерге қатысты жауапкершіліктің жоғары болуы керектігін айтқан аудан әкімі берілген тапсырмадан уақытысында нәтиже шығарудың маңызды екенін жеткізді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!