Қазақы тәрбие арқылы ұрпақтың санасына сіңетін жомарттық қазір әлем елдерінде жоғары бағаланады. Яғни жақсылыққа ұмтылған жүрегі кең жандарды бүгінде еріктілер деп атаймыз. Олар уақытын, күшін, тіпті кейде ортақ игілік үшін қолындағы барын жұмсайтын жасампаз адамдар. Біреудің күмәнмен қараған жерінде еріктілер үміт сәулесін жағады. Табиғат апаттарының ортасында тірек, жалғыз қалған жандарға сүйеу, қоғамға өзгеріс әкелетін негізгі күш. Өміріміздегі осы қаһармандарды танып, олардың еңбегін бағалау – ортақ міндет.

5 ЖЕЛТОҚСАН – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕРІКТІЛЕР КҮНІ

БҰҰ бұл қозғалысқа ерекше көңіл бөліп, волонтерлардың мүддесін қорғау үшін түрлі шараларды қолға алған. Мәселен, 1985 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы жыл сайын 5 желтоқсанда экономикалық және әлеуметтік даму үшін халықаралық еріктілер күнін атап өтуді ұсынып, ресми бекітті. «Еріктілік − әлем бойынша әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерді шешуге арналған үлкен, жаңартылатын ресурс. Түрлі қиындыққа кезіккенде волонтерлар көмекке жиі бірінші болып келеді» делінген БҰҰ сайтында.

2016 жылы Қазақстанда волонтерлік қызметтің тұрақты және жүйелі дамуына жол ашатын волонтерлік заң қабылданды. Ал 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялап, елге волонтерлік қызмет қажет екенін айрықша атап өткен еді. Мұнан бөлек ТМД елдерінде «Волонтерлік қозғалыс» жылын белгілеу мәселесі қарастырылуда.

Мемлекеттік органдар жыл сайын еріктілер қауымдастығымен бірлесіп 50-ден астам жобаны жүзеге асырып, бастамаларды іске асыру үшін 240 шағын грант береді. Осындай қарқынды жұмыстың нәтижесі де қуантады. Мәселен, 2019 жылы волонтерлік ұйымдардың саны 50-ден астам болса, былтыр 680-ге жетті. Ал волонтердің саны 50 мыңнан 200 мыңға артқан. Бүгінде республика бойынша 240 мыңнан астам белсенді волонтер мен 740 еріктілер ұйымы жұмыс істеп келеді. Жаһандық көрсеткіш бойынша 970 миллион волонтер болса, оның ішінде әрбір сегізінші қазақстандықеріктілер қатарын толықтырады.

− Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлердің қызметіне үлкен көңіл бөліп келеді. Әсіресе осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға баса назар аударады. Бүгін Қазақстан мен Ресейдегі волонтерлер қозғалысы шығармашылық күшке айналып, мейірімді азаматтардың жұдырықтай жұмылуының жарқын үлгісіне, халықтар арасындағы байланыстарды нығайтатын, маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал ететін қозғалысқа айналды деп сеніммен айта аламыз, − деген еді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жақында өткен еріктілер слетінде.

Ал қазан айының басында Астанада жастар кеңесі аясында өткен волонтерлер слетіне Қырғызстан, Ресей, Шри-Ланка, Қытай, Өзбекстан, Әзірбайжан, Иран, Тайланд, Тәжікстан секілді 21 елден 450-ден аса делегат арнайы келді. Екі күндік жиынның маңызы да зор. Себебі негізгі басқосудан бөлек, панельдік сессиялар да ұйымдастырылып, шетелдік спикерлердің қатысуымен «Әлеуметтік және инклюзивті волонтерлік», «Зияткерлік волонтерлік: инновациялық тәсілдер және халықаралық тәжірибе», «Төтенше жағдайлардағы волонтерлік қызмет», «Еріктілердің экологиялық проблемаларды шешуге қосқан үлесі» және «Денсаулық сақтау саласындағы волонтерлердің рөлі» тақырыбы қозғалды.

Қос ұғым: асар мен еріктілік

Ықылым заманға көз тастасақ, көмегі үшін ақша сұрамайтындардың бастауында Жан Анри Дюнан тұр. Ол 1859 жылы науқастарға тегін көмектесуге дайын жандарды жинап ұйым құрған. Мұқтаждарға жәрдем жасаған. Яғни еріктілердің негізгі жұмысы осы кезеңде басталды деуге негіз бар. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды» демекші, волонтерлікті біздегі «Асармен» теңестіруге болатын секілді. Себебі жанашыр туыстарың бас қосып, көмекке келеді. Әлқиссада тілге тиек еткендей, көмек қолын созу әр қазақтың бойында бар, ешкім тартып ала алмайтын қасиет.

Жалғастырсақ, 2018 жылы «Qazvolunteer.kz» платформасы іске қосылды. Бұл арқылы еліміздегі кез келген адам еріктілер қозғалысының қатысушысы болып, пайдалы іске өз үлесін қоса алады. Сонымен қатар қазақстандық волонтерлардың ел аралап, әлемдік дәрежеде игі істердің куәгері болып жүргені көз қуантады.

«Жетісу мейірімі», «Academy of Kindness», «JasStar», «Qadam», «Qanat», «Ұлттық волонтерлік желі» ОЮЛ, «Қазақстандағы Қызылжарты ай», «БҰҰ-ның Қазақстандағы волонтерлік бағдарламасы» секілді елімізде бірнеше еріктілер ұйымы бар.

Солардың бірі «Ой бренд» қоры өкілдерімен байланысқа шықтық. Қордың негізгі мақсаты – мемлекеттік жастар саясатын іске асыру және волонтерлық саланы дамыту. Қор өкілдері жыл сайын түрлі бағыттағы 100-ден астам іс-шара ұйымдастырып келеді. Оның ішінде жастарға бейресми білім беру, профориентациялық кеңес ұсыну, жастарды волонтерлікке ұдайы тарту жұмыстары бар.

«Ой бренд» қоғамдық қоры Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету бойынша ұйымдастырылған «Fenomen jas» жобасы аясында «Uly dala saryny» сыйлығының «Үздік жастар ұйымы – 2024» номинациясы бойынша жеңімпазы атанды. Қордың жоба басшысы Нұрасыл Бекматов «Игі істер марафоны – 2024» байқауының«Инклюзия» бағыты бойынша үздіктер қатарына қосылды. 2022-2023 жылдардағы «Birgemiz: Saulyq» жалпыұлттық жобасының Қызылорда облысы бойынша координаторы қызметін үздік атқарғаны үшін «Үздік координатор» номинациясын жеңіп алды.Сонымен қатар сәуір айында болған су тасқыны кезінде қор өкілдері әр өңірден гуманитарлық көмектерді жинауға көмектескен.

– Волонтерлық саланың ауқымы кеңейіп, дамытатын бағыттары нақты айқындалған. Қор түрлі бағытта жұмыс істейді. Негізгі басымдық – еріктілік. Волонтерлерді оқыту, оларға арналған кешенді бағдарламалар мен жобалар әзірлеу «Birgemiz» бағыттарын дамытатын негізгі құрал. Қор өз қызметін Қызылорда, Қарағанды, Жетісу, Атырау облыстары мен Астана қаласында белсенді жүргізіп келеді. Ұжым үшін биыл тартысты да табысты жыл болды. 2025 жылы атқарылатын жұмыстардың ауқымы кең, – дейді қор өкілдері.

Иә, волонтерлар жүректері мейірімге толы, жақсылық жасаудан жалықпайтын жандар. Өзгелерге үлгі болып, көмек қолын созудың маңызын көрсетуде. «Ақмешіт жастары» редакциясының ұжымы жақсылыққа жол салған еріктілерді мерекемен құттықтайды!

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!