Халықаралық жастар мерекесі өңірде ерте басталды. Мереке қарсаңында облыстық «Жастар ресурстық орталығында» аймақтың белсенді жастары бас қосты.
Пікір алмасу форматында өткен жиында жастар саясатын дамытудағы бірқатар кемшіліктер қозғалып, нақты ұсыныстар айтылды. Шараны ұйымдастырушы, облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мақсат Дауылбай жастар арасындағы ақсап жатқан мәселерді талқыға салып, оның шешімін табу үшін тың идеялар қажет екенін жеткізді.
– Бүгінгі заман ашықтықты, еркіндікті талап етеді. Сондықтан барлық жастардың ұсыныс-пікірін тыңдау үшін «Minber-де жастар» тақырыбындағы шараны қолға алып отырмыз. Шараға облыстағы барлық көшбасшыларды, қоғам белсенділерін, жастар жанашырларын тарттық. Жастар арасында мәселе көп. Барлығын оң бағытта өзгерту үшін жаңа ойлар, тың идеялар қажет. Сондықтан мазмұнды жиынды халықаралық жастар күніне орайластырдық, – деді Мақсат Дауылбай .
«Мінберде»сан түрлі мәселелер талқыға түсті. Мысалы, белсенді жастың бірі Ақтілек Темірбайұлы бір мезеттік шаралардың соңы жақсылыққа жеткізбейтінін алға тартты.
– Біз жауыр болған шаралардан арылуымыз керек. Жастардың вайбы қазір өзгеше. Олардың басын біріктіру үшін заман талабына сай шараларды ұйымдастырғанымыз абзал. Осы ретте қалалық «Qosyl» жастар ресурстық орталығының 3-4 жобасын мысалға келтірейін. Бүгінде «Qosyl acoustic» жастардың бас қосатын керемет жобасына айналды. Жанды дауыста ән салып, керемет күй сыйлайды. Осы жобаның арқасында үлкен орта қалыптасты. Қаладағы белді мейрамханаларда жанды дауыста ән шырқайтын әншілердің барлығы «Qosyl acoustic-тың» түлектері десек болады. Міне осындай сұранысқа сай жобаларды аудандарда да іске асыру қажет дейді, – Ақтілек Темірбайұлы.
Осылайша биыл жастар мерекесін тойлау жылдағыдан басқаша. Өзгеше форматта басталған мерекенің мезіреті көпке ой салады. Мереке құтты болсын, замандастар!
Ерасыл ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!