Қазір өңір халқының 29,3 пайызын жастар құрайды. Байқоңыр қаласының жастарын қоса есептегенде аймақта 246 455 жас бар. Бұл – ұлттық статистика бюросының биылғы 1 қаңтардағы мәліметі. Ал ресми дерекке сүйенсек, осы жылдың ортасына дейін 14 пен 35 жас аралығындағы 7982 адам Сыр елінен көшіп кетсе, 6025-і өңірге қоныс аударған.
Бүгінде болашағын берекелі бастамамен елестетіп, жұмыс істеймін деген жасқа кез келген есік ашық, қолдау бар. Ал осындай жастардың басын біріктіріп, жол сілтеп, жұмысын жүйелі жүргізіп отырған облыстық жастар орталығының еңбегі орасан. Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты орталықтың жұмысы көзге көріне бермесі анық. Бірақ жасалған жұмыста есеп жоқ. Жастардың түрлі санатымен тұщымды жұмыс істеп, үйлестіруде. Оның үстіне жуырда орталықтың тізгінін қолға алған білікті маман Әліби Басаров жастар үшін тиімді әрі елең еткізер ерекше іс-шаралардың легін арттырып келеді.
Жұмыссыз жастар азайып келеді
Ашығын айтайық, Сыр еліндегі жұмыссыз жастардың қатары жыл санап азайып келеді. Биылғы жылдың ІІ тоқсанында өңірдегі жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,4 пайызды құраған. Нақтыласақ, қазан айында қалалық, аудандық «Мансап»орталықтары арқылы «ҚР-ның еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы » аясында 26366 жұмыс іздеуші жас жүгінген. Олардың ішінде 13359 жас субсидияланған жұмыс орындарына жолданса, 4300-і бос жұмыс орындарына орналастырылды. 2608-і жастар тәжірибесіне, 161-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 2993-і қоғамдық жұмыстарға, «Алғашқы жұмыс орнына» 194, «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына 14 және 1427 жас «БастауБизнес » жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарымен қамтылған.
Сол секілді «Электронды еңбек биржасы» арқылы 974 жас (skills.enbek.kz порталы) онлайн- оқудан өтті. 80 жас қысқа мерзімді оқыту курстарына жолданып, 608 жас жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант иеленіп, бүгінде кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Мұнан бөлек, Ұлттық жобалар мен концепциялар шеңберінде 1702 жас және ҚР Президентінің облыс әкімдеріне «10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру» жөніндегі тапсырмасына сәйкес 4336 жұмысқа орналастырылды.
– Осы жылы жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, түрлі бағытта кеңес беру мақсатында тиісті сала мамандарының қатысуымен 3 рет көшпелі түрде «Мүмкіндіктер керуені» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс шараларда жергілікті 141 мекемеден 1018 вакансия ұсынылды. Жалпы қамтылған жастар саны – 3200. Сондай-ақ Еңбек күні аясында «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ, қалалық «Мансап» орталығы мен облыстық және қалалық жастар ресурстық орталықтары бірлесе отырып, «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін» ұйымдастырды. Іс-шарада жұмыс іздеушілерге Қостанай облысы, Қамысты ауданының 6 ауылдық округ әкімдіктерінен 100-ге жуық және жергілікті 30 мекемеден 210 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге218 жас қатысып, 45-не жолдама берілді.
Сонымен қатар жастарды бос жұмыс орындарымен ақпараттандыру мақсатында орталықтың ашқан «@Jastargajumys11» парақшасына облыс бойынша1613 жас жазылып, жыл басынан бос жұмыс орындары туралы 386 ақпарат жарияланды, – дейді орталық директоры Әліби Басаров.
«Жастарды шақыратын іс-шара көп»
Орталық директоры осылай деп отыр. Олай деп айтуға да негіз жоқ емес. Өйткені жастар арасындағы іс-шаралардың легін ел-жұрт көріп, білуде. Оның үстіне аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей қолдауымен жастарға бағытталған жаңа жобалармен игі бастамалар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді.
Мәселен биылдың өзінде жастарды дамыту мен қолдауға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 30 түрлі жоба жолын тапса, оның ішінде 8 әлеуметтік жоба облыстық жастар орталығымен бірге үйлестірілген.
Жастардың баспана жайы да назардан тыс қалған емес. «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы бойынша мамыр айында 60 жас отбасыға пәтер кілті берілді. Ол аз десеңіз, жуырда тағы да 40 жас отбасы баспаналы болмақ.
Жастарға арналған әлеуметтік нысандар да жыл сайын бой көтеруде. Өткен жылы «Отбасы» және «Анаға тағзым» орталығы өз қызметін бастаса, биыл 1000 орындық «Өнер» мен «Теннис орталығы»салтанатты түрде ашылды. Қуантарлығы сол, биыл Оқушылар сарайы, Қызылорда Арена, стадион және музыкалық колледждің құрылыстары басталды.
Аймақта жастармен жұмыс істейтін 10 жастарресурстық орталығы бар. Сондай-ақ Байқоңыр қаласында орталыққа қарасты бөлімшенің де жұмысы жанданып келеді. Олар жыл басынан бері түрлі бағытта 114699 жасты қамтитын 1564 іс-шара ұйымдастырған. Бұл жастардың жиындарғақатысу белсенділігін өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,4%-ға арттырып отыр.
Орталыққа кеңес алу үшін ағылатын жастардың қарасы қалың. Оның ішінде құқықтық сауаттылық, кәсіп бастаудағы алғашқы кеңестер, денсаулық мәселелері, мемлекеттік грант, шығармашылық бағыт, кәсіби бағдар беру, алимент өндіру, тұрғын үй мен коммуналдық мәселе және оқу орындар бойыншатұрақты кеңес ала алады.
Жыл басынан әр түрлі бағытта 365 іс-шара ұйымдастырылды десек, оларға 63108 жас қатысқан. Соның ішінде ауқымды жиындардың да легі аз болмады. Мәселен Қырғыз елінен келген ұлттық «Манас» театрының өнерпаздары облыс жастарымен бірлесіп түрлі тақырыпта бейнероликтер түсірілді.
Ойдағыдай өткен он күндік
Биыл Сыр жастары 12 тамыз – «Жастар күні»мерекесін кең көлемде атап өтті. Ол үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетімен бірлесе 10 күндік мерекеге арнайы тұжырымдама бекітті. Соның аясында облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, 3-12 тамыз күндері аралығында арнайы жиындар қолға алынды. Жалпы алғанда ұлттық онкүндік аясында 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, ол 50 мыңға жуық жасты қамтыған көрінеді.
Біз айтып отырған онкүндіктің алғашқы күні «Таза Қазақстан» тақырыбымен басталған. Оған қоса «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының қатысуымен «Jasyl Marafon24» эко-турнирі ұйымдастырылды. Соның аясында ардагерлер үйінің ауласына да тазалық жұмыстары жүрген.
Жоспар аясында қала мен аудан орталықтарындағы ЛЭД экрандарда қазақстандық ынталандырушы және көркем фильмдерді көрсету мақсатында «Aspan Cinema» іс-шарасы өтті. Мерекелік аптаның «Денсаулық – зор байлық» тақырыбымен жалғасқан үшінші күн «Донор бол!» атты қан тапсыру акциясымен басталып, қалалық емханаларда скринигтер, мамандардың кеңес жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар кешкі уақытта қалалық мәдени-демалыс саябағында «Жастар денсаулық орталығының» көшпелі форматтағы ашық есік күні өтті. Одан бөлекквиз, интеллектуалды сайыс форматында заманауи ойындар және орталық ғимаратында орналасқан №19 қалалық кітапханасында «Кітап сыйла», «Түнгі кітапхана» акциялары, «Игі істер марафоны» аясында көпбалалы отбасыға көмек көрсету шарасы мен кәсіптік және әлеуметтік жәрмеңкесі, «Адал азамат» тақырыбында TEDх форматтағы жастардың танымал тұлғалармен бейресми кездесуі өтті.
10 тамыз күні – «Ыстық қайрат, Нұрлы ақыл, Жылы жүрек» атты Абай күні кең көлемде атап өтіліп, әлеуметтік желілердегі орталықтың ресмипарақшаларында тұрғындардың, танымал тұлғалардың бейнеқұттықтаулары мен челлендж, Арбат бойындағы қаламгерлер аллеясында поэзия кеші ұйымдастырылды.
Ұлттық онкүндік барысында орталықтардың бастамасыменжәне жастардың сұранысымен Батырхан Шөкенов атындағы саябақта «Мүмкіндіктер алаңы» іс-шарасы облыс бойынша өткізілді.
Мереке 12 тамыз күні Достық үйі алдында «Жастармен бірге!» open air форматында өткен кешпен қорытындыланды. Іс-шара аясында барлық санаттағы жастар, оның ішінде еріктілер, еңбекші жастар, жас мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлер марапатталып, «Тәуелсіздік ұрпақтары» облыстық байқауының жеңімпаздарына номинациялар табысталады. Сондай-ақ елімізге танымал жас әншілердің қатысуымен концерт өтіп, қонақтар жастарға көңілді кеш сыйлады.
Жетістік алға жетелейді
Сөз еткендей, орталық ұйымдастырған іс-шаралардың шегі жоқ. Оған түрлі бағытта өткен жарыстарды да қоса аламыз. Мәселен «Инклюзивтік қоғам дамыту» гранты аясында «Ақ босаға» ҚБ-нің ұйымдастыруымен жастар орталығында «Қызылорда өңірінде еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі жастарды креативті өнерге тарту»жобасының қорытынды кешімен қолөнер бұйымдарының көрмесі өткен-ді. Жоба аясында 16-34 жастағы еңбекке қабілетті мүгедектігі бар жастар 3 бағыт бойынша курста білімдерін шыңдап, арнайы сертификат иегері атанды.
Жаңа оқу жылы басталғаннан «Syr Jastary» облыстық жастар ресурстық орталығы мен «Qosyl» Qyzylorda Jastar Ortalygy мамандары бірлесіп қалада орналасқан жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жатақханаларында студенттерімен еркін форматта кездесулер өткізді.
Соның ішінде тоқтала кетерлік жағдайдың бірі – «Мәдени мұра» халықаралық жобасы аясында Түркия елінің жастар және спорт министрлігінің қолдауымен делегацияның арнайы қонақ болыпкелуі. Делегация құрамында келген Анталияқаласының жастар орталығының басшысы, қызметкерлері мен белсенді ерікті жастары облыста мемлекеттік жастар саясатының жүргізілуі, жастарға арналған жобалар және орталық ғимаратымен танысты. Кездесу соңында меймандарға Қызылорда облысы туралы арнайы кітаптар тарту етілген.
Ғимаратқа келуші өскіндердің қатары сиреген емес. Соның ішінде баласын спортқа баулығысы келетін ата-аналар жастар орталығы жанында ашылған 4 үйірмеге балаларын еркін жібере алады. Соның нәтижесінде осы күнге дейін 101 жасөспірім мен жас қатысып үлгерген. Атап айтқанда, кикбоксинг, грэпплинг үйірмесінде 7-25 жас аралығында 15 жас, ұлттық және аралас жекпе-жекке 7-25 жас аралығында 35 адам, каратэ-до секциясында 7-25 жас аралығында 21 адам, тхэквандоға 5-25 жас аралығында 30 адам қатысуда.
Орталықта шыңдалған жастардың жетістіктері де жаман емес. Осы жерден құрылған «QOB-TEAM» командасының үлттық және аралас жекпе-жек клубының шәкірттері облыстық турнирлерден, панкратионнан ҚР Чемпионатының іріктеу сайысында жүлделі орындар алды. Сондай-ақ суретшілер үйірмесінің қатысушысы А.Спаш Түркияда өткен оқушылар арасында сурет салу байқауында жүлделі І орынды иеленді.
ІТ парк орталығында «ІТ әзірлеу және дамыту» бөлімі қызметкерлерімен қоса 10 резидент бірлесіп жұмыс істейді. 120 студент оқу тәжірибесінен өтсе, 20 азамат жастар практикасымен жұмыс істеп, 25 оқушы білім алуда. Фитнес-орталығының қызметін 455 жас, үстел теннисі ойынын 389 жас пайдаланатын көрінеді.
Орталықта тұрақты түрде әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарға «Әлеуметтік дүкен», медпункт пен психолог кабинеттері жұмыс істеуде. Алдағы уақытта облыс әкімінің қатысуымен облыстық жастарфорумы және 17 қараша – Халықаралық студенттер күніне орай «Жастар балы» ұйымдастырылмақ.
Сондай-ақ келесі 2025 жылы жастармен тиімді жұмыс жүргізу мақсатында орталық тарапынан патриоттық, шығармашылық, әлеуметтік бағытта 7 әлеуметтік жоба жүзеге асыру көзделген.
Түйін. Белсенді һәм білімді елдің ертеңі нұрлы, болашағы жарқын болмақ. Ол үшін жас буынның болашағына сеніммен қарап, сағын сындырмау қажет. Оларға әрдайым қолдау білдіру арқылы қоғам тіршілігі жандана бермек. Ал орталықтың жүйелі жұмысы Сыр жастарының көш басында жүруіне септесетіні айдан анық.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!