Соңғы уақытта жастар үшін жағымды жаңалықтың ұшқыны байқалуда. Мемлекет жастарға арналған бірыңғай тұрғын үй бағдарламасын іске қосып, әскери борышын өтегендерге білім алу жүйесін жеңілдетеді.

 Алдымен, баспана жайынан бастайық. Қазақстанда жастарға арналған бірыңғай тұрғын үй бағдарламасының жобасы әзірленіп жатқанын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі хабарлады. Аталған жаңалық БАҚ бетінде жарияланғалы ақпараттың анық-қанығын іздеген адамның қатары көп. Яғни, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жуырда жастар арасында арнайы сауалнама жүргізген. Респонденттерге «Сіздің ойыңызша, жастар өзін сенімді сезініп, дамуға қабілетті болуы үшін не қажет?» деген сұрақ қойылған екен. Нәтижесінде сауалнамаға қатысушылардың 40,9 проценті «баспана» деп жауап берген. Міне, орталық сауалнамасына сүйеніп, министрлік мамандары жастардың негізгі мәселесін шешуге талпынуда.

 Зерттеу орталығы «Отбасы банкпен» бірлесіп, жастар үшін тұрғын үй несиесінің қолайлы шарттары, баспана жағдайын жақсарту қажеттілігін айқындау бойынша зерттеу жүргізуді қолға алмақ. Зерттеу негізінде бірыңғай жастар тұрғын үй бағдарламасының арнайы жобасы әзірленіп, азаматтардың баспаналы болуына жол ашылады деп күтілуде.

 Қазір «Отбасы банк» өңір әкімдіктерімен бірге жастарға арналған жеке бағдарламаларды жүзеге асырып жатыр. Жергілікті билік пен банк арасындағы екіжақты келісім шеңберінде «Елорда жастары», «Алматы жастары», «Қарағанды жастары», «Әулиеата жастары», «Қостанай жастары» секілді бағдарламалар әзірленген. Жоба аясында мыңдаған жас көптен күткен пәтер кілтіне қол жеткізіп, болашаққа деген сенім артқан. Жақын арада осындай бағдарлама «Алатау жастары» деген атаумен Атырауда да іске қосылмақ.

 Өңірлік тұрғын үй бағдарламаларына қатысу үшін іріктеу критерийлері әр өңірге байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Алайда алдын ала болжамға сәйкес, несие беру шарттарының нұсқасы дайын. Бастапқы жарна кемінде 10% , несие мөлшерлемесі – жылдық 5%, несие мерзімі – 19 жылға дейін.
Жастардың бірыңғай тұрғын үй бағдарламасының жобасын әзірлеу «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы мен «Отбасы банк» АҚ арасындағы Меморандум негізінде жүзеге асатын болады.

Ендігі мәселе – білім алу. Бұл орайдағы өзгеріс те көңіл көншітеді. Енді еліміз­де мерзімді әскери қызме­тін өтеген­дерге жоғары білім алуға жеңілдік беріледі. Яғни, әскерде болған азамат екі жыл ішінде ҰБТ нәтижесінсіз ақылы негізде оқуға түсе алады. Ал бұрынғы әскери қызмет­шілерге жоғары оқу орындары­ның әскери кафедра­сында тегін оқуға мүмкіндік беріледі. Қорғаныс министрлігі тиісті ереже­лерге өзгеріс енгізу жұмысын бастап кетті. Жоба келер жылдан бастап іске асады деп жоспарлануда. Мұндай жеңілдіктер қазір борышын өтеп жүрген азаматтарға және осы күзде әскерге шақырылатын сарбаздарға жасалады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің хабарламасында былай делінген: «Жеке қасиеттеріне, үлгілі тәртібіне және мерзімді әскери қызметін өтеу кезеңінде жауынгерлік даярлықта қол жеткізген жоғары нәтижелеріне қарай әскери қызметшілерге жоғары оқу орнының гранты есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі беріледі. Мұндай жастарға Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына емтихансыз және ҰБТ-ны есепке алмай-ақ оқуға түсу мүмкіндігі ұсынылады. Әскери оқу орындарына емтихансыз түсу және азаматтық жоғары оқу орындарын­да оқу грантын алу кезінде әскери қызметшілердің Отан алдындағы борышын өтеген балаларына да басымдық беріледі деп отыр. Жобаны іске асыру білім беру саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етпейді».

Білім мен баспана мәселесі күн тәртібінен түскенде ғана жаңа мүмкіндікке сенім артып, жастардың өнімді еңбек етері анық. Аталған бастамалар осы оң өзгерісті жақындатады.

Бұдан бөлек, жақында елімізде жастардың жасы 29-дан 35-ке дейін ұлғаюы мүмкін екені айтылды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі хабарлады. Егер заң жобасын Мәжіліс пен Сенат мақұлдаса, жастардың жасы 29-дан 35 жасқа дейін созылады. «Қазір елімізде 2,5 млн-ға жуық жас бар. Егер заң қабылданса, олардың қатары 6 млн-ға дейін өсетін болады. Бұл жерде көптеген адам мемлекет тарапынан жастарға берілетін мүмкіндікке ие болады» деді Дархан Қуандықұлы.

Тағы бір мәселе – жұмыспен қамту идеологиясын өзгерту мәселесі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов та қозғады.

«Жастарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары туралы жеткілікті ақпарат берілмейді. Сондықтан осы бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту қажет. Осыған байланысты: бірінші, Еңбек министрлігі халықты, әсіресе жастарды жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдерін әзірлесін. Бұл тәсілдерді Еңбек нарығын дамытудың кешенді жоспарының жобасына енгізу қажет. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі қызметтердің қолжетімді болуы мен сапасын арттыру шараларын қабылдау керек. Оларды автоматтандырып, қарау мерзімдерін қысқарту қажет», – деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов екіншіден, Еңбек, Цифрлық даму министрліктері мен әкімдіктерге жұмыспен қамту саласының инфрақұрылымын жаңғыртуды қамтамасыз етуді және жұмыспен қамту орталықтарының қызметін толық цифрландыруды тапсырған болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!