Фото: ашық дереккөзден

«Жасында байқары жоқтың, жасы жеткенде айтары жоқ». Бұл сөздің төркінін түсінбеу мүмкін емес. Бүгінде өз «потенциалын» ашуға тырысатын, өзі қалаған өмірді сүруге ұмтылатындар көп арамызда. Бірақ олар үшін бұл жол қаншалықты жеңіл? Бүгінгі жастарды не алаңдатады? Мұны білмек үшін қазіргі жағдайды сараптап, бүгінгі буынның өзімен де тілдесіп көрдік…

Бүгінгі жасты не алаңдатады?

Алдымен ойға оралатыны, ЖОО-да тегін оқу, жұмыс пен баспана мәселесі. Әлеуметтік желіге тым көп көңіл бөлу, оңай жолмен тез байып кетуге ұмтылу көзқарасы, тым ерте үйленіп, тез ажырасу, құмар ойынға бейімділік те мәселе қатарына еніп кеткені рас.

Қоғамдық даму басқармасына қарасты «Ақпараттық-талдау орталығы» жылына 4 рет аймақ жастары арасындағы ахуалға зерттеу жүргізіп, қорытындысы бойынша мүдделі органдарға ұсыныстар беріп келеді. ІІ тоқсандағы зерттеу бойынша жастар арасындағы ахуал тұрақты деп сипатталған. Дегенмен келесідей қорытынды шығарылған.

Алғашқысы, аймақ жастары арасында жұмыссыздық мәселесі өзекті болып отыр. Екінші, жастардың басым бөлігі тұрғын үйге деген қажеттілікті жеткізген. Үшінші, жергілікті жерде жастардың бос уақыттарын ұйымдастыру шараларын көбейту қажеттілігі сұралса, төртінші, жастар арасында дінге қызығушылықтың жоғары екені анықталған. Осыған сәйкес бүгінде жүйелі жұмыстар қолға алынған.

«БОС УАҚЫТЫН ҚАЙДА ЖҰМСАРЫН БІЛМЕЙДІ…»

17-18 жастағы жасөспірімдердің көпшілігі үшін негізгі мақсат – ЖОО-ның білім грантын иелену. Жыл сайын білім беру гранттарының саны артып, мүмкіндіктің молайғаны белгілі. Үздіксіз дайындалсаң, тегін оқудың да ауылы алыс емес. Біздің елде жоғары білім алуға барынша жағдай жасалған деуге болады. Жақсы, жас талапкер білім беру грантын иеленіп, оқуға түсті делік. Дегенмен қазіргі буын осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, академиялық оқу процесінен бөлек, ғылыми тұрғыда ізденіп, сабақтан тыс уақытта тұлғалық қабілеттерін ашуға әрекет етіп жүр ме?

Иінтірескен ақпарат ағыны жастардың нақты бір кәсіпті меңгеруіне де кедергі келтіруде. Айталық, өзі мұғалімдікті оқып жүрсе де, мобилограф не психолог болып кеткендер көп арамызда. Оған себеп, интернеттегі жарнама мен блогерлердің көз қызықтыратын «мол табысы». Осының әсерінен нақты мамандыққа деген ынтасы жоғалған студенттер мен оңай жұмыс іздейтіндердің қатары көбейгені рас. «Бір айда 150 мың теңге тапқанша, неге мобилограф бола салмаймын?» дейтін таныстарыңыз да бар шығар… Бірақ ол жас маманның болашағына қаншалықты пайдалы? Өз саласы бойынша нақты білім алып, тәжірибе жинайтын уақытын, жастық қуатын SММ не мобилограф боламын деп жоғалтып алмай ма?! Бүгінгі сала мамандарын ойландырған мәселенің бірі – осы.

Бос уақыттың көп болуы және оның пайдалы іске арналмауы теріс ойлар мен зиянды әдеттерге де соқтыруда. Қазір 100 теңгемен-ақ интернеттегі оп-оңай ойындарды ойнауға әуестенген жастар қалайша жүз мыңдап қарызға кіріп кеткенін аңғармай қалуда.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, лудомандар саны 350 мың шамасында. Сонда 20 млн тұрғынның 1,75 пайызы ойынқұмарлықтың құрығына ілінген болып тұр. Ал әрқайсысының орташа қарызы – 10 млн теңге.

АРЗАН АҚША ІЗДЕП, АРМАНЫНАН АЙРЫЛЫП ҚАЛДЫ…

Жас әлеуметтанушы Абай Арыстанбек те «қазіргі жастардың басты мәселесі – бос уақытын тиімді пайдалана алмауында» дейді.

– Жастардың көбі бос уақытын қайда жұмсарын білмейді. Осы мәселені шешуге қоғам бір кісідей атсалысса екен деймін. Оған көмектесе алатын мамандар жұмыс істеуде, көмегі тиіп жатыр деуге де болады. Бірақ мұндай шараларды көбірек қолға алу керек.

Екіншісі, жастардың лудоманияға бейім болуы, букмекерлік кеңселерді жағалып бәс тігуі тым көбейіп кетті деуге болады. Арзан ақшаның артынан еріп, арманынан айрылып қалған жастар бар. Отбасынан ажырап кеткендері қаншама. Жастарда қандай мәселе бар дегенде осы екеуін алдымен айтуға болады, – дейді әлеуметтанушы.

М.Мақатаевтың күнделігінде мынадай сөз бар. «Адам өмірінің бақыты – балалық шағы. Балалық шақ бақытсыздықпен өтсе, санасы бар пенденің бүкіл ғұмырына сызат түскені». Келісетін боларсыз. Студент Ақниет Мәуленова жастардың жақсы іске бейім болуы отбасындағы тәрбиеден бастау алады деген пікірде.

– Қазіргі жастарды алаңдататын проблемалардың алды зорлық-зомбылықтың көбеюі деуге болады. Кейінгі жылдары кісі өлімінің үйреншікті жағдайға айналуы, әйелдерге ғана емес ер кісілердің өзіне көрсетілетін қысым, жасырын және жария қорлықтар кім-кімнің де алаңдаушылығын тудыруда. Жастардың да, оларды өсіріп отырған ата-ананың да көңіліндегі түйткіл осы деп ойлаймын.

Мұның барлығы отбасындағы тәрбиеден бастау алады. Меніңше, балалар көз алдында болған дүниеге бейімделіп өседі. Үй іші ұрыс-керіске толы болса баланың жасқаншақ, зұлым болып өскеніне таңқалудың қажеті жоқ. Сол үшін әр ата-ана тікелей өздерімен жұмыс істеуі қажет. Бізде заң күшіне енгенімен, балаға жақсы тәрбие беруді, үнемі қадағалап отыруды ата- ана назардан тыс қалдырмаса деймін, – деді ол.

Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Нұрайым Сағнадинқызы ең негізгі үш мәселені атап өтті.

– Жастардың көпшілігі жоғары білім алуға ұмтылады, бірақ жоғары білім алғаннан кейін жұмыс табу қиын болуы мүмкін. Кейбір салаларда жұмыс орындарының тапшылығы бар. Бірақ кей жастардың алған білімі жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмейді.

Сондай-ақ жастардың көбі баспанаға келгенде қиындық көреді. Жылжымайтын мүлік бағалары мен ипотекалық несие алу шарттары да жастардың баспана алуын қиындатуда.

Мұнымен қоса әлеуметтік желілердің әсері, жеке және қоғамдық қысым жастардың психикалық денсаулығына әсер етуде. Қазір көптеген жас стресстен, депрессиядан, болашаққа деген алаңдаушылықтан зардап шегеді, – дейді ол.

Байқағанымыздай, жастар өздері де аулақ болуы керек мәселелерді анық біледі. Тек соны уақытылы шешуге ерік-жігері жетсе болғаны. Қазір мемлекеттің қолдауы да, баланың білімі үшін инвестиция салатын ата-ана да көп. Тек жастар өзі ойлағандай болашаққа қадам басуы үшін жақсы достар тауып, орта қалыптастырып, бос сөз бен пайдасыз істен аулақ жүріп, құр амбиция мен тәкаппарлықтан сақтанса дейсің.

Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!