Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін ұзартып, еңбекақысын көбейту мүмкіндігін қарастыруды тапсырған болатын. Жобаға қатысу үшін белгілі бір критерийлер көрсетілген, арнайы дайындайтын құжаттары тағы бар. Ең алдымен жұмыссыз ретінде тіркелу керек және қатысушының жасы 29-дан аспауы міндеттелген. Керекті құжаттарға диплом үлгісі, жеке куәлік, медициналық анықтама және тұрғылықты мекен-жай анықтамасы кіреді. Жақында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде журналистика мамандығын тәмамдаған Нұрай Ақжігіттің осы бағдарлама игілігін көргенін білдік.

Ол бағдарлама туралы жұмыс іздей бастағанда білген. Алғашқы еңбек жолын «Өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ бастаған. Нұрай практикаға барғанда нені ескеру керек екенін айтты.

– Тәжірибеден өту барысында оқу орнымда алған білім көмекке келді. Ізденіс, ынта да маңызды. Қазір ақпарат саласына қатысты жаңашылдықтарды меңгеріп келемін. Бұл ретте білмегенімді үйретіп, қолдау білдірген әріптестеріме алғысым шексіз, – дейді ол.

Болашақ жастардың қолында демекші, заман талабына сай болуға ұмтылу керек. Мүмкіндік берілген уақытта «зауқым жоқ, жұмыс жоқ» деп бос жүруге мүлде болмайды. Еңбек ету арқылы ғана жетістікке жететініңізді ұмытпау керек. Қазір жаныңыздан бір сәтке қалдырмайтын ұялы телефон арқылы да жұмыс істеп, табыс табуға болады. Биылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жұмыссыз жастарға үлкен қолдау көрсетілмек. Бұл – жағымды жаңалық. Тұрақты жұмыспен қамтудың түрлі бағдарламаларына қолдау шаралары көрсетіліп, техникалық салаларға басымдық берілуде. Елімізде жастарға арналған осындай бастамалар көбейсе, екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар саны азаяды деген ойдамыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!