Белсенді, білімді әрі қоғамға жауапты жастарды қалыптастыруға бағытталған жоба басталды. Бүгін қалалық жастар орталығының директоры Медет Жорабек БАҚ өкілдеріне «Көшбасшылар мектебі» жобасын таныстырды.

Жобаның мақсаты – Қызылорда қаласының белсенді жастарының көшбасшылық қабілетін дамыту, азаматтық ұстанымын қалыптастыру, тұлғалық өсуіне қолдау көрсету және қоғамға пайдалы жаңа буын көшбасшыларын даярлау. 

– Бұл жоба – жастардың бойындағы қабілетті анықтап қана қоймай, сол әлеуетті жүйелі түрде дамытуға арналған алаң. Бүгінде жаңа идея ұсынатын, қоғамдық бастамаларға белсенді араласатын, жауапкершілікті сезініп, командамен жұмыс істей алатын және болашаққа сенімді қадам жасайтын тұлғаларға сұраныс артып келеді. Сондықтан аталған жобаны уақыт талабынан туған маңызды бастама деп айуға болады, – дейді Медет Жорабек. 

Әуелі іріктеу кезеңі өтеді. І кезең сауалнама немесе тест түрінде өтіп, кемінде елу жас қамтылады. Айта кетейік, «Көшбасшылар мектебі» жобасына Қызылорда қаласындағы мектептердің 9-10 сынып оқушылары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері, жоғары оқу орындарының 1-3 курс студенттері қатыса алады. Бітіруші түлектер жобаға қатыса алмайды.

Жоба үш кезеңнен тұрады: тіркеу және іріктеу (10-17 сәуір), оқу және тренинг сабақтары (20 сәуір-20 маусым), қорытындылау және сертификат табыстау. Білім беру бағдарламасына сәйкес 3 ай ішінде қатысушылар түрлі тренингке, шеберлік сабақтарына, тәжірибелі спикерлермен кездесуге қатысып, өздерінің жеке және қоғамдық қабілеттерін дамытады Жобаны сәтті аяқтаған қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады.

Жастардың бойындағы әлеуетті оятуға, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған «Көшбасшылар мектебі» жобасына Қызылорда қаласының белсенді жастарын қатысуға шақырады.

Мерейім Әлібатыр 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!