Қоғам белсендісі, тележүргізуші Аружан Саин 90-жылдары бірге жұмыс істеген Ермек Тұрсыновқа бір кездері жала жабылып, қамауға алынғанын жеткізді. Сөзінше, Тұрсыновты толықтай қамау үшін құзырлы орган қызметкерлері тележүргізушіге пара алды деп айтқызуға тырысқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Журналист бұл туралы өзінің Instagram парақшасында жариялады.
Сөзінше, 90- жылдары “Еркем-ай”, “Разминка”, “Быстро и вкусно” бағдарламаларын ол кезде тек қала деңгейінде болған 31-арнадан көрсетіп жүрген. Дәл сол сәттерде Ермек Тұрсынов “Қазақстан” ұлттық арнасының бас атқарушы директоры қызметіне келіп, еліміздегі шығып жатқан түрлі бағдарламаларды көріп, қызығушылық танытқан екен.
“Ермек жақсы ұсыныс тастап, өздеріне шақырды. Тек қалалық арнада ғана шығып жүрген біз бағдарламамыздың республика деңгейінде таралатынына қуанып, келісімімізді бердік. Сөйтіп басшылардың шешімімен 31-арнада да, ұлттық арнадан да бағдарлама тарататын болып шештік. Аздаған уақытта көрермендер көңілінен шығып, жақсы рейтинг көрсеттік”,- деді тележүргізуші.
Аружан Саин бір күні Ермек Тұрсыновты тұтқындап әкеткенін жеткізді. Сол кездері Ұлттық қауіпсіздік қызметіндегілер оған жала жабу үшін түрлі тәсілдерді қолданған екен. Тіпті Аружан Саинға бағдарламамызды ұлттық арнаға өткізу үшін пара бердік деп айтқызуға тырысқан.
“Жауап алу 7 сағатқа созылды. Түрлі қызметкерлер не үшін біздің бағдарлама эфирге шыққанын, қалай әріптестік орнатқанымыз туралы сауалды жолдаумен болды. Мен әрқайсысына қалай болғанын айтып бердім. Алайда оларға менің жауабым ұнамай, телеарнамен келісімшартқа отыру үшін қанша пара бергенімізді сұрады. Мен ешқандай параның болмағанын мұның бәрі бартерлік қызмет екенін түсіндіруге тырыстым. Соңында болмаған соң, олар менің жауаптарыммен келіспей, пара бердім деп жаз сонда сенде ешқандай мәселе болмайды деп айтты”,- деп қосты ол.
Осы тұстарда берілмеген жүргізуші сол тұстарда қазақ тілінде жүргізілген бағдарламасына эфирден жақсы уақыт берген, шығармашылығын түсініп, қолдау көрсеткен адамға жала жаба алмағанын айтады.
“Мен олардан мұның бәрі не үшін екенін сұрадым. Неліктен адал еңбек етіп, нағыз шығармашылықты көрген жан түрмеде отыр деп күйіндім. Ал олар маған бәрі Ермекті пара алды деп жазып бергенін тек менің арызымнан ештеңе өзгермейтінін айтып, мұның соңы өзіме кесірін тигізетінін айтып бопсалады. Алайда мен кетіп қалдым”,- дейді қоғам белсендісі.
Жала жабудан бас тартқан журналист кейін Ермек Тұрсыновты дәлізден көрген кезде ол күдік тудыратындықтан тіпті амандаса алмайтынын айтыпты.
Аружан Саинның айтуынша арада бір жарым, екі жылдан соң Ермек Тұрсынов хабарласып кездесуін өтінген.
“Кабинетіне қаншама сауалдармен кірдім. Ермек соңына дейін төзіп әділдікке жеткен екен. Сол кезде жала жабудан бас тартқандар саусақпен санарлық болса керек. Ермек маған сол кездері жалған сөйлегендердің бүгінде бетіне де қарай алмай жүргенін айтты. Қызын университеттен шығарамыз деп айтқан соң қорыққандарын айтып, ақталғандары да болыпты. Оның бостандыққа шыққанын көріп көңілімді қуаныш кернеді”,- деді Аружан Саин.
Сөзінше, кейін Ермек Тұрсынов керемет фильмдер түсіріп, халық ықыласына бөленген екен. Журналист әділдік жолы түптің түбі жеңіске жететінін тілге тиек етті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!