WhatsApp-та «Тархун» сусынын ішіп, уланған баланың көз жұмғаны және басқа балалардың газдалған сусындардан қатты уланып қалғаны туралы ақпарат таралды. Бұл мәліметке денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Хабарламада «Тархун» және «Ситро» газдалған сусындары ғана емес, сонымен қатар «M&M’S», «Milky way» шоколадтары, «Дюшес» және «Барбарис» кәмпиттері және басқа да бірқатар тағамдар қауіпті деп танылғаны айтылған.
ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті тізімдегі бірде-бір өнім қауіпті деп танылмағанын, сондай-ақ Қазақстанда газдалған сусыннан қатты улану жағдайлары тіркелмегенін хабарлады.
«ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті әлеуметтік желілерде таралған азық-түлік өнімдері туралы ақпарат фейк деп танылып, шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлайды. Сондықтан жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймыз, ресми ақпарат көздерінен алынған ақпаратты пайдалануға шақырамыз», – деп хабарлады ведомстводан.
Газдалған сусын ішіп, уланған балалар туралы хабарлама ресейлік қолданушылар арасында 2019 жылы таралған.
Кейін Қазақстанға және басқа да елдерге жетті. Әр жолы хабарлама теріске шығарылып, «Тархун» сусынынан қатты улану жағдайлары тіркелмегені хабарланды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!