Қызылорда қаласында жаңа туған сәбилерді суретке түсіретін фотографтың бар екенін естіген сәтте тілдесуге асықтық. Себебі өзге қалаларда шақалақтармен фотосессия жасау қалыпты болса, да бұл дәстүр бізге жете қоймағаны рас. 24 жастағы Айымның жаңа кәсіпті қолға алғанына бірнеше жыл болса да кәсіби маманның туындылары жоғары сұранысқа ие. 

− Айым, әңгімемізді ең алғаш осы салаға қалай келгеніңізден бастайықшы… Фотограф болу үшін қалай іздендіңіз?

 − Фотограф болуыма, жалпы осы салаға деген қызығушылығымның оянуына Таразда дүниеге келіп, кәсібін Жапонияда бастаған қазақ қызы әсер етті. Ол менің кумиріме айналып, ерекше шабыт сыйлады. Жапонияда жаңа дүниеге келген сәбиді жүз күнге дейін үйге шығармайды. Бірақ ол қыз бұл қағиданың бұзылуына әсер етті, яғни оның студиясының тартымдылығы мен ыңғайлы болған соң жапондар сәбилерін оған сеніп тапсыра бастаған. 12 жыл бұрын, тілін білмейтін шет ортада қазақ қызы кәсібін жүргізе алса, онда менің де қолымнан келеді деп ойладым. Негізгі мамандығым инженер программист болған соң, студенттерге сабақ берген тәжірибем де болды. Кейін жеке оқу орталағында қызмет еткен тұста ментор бәрімізге жеке кәсіп ашу туралы тапсырма берді. Сол тұста қаламызда жаңа дүниеге келген сәбилерді фотосуретке түсіретін орталық жоқ екені әрі бұл кәсіптің ерекше бағыт болатынын ойладым. Бірақ менде сұраныс пен тұтынушы аз болатын шығар деген қорқыныш болды. Себебі Қызылорда өңірі қазақы салтты қатаң ұстанады, қырқынан шыққанша сәбиге ерекше күтіммен қарайды. Алайда тәуекел етіп, 2019 жылы камераны жалға ала отырып суретке түсіруді бастадым. Одан түскен қаржыға сурет түсіруге қажет маталарды жаймендеп сатып алуды әдетке айналдырдым. Ең алғаш жолдастарымыздың баласын суретке түсіріп, осы кәсіптің өзіме ұнайтынына сенімді болдым.

  • «Кішкентай адамдармен» жұмыс істеу қиын емес пе?

     − Иә кішкентай балалармен жұмыс істеу оңай емес. Сондықтан кәсіпті бастамас бұрын онлайн-оффлайн түрде сабақ алып, оқи бастадым. Ең алғаш 20 жылдық тәжірибесі бар, Канадада кәсібін бастаған Наталья есімді фотографтың курсынан өттім. Ол кісінің түсіру орташа бағасы 150 доллордан басталады. Білімсіз баламен жұмыс істей алмайсың. Ол үшін 24 сағат бойы қызмет етуіңе тура келеді. Менің ойымша, қандай кәсіпті алсаң да бар уақытыңды жұмсауыңа тура келеді. Алғашқы уақытта бір түсірілімге төрт сағат уақыт арнайтынмын. Негізінде жаңа туған сәбиді 14 күнге дейін суретке түсіріп үлгеру керек. Себебі одан кейін баланың іші желденіп, мазасы кетуі мүмкін. Қазір нәрестелерді түрлі образдармен түсіреді, бірақ оның бастапқы мақсаты сәбидің ана жатырындағы позаларын қайталау болу керек. Ал қазір мен тәжірибе жинақтаған соң, қолым да жаттықты. Бұрынғыдай емес түсірілімді 2-2,5 сағатта бітіремін. Бірақ сәбидің туылғанына біраз уақыт болса, түсірілім ұзаққа созылады. Өйткені оның ұйықтағанын күтеміз, қарны ашса тамақтандырамыз. Көбіне ата-аналар бізді үй жағдайында суретке түсіруге шақыртады. Алайда мен үшін студияда жұмыс істеген ыңғайлы. Себебі үйге бару үшін маған заттарымның бәрін жинап, алып баруға, көмекшімді ертіп жүруіме тура келеді. Қазір клиент саны көп, сондықтан кешке дейін түсірілім жұмыстарын жасаймын да,  түнде суреттерді өңдей бастаймын. Өзіңізге белгілі, жаңа туған сәбилер қызылшақа немесе терісінің түсі қоңыр, сары болып келеді. Бірақ шет елдік сәбилердің суретін көрген біздегі ата-аналар балаларының «идеальный» болғанын қалайды. Сондықтан суретті өңдегенде сәбидің сыртқы бейнесін ағартып беруді жиі сұрайды.

− Түсірілім барысында ата-аналар нәрестенің жанында болады ма?

 − Негізінде ата-анасының студияда болмағаны дұрыс. Біріншіден, түсірілім барысында сәбидің жауапкершілігін толықтай аламыз. Сондықтан ол уақытта ата-ана демалу керек. Бірақ бізде олай емес, бәрі баласына алаңдап жанымызда жүреді. Екіншіден, сәби енді туылған сәтте анасының исін сезеді. Бала кішкене мазасыз болса немесе сүтке тоймаса анасын іздеп, жылауы мүмкін.   

− Жұмыс барысында есіңізде қалған қызықты сәттермен бөліссеңіз…

− Бірде анасы үш ұлдан кейін дүниеге келген қызын суретке түсірткісі келіп, бізді үйіне шақырды. Бірақ түсірілмге жолдасы рұқсат бермеген екен. Біз одан бейхабар болатынбыз. Үйге келген соң, түсірілмді бастап кеттік. Жалпы бес локацияда суретке түсіруге дайындалып келгенбіз. Екі түсірілімді бітірген уақытта клиенттің жолдасы келіп қалды да, жұмысты тоқтатуға тура келді. Біз кетіп қалған соң суреттерді жолдасына көрсеткен екен. Ол кісі келісім бермесе де, суреттерді ұнатыпты.

− Сәбилерді, аяғы ауыр келіншектерді түсірумен қатар отбасылық фотосессия, жеке адамдардың альбомын да дайындайды екенсіз…

− Иә, көбіне кішкентай баласын суретке түсірткен клиенттер кейін қайтып келіп отбасылық фотосессия жасайды. Біздің қалада фотографтардың басым көпшілігі ер адамдар. Сондықтан әйел адамдарға жолдастары жеке суретке түсуге рұқсат бере қоймайды. Ал біз қызмет көрсете бастаған соң, фотосессияға келуші қыз-келіншектердің қатары арта бастады. Одан бөлек инстаграм желісін жүргізуді бастағандар, SMM мамандары да жиі келеді.

− Құрал-жабдықтарды қайдан алдыңыз?

− Бұл кәсіп өзін-өзі толық ақтады деп айта аламын. Алғашқы сәттен капиталсыз басталды. Жоғарыда камераны жалға алып бастағанымды айттым. Одан кейін қолданылған камераны 50-60 мың теңгеге сатып алдым. Түсірілімнен түскен табысты ешқайда жұмсамай, студияға қажетті заттарды алып отырдым. Кейін жолдасым сапалы камераны сыйға тарту етті.

− Қазіргі кезде бір түсірілмнің бағасын айта аласыз ба?

− Жеке тұлғаларға 10 мың теңге. Жаңа туған сәбилерге арналған фотосессия 25-35 мың теңге аралығында. Ал отбасылық фотосессия 40 мың теңгеге бағаланады. Бірақ бұл баға өте төмен мөлшерде деп айта аламын. Өйткені студиядадағы техника арзан тұрмайды және оны үш-төрт жылда жаңартып тұру керек. Ата-аналар балалары үшін бәрі жақсы болғанын қалайды, сондықтан фонды, ондағы реквизиттердің ерекше, жаңа болғанын қалайды. Басқа қалаларда түсірілім орташа бағамен 50 мың теңгеден басталып, 150-200 мыңға дейін барады. Менде айына 40-50 түсірілім жұмыстары болады және  қазір командамен жұмыс істеймін. Техникадан бөлек олардың еңбекақысы да түсірілмнен түскен табыстан алынады. Алайда мен қаладағы орташа нарық бағасын ескеріп, осындай жеңілдік болғанын қаладым. 

− Бәріне бірдей үлгеруге тырысатыныңыз байқалады. Отбасы мен кәсіпті қатар алып жүруге қалай уақыт табасыз?

− Ата-енеммен, қайынсіңілдеріммен бірге тұрамыз. Бастапқыда жұмыс уақыты бойынша үйренісе алмағаным рас. Бірақ жұмысқа әбден беріліп, отбасыны ұмытуға болмайды. Бұл ретте маған жолдасым өте көп қолдау көрсетіп келеді. Ол кісі бейнежазба, ал мен фото түсіремін. Бірақ екеуміз де бір саланы таңдаймыз деп ойламаппыз. Бір түсінгенім, табысты адамдардың ешқайсысы да бәріне бірдей үлгермейді. Тек өмірдегі басты құндылықтарды белгілеп алып, жан-жақты болуға тура келеді.

−  Алдағы жоспарыңызбен де бөліссеңіз…

      − Қазір жолдасым қызмет бабымен Астана қаласында. Сондықтан алдағы уақытта менің де сол жаққа қоныс аударыма тура келуі мүмкін. Бірақ ол кезде бәрін жаңадан бастауға тура келеді. Бірақ бәрі де уақыт еншісінде.

  • Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!