Әлеуметтік желіде Мұрат Әбенов «Қазақстан халқына» қорын сынға алып, 11 айда жиналған қаржының тең 15 миллиарды игерілгенін мәлімдеген еді. Сонымен қатар президент тапсырмасымен құрылған қордың құрылтайшысы ретінде 2 жеке тұлғаның көрсетілгенін атап өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мұрат Әбеновтің сөзінше, 11 айдың ішінде «Қазақстан халқына» қорында 135 миллиард теңге жиналған.

«Бұл халықтың қоры екі жекі тұлғаның атына тіркелген және мемлекеттік болып табылмайды. Сондықтан дұрыс Мемлекеттік қор құрып, «жекеменшік» қордағы қаржыны сонда аударған жөн. Сонымен қатар қордың бүгінгі күнге дейінгі әрекетін тексеру қажет», – деді ол.

Тілшіміздің сауалына жауап берген қор өкілі «Қазақстан халқына» қорының жеке тұлғалардың атына тіркелмегенін атап өтті.

«Қордың құрылтай шартында – 2 жеке тұлға және 2 қоғамдық бірлестік құрылтайшылар аталады. Қорда құрылтайшылардың жалпы жиналысы сияқты басқару органы жоқ. Осылайша, Қор құрылтайшылары Қор қабылдаған шешімдерге әсер ете алмайды. Қордың жоғары атқарушы органы – Қамқоршылық кеңес, оған мемлекет және қоғам қайраткерлері мүше. Қамқоршылық кеңес Қордың стратегиялық бағыттарын, есеп саясатын, қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын бекітеді және құзіретінде көрсетілген т.б. стратегиялық міндеттерді атқарады», – делінген жауапта.

Ресми өкілдің сөзінше, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша қорға 131,7 миллиард теңге түскен. Оның 18,4 миллиард теңгесі қайырымдылыққа жұмсалған. Бұдан бөлек қамқоршылық кеңес 46 миллиард теңге болатын бағдарламалар мен жобаларды мақұлдапты.

«Көрсетілген қайырымдылық көмек көлемінің осындай сомада болуы бірнеше себепке байланысты. Біріншіден, көмек көрсету мәселесін қарау немесе қайырымдылық бағдарламасын/жобасын әзірлеу егжей-тегжейлі пысықтауды, мәселені және шешу жолдарын зерделеуді, құжаттарды верификациялауды, келіссөздер жүргізуді, құжаттарды әзірлеуді және дайындауды талап ететін көп сатылы үрдіс болып табылады. Қор қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын кезең-кезеңімен, дәйекті және кешенді жұмыс болатындай етіп жоспарлайды, қалыптастырады және іске асырады», – делінген хабарламада.

Бүгінде қор бағдарламаларды қаржыландыру жұмыстарын кезең-кезең бойынша жүргізеді екен.

«Алдағы уақытта Қор өз қызметін кеңейтуді, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салалары бойынша мұқтаж жандарға қолдау көрсетуді ұлғайтуды жоспарлап отыр», – деп қосты қордың ресми өкілі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!