Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы бағыттар бойынша міндеттер айқындалған Үкімет отырысы өтті. Оған облыс әкімдері селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейін арнайы жиын өтіп, сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
Мемлекет басшысы ел экономикасын дамытудың 7 маңызды негізгі бағытын белгіледі. Атап айтсақ, елімізге қомақты инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беру, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, көлік логистикасын, экономиканы, адам капиталын, елімізді цифрлық дамытуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты жаңа міндеттер.
Жиында Жолдауда белгіленген бағыттарды негізге алып, өңір экономикасын тұрақты дамыту шараларын жалғастыру туралы айтылды.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы межеленген 631 млрд. 400 млн. теңге инвестиция тартуды мүдделі облыстық басқармалармен, аудан, қала әкімдерімен бірлесіп атқаруы тиіс.
Тау-кен саласындағы төмен динамиканы ескеріп, өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемін арттыру шараларын ұйымдастыру өте маңызды. Ол үшін осы жылға жоспарланған өңдеу саласындағы 21 жобаны уақытылы іске қосу, кәсіпорындардың өндіріс көлемін барынша арттыру қажет.
Жолдауда ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге қатысты нақты тапсырмалар берілді. Бұл ретте, су тапшылығы жағдайындағы егін алқаптарын әртараптандыруды жалғастыру керек.
Бұдан бөлек, игерілмей бос жатқан, заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу мәселесін де мұқият қарау міндеттелді. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына Қызылорда қаласы, аудан әкімдерімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша межені толық орындау туралы тапсырма берілді.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Сексеуіл-Бейнеу» автомобиль жолының құрылысын жеделдету бойынша тиісті құжаттар ұсынып, салалық министрлікпен пысықтауы тиіс.
Сонымен қатар, электр, газ, жылу және сумен жабдықтауды сапалы әрі үздіксіз жүргізу, тұрақты жетілдіру, жасанды интеллект технологиясын барынша меңгеру, тың тәсілдерді енгізу мәселелері қаралды.
Алдағы уақытта Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыруға арналған кеңейтілген жиын өткізіледі.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!